Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген кезекті әкімдік мәжілісі кадрлық тағайындаудан басталды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасының осы жылдың 11 қаңтардағы бұйрығымен Сандыбек Сапашұлы Қасенов Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалды. Облыс әкімі жаңа басшыны қызметімен құттықтап, жұмысына табыс тіледі.
Бұған қоса, өңір басшысы облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Махмұтұлы Отаровтың зейнет жасына толуына байланысты бірлескен жұмысы үшін алғысын білдіріп, «сіз небір күрделі мәселелерді шешуде өзіңізді әрдайым жақсы жағынан көрсеттіңіз. Сіздің жоғары біліктілігіңіз, жауапкершілікпен жұмыс істеуіңіз аймағымыздың ауыл шаруашылығы, басқа салаларда айтарлықтай жетістіктерге жетуіне зор септігін тигізді», – деп атап өтті және иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Аппарат мәжілісіне қатысқан Президент Әкімшілігінің бас инспекторы Қалдыбек Байымбетов те Қ.М.Отаровты өмірінің осы бір үлкен белесімен құттықтап, Алғыс хат тапсырды. Сонымен бірге, кеңесте облыс әкімі бұған дейін Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы болып қызмет атқарған Шаймұрат Шәукетұлы Отарбаевқа да жемісті жұмысы үшін алғысын білдірді.
Одан әрі мәжіліс барысында Ақмола облысының 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары қаралып, осы мәселе бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлғаждаров баяндама жасады. – Өткен жылдың қорытындысы бойынша экономиканың барлық салаларында көрсеткіштер толымды болды. Жалпы алғанда, 2010-2016 жылдар аралығында 180,6 миллиард теңгенің 78 жобасы іске асырылып, 7,1 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Өткен 12 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 347,0 миллиард теңгеге жетті, соның ішінде бұл көрсеткіш егіншілік саласында 240,7 миллиард теңге, мал шаруашылығында 105,1 миллиард теңге болды. Бұған әр гектардан 13,2 центнер өнім алынуы және жалпы астық түсімі 5,7 миллион тоннаға жетуі игі ықпалын тигізді. 2016 жылы «Нұрлы жол», «2020 жылға дейін аймақтарды дамыту» бағдарламалары бойынша сумен жабдықтау жүйесін дамытуға арналған 19 жобаға 3,7 миллиард теңге бөлінді. Қаңтар-желтоқсан аралығында 364,8 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға беріліп, өсім 1915 жылдың деңгейімен салыстырғанда 129,3 пайызды құрады, – деді баяндамашы.
Облыс әкімі баяндаманы тыңдай келе, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы басқармаларына аудан әкімдерімен бірге өнеркәсіп өнімдерін өндірудің перспективаларын айқындауды, индустриалдық секторда өнім көлемін ұлғайтудың мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
–Халықты жұмыспен қамтуды және облыс бюджетіне қосымша түсімдер түсуін қамтамасыз ету мақсатында Индустрияландыру картасына жобаларды енгізу және жүзеге асыру, кәсіпкерлік қолдау айрықша назарда ұсталуы тиіс, – деп атап көрсетті С.Кулагин.
Бұған қоса, аймақ басшысы аудандар мен қалалардың әкімдерінің, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармалары басшыларының назарын негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға мониторингін жүргізуге, сауда орындары мен тауар өндірушілер, оны жеткізушілер арасында меморандумдарға қол қоюға аударды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтенов баяндама жасап, 2016 жылдың қорытындылары бойынша облыс бюджетіне 112,6 миллиард теңге қаржы құйылғанын, сөйтіп, жоспар 111 пайызға орындалғанын, мұның өзі өткен жылдағыдан 25,1 миллиард теңгеге немесе 28,7 пайызға артық екендігін атап өтті. Жергілікті бюджет 102,9 пайызға, соның ішінде аудандар мен қалалардың бюджеті 103,4 пайызға, облыстық бюджет 102,1 пайызға орындалған.
Әкімдік мәжілісінде аймақ басшысы барлық салалық бюджет бағдарламаларының әкімшілеріне, өңірлердің әкімдеріне қаржы ресурс-
тарын тиімді пайдалануды, жобаларды іске асыру барысында барлық алға қойылған межелерге жетуді, барынша экономикалық және әлеуметтік тиімділікке қол жеткізуді тапсырды.
– Құрылыс жұмыстарының және күрделі жөндеулердің басталуына қатысты барлық шараларды белгіленген мерзімде аяқтау қажет. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту, мемлекет пен жеке бизнестің арасында өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ету тұрғысындағы жұмыстар күшейтілуі тиіс, – деп атап өтті бұл орайда облыс әкімі.
Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ерлан Хасеновтың мүлікті жария ету акциясының қорытындылары туралы хабарламасы есепке алынды.
– Комиссияға 5382 нысанды жария ету үшін 2925 өтініш түсті. Оның 1970-і тұрғын үй нысандары, ал, 3412-сі тұрғын үйлерге жатпайтын нысандар. Барлық сома 22,5 миллиард теңгені құрайды. Оның 924-і 6,5 миллиард теңгенің коммерциялық нысандары. 4,9 миллиард теңгенің 475 өтініші қайтарылды, 2450 өтініш бойынша 17,7 миллиард теңгенің 4533 өтініші жария етілді, – деп хабарлады құрылым басшысы.
Мәжілістің соңында Сергей Кулагин кеңеске қатысушыларды 2017 жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі өрістету және халықтың тұрмысын жақсарту үшін қолда бар мүмкіндіктер мен резервтерді барынша тиімді пайдалануға шақырды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.