Қаржы пирамидалары жойылып жатқанымен, алаяқтар оны әлі құруда

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ақмола облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Сәкен Мұшағалиев брифинг өткізіп, қаржы пирамидаларына қарсы жүргізіліп жатқан шаралардың барысы туралы кеңінен айтып берді. Соңғы жылдары қарапайым халықтың қалтасын қағып, алаяқтықпен алдап соғатын қаржы пирамидалары айылын жияр емес.

Аты бар да, заты жоқ түрлі «компаниялар» оңай жолмен олжалы болғысы келетіндерді үптеп кетіп жатыр. Журналистермен өткізілген брифинг барысында департамент басшысының орынбасары соңғы екі жылда облыс аумағында осындай алаяқтық жолмен жұрттың ақшасын сыпырып алған алты бірдей құрылымның жолы кесілгенін жеткізді.

Біз де өз кезегімізде Сәкен Сыйлыбайұлының баяндамасына сәйкес, қаржы пирамидаларына қарсы күрес аясында атқарылған жұмыстарды рет-ретімен шолып көруді жөн санап отырмыз.

Облыс аумағында заңсыз жолмен жұмысын жүргізген қаржы пирамидаларына 2 304 адам қатысып, жалпы 415 миллион теңгеден астам қаражат салған. Содан соң өтіріктің құйрығы бір тұтам болып, бұл пирамидалардың ұйымдастырушылары сотталып, заңсыз жолмен алынған 10 миллион теңгеден астам мүлік мемлекет кірісіне тәркіленген. Сондай-ақ, пирамидаларды жарнамалаған үш азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты.

–Биылдың өзінде облыс аумағында тағы төрт бірдей қаржы пирамидасының заңсыз әрекеті тоқтатылды. Олардың құрамында екі мыңнан астам адам болған. Ал, жалпы салымдардың көлемі бір миллиард теңгені құрады. Атап айтқанда, «BuyersUnion»  пирамидасына жеті адам 8 миллион теңге қаражат салса,  «S-Group» пирамидасына 25 адам қатысып, 59,8 миллион теңге салым салған, – дейді спикер өз сөзінде.

Сонымен қатар, Көкшетауда 2025 жылдың наурызынан бастап «Lemon» деген атаумен қаржы пирамидасы жұмыс істей  бастаған. Қазіргі таңда бұл алаяқтық фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Аталған пирамидалық ұйым жүздеген адамды алдап соғып, олардың 34,5 миллион теңгеге жуық қаражатын қағып алған.

Сондай-ақ, департаменттің тергеп-тексеру жұмысының нәтижелері барысында Щучинск, Степногорск және Атбасар қалаларында ПК «AsarBaspana» қаржы пирамидасының бөлімшелері анықталған. Ол осы өңірлерде 2024 жылдың сәуірінен 2025 жылдың қаңтарына дейін жұмыс істеген. Бұл пирамидаға екі мыңға жуық адам 980 миллион теңгеден астам қаражат салған.

–Бұдан бөлек, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржы пирамидаларын жарнамалайтын аккаунттар мен чаттарды, сілтемелерді бұғаттау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде 1 953 адам мүшелік еткен 8 чат пен аккаунттың жұмысы тоқтатылды. «Кибербақылау» ақпараттық жүйесіне заңсыз контент жариялаған 421 сілтеме бұғаттауға енгізілді. Оның 396-сы толықтай жабылып, қалғандары тиісті органмен келісу сатысында тұр, – деді спикер сөзін қорытындылай келе.

Брифингтің сұрақ-жауап бөлімінде біз департамент басшысының орынбасарынан желілік маркитингке қатысты сұрақ қойдық. Артынан адам тарту арқылы жүзеге асырылып, косметика, дәрі-дәрмек, тұрмыстық қажеттілік өнімдерінің түр-түрін сатып, оны жарнамалаумен айналысатындардың кәсібі күмәнді екені рас. Осыған байланысты қойылған сұраққа департамент өкілі қазіргі уақытта тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, ол аяқталған соң толық ақпарат берілетінін жеткізді.

Елімізде қолға алынған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Ал, заң қоғамның іргетасы екені сөзсіз. Заң үстемдік еткен елде ғана теңдік пен әділдікке негізделген тұрақты жүйе қалыптасады.Біздің қоғамға да қазір осы керек болып отыр.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар