Шағын ауылдың ержүрек жауынгерлері

Ақкөл қаласының солтүстік-батысында 30 шақырымдай жерде аралас орманның ортасында, өзеннің арғы бетіндe кішкене қазақ ауылы – Амангелді орналасқан. Ауылдың қысқаша тарихы мынадай. Бүкілодақтық Атқару Комитетінің төрағасы М.И.Калинин кезінде қазақ халқын көшпенділіктен тұрақтылыққа айналдыру үшін қазақ жерінде қазақ ауылдарын (казгородок) құру туралы қаулы шығарған.

Қаулыны орындау мақсатында сол өңірдің әр жерінде керейліктердің малшора, дуадақ, төбет, төле, тағы басқа рулары біртіндеп көшіп келіп, ауыл құрылады. Мысалы, менің әкемнің ағалары белгілі жазушы-шежіреші Жайық Бектұровтың Қопа кыстауынан келіп, осы ауылға қоныстанды. Ауылды алғашқыда Көшкін ауылы десе, кейін Амангелді аталыпты.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының аяғына дейін 60 шақты үй түтін түтетін отырған. Әрқайсысы мал ұстап, ұжымшарда еңбек еткен. Менің әкем Дәуеш осы ұжымшардың алғашқы тракторшыларының бірі. Ол кезде жастар әскери міндеттерін атқарып келіп, сосын еңбекке араласып жатқан. Солардың бірі – Бақтай Жүсіпов Финляндиямен болған соғысқа қатысып, одан екінші дүниежүзілік соғыстың жауынгері болып, оң қолы мен оң аяғынан жараланып, тек 1946 жылы ғана елге оралады. Бұл кісі ұжымшар сатып алған жүк машинасының алғашкы жүргізушісі.

Менің немере ағам Бектемір Тоқсанбаев 1939 жылдың аяғында әскер қатарына алынып, Брест қаласында Отан алдындағы міндетін атқарып жатқанда, алғашқы жауды қарсы алғандардың қатарында болып, зұлым жаумен аянбай соғысып, одан аман шығып, Орел-Курск доғасындағы шайқаста ерлікпен қаза табады. Балам Динараның арқасында жерленген жерін тауып, 2015 жылы соғыстың 70  жылдығында зайыбым Хамила Құлбекқызы екеуміз Орел облысының Лублин ауданының Норовка селосына барып, туған жерінен топырақ апарып, тағзым етіп қайттық. Жергілікті халық Отан қорғағандарды қатты құрметтеп, обелиск, тағы басқа ескерткіштерді таза, гүлдендіріп ұстайды екен. Жергілікті халықтың айтуы бойынша «Огуречик» деген төбеде қырғын соғыс болып, екі жақтан бес мыңдай адам опат болып, санитарлық жерлеу болыпты.

Халиолла Әбілханов 738-атқыштар полкінің 12 ротасында саяси жетекші болады. 1942 жылы майданда жараланып, аман-есен елге келген соң ұжымшарда орташа басқару қызметтерінде болды.

Әлжан Әубәкіров, ол да үш жылдай атқыштар полкінде соғыста болып, жараланып, 1944 жылы елге оралыпты. Қасенқожа Хожин Украина майданында, Қапен Шілікбаев 1-ші Белорус майданында, Әлімжан Сейітхожин 2-ші Украин майданында, Смағұл Жұмабеков 1942-1945 жылдар аралығында 13-ші трофейлік батальонда әскери қызмет атқарған. Ал, Зәкәрия Богманов жапондардан шекараны қорғау қызметін атқарса, Гәкку Жұмабеков Кванту армиясын талқандауда ерлік көрсеткен.

Балташ Жексенбаев 1942 жылы әскер қатарына алынып, қысқа курстардан кейін №93 атқыштар бригадасының құрамына кipiп, Саль даласы арқылы Ростов қаласының маңындағы жаудың алдыңғы легімен шайқасқа катысады. Осылай жаумен шайқаса жүрiп, 1943 жылғы шілде айында Макеев қаласының маңында мина жарылып, қатты жараланады. Содан жарты жыл госпитальда емделіп, екінші топтағы мүгедек болып, денесінде қалған тоғыз жарықшақпен елге оралады. Ағамыз елге келгеннен кейін мұғалімдік, тағы басқа қызметтер атқарып, 78 жасында 1998 жылы дүниеден озды.

Шәкір Абаханов 1942 жылдың желтоқсан айында №387 атқыштар полкының құрамына алынады. Содан Шәкең 322-ші миномет полкының құрамына ауысады. Немістерге қырғындай тиіп, зәрелерін ұшырған атақты «Катюша» реактивті артиллериясында қызмет атқарады Шәкір ағамыз абыроймен жауынгерлік міндетін орындай отырып, Берлинге дейін жеткен. Соғыстан оралған соң  ауылда ұзақ жылдар механизатор болып еңбек етті.

Міне, осылай кішкентай ауылдан Отан қорғауға аттанған 104 жаўынгердің әрқайсысы туралы мәлімет беруге болады. Байқап отырсаңыздар, біздің ауылдың жауынгерлері Финляндия, Жапония, Қытай шекарасындағы, Ресейдің соғыс жүрген барлық аймақтарындағы шайқастарға қатысқан. Ол жазса, кішігірім, бәлкім қалың кітап болар еді. Амангелділіктер сол есіл ерлерін ұмытқан жоқ. Coғыстың Жеңіспен аяқталғанына 70 жыл толғанында, оларды еске алу тұрғысында үлкен шара өткізілді. Одан кейін ауыл тұрғындарының қаржысына жерлес әскери қызметкер, полковник Садық Ибраевтың жетекшілігімен мектептің жанында көрікті обелиск орнатылды.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
ардагер ұстаз, Ақкөл ауданының құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар