Өңірлік коммуникациялар қызметінде Зеренді ауданының әкімі Әсет Құрманғожин брифинг өткізіп, ауданның 2025 жылдың алғашқы бес айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен және алдағы атқарылатын істермен бөлісті.
Аудан экономикасы негізінен, өңдеуші және тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен ерекшеленеді. 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында жалпы өндіріс көлемі 285,5 миллиард теңгені құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 143,2 пайызға өскені байқалады. Сол сияқты, өңдеуші өнеркәсіп саласында да айтарлықтай оң серпін бар. Мәселен, «Алтынтау» Көкшетау» акционерлік қоғамы 9,7 тонна алтын өндіріп, 255,8 миллиард теңгенің өнімін шығарды. «Айдабол спирт зауыты» 336,4 мың дал этил спиртін өндіріп, 1,6 миллиард теңге табыс тапты. Ал, «Milk Project» сүт өңдеу зауыты 11,5 миллион литр сүт өңдеп, 5,6 миллиард теңгеге өнім өткізген.
– Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 13,3 миллиард теңгені құрап, 126,1 пайызға артты. Мал шаруашылығында 7 мың тоннадан астам ет өндірілді. Дегенмен, кейбір мал түрлері бойынша бас санының төмендеуі тіркелген, – деді аудан әкімі.
Негізгі капиталға тартылған инвестициялар 14,8 миллиард теңгені құрап, 2,3 есеге артты. Құны 12,5 миллиард теңге болатын «Qazaq Qaolin» жобасы аясында Германиядан жабдықтар әкелініп, құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық жүргізілуде.
– «Qazaq Qaolin» серіктестігі Алексеев кен орнында каолин тау-кен байыту комбинатын «Кәсіпкерлікті қолдау жол картасы» бойынша салуда. Қазіргі уақытта жобаның құны 12,5 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін оның өндірістік қуаты кемінде 100 мың тонна каолинді құрайды, ал, онда 140-тан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған, – деді аудан әкімі.
Аудан аумағында 8 жол, 17 ауыз су жобасы іске асырылуда. Атап айтқанда, Зеренді ауылындағы бірқатар көшелерге орташа жөндеу жүргізіліп, бірнеше елді мекенде су тарту желілері салынуда. Бұл мақсатқа 12,2 миллиард теңге бағытталған.
Бес айда аудан бюджетіне 61,6 миллиард теңге кіріс түсіп, жоспар 109,6 пайызға орындалыпты. Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар уақытылы төленіп, 453 жұмыс орны ашылды. Халықтың кедейлік деңгейі 0,5 пайызды құрады.
Ауданда 56 мектеп, 47 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Балалар арасындағы балабақшамен қамтылу деңгейі жоғары, мәселен 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер 100 пайыз, 2-6 жас аралығындағы балапандар 98,7 пайыз тәрбие ошақтарымен қамтылған.
Медициналық мекемелердің жабдықталу деңгейі 81,3 пайызды құрайды. Медицина саласында 29 дәрігер мен 158 орта буын қызметкері еңбек етеді. Сонымен бірге, ауданда 60 мәдениет нысаны мен 74 спорттық құрылым бар. 14500-ден астам адам дене шынықтырумен айналысады. Бұл – жалпы ауданда тұратын халықтың 42,8 пайызы. Зеренді ауылында жаңа спорт мектебінің құрылысы аяқталып отыр.
Өңірдегі қылмыс деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға төмендеді. Атап айтқанда, ұсақ қылмыстар мен пәтер ұрлығы азайған.
Ендігі арада жаңадан сайланған аудан басшысы осы жұмыстарды әрі өрістетеді деген сенім мол.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

