Мәлік Ғабдуллин көмектескен Азалия

Замана запыраны

2025 жыл біздің Мәлік Ғабдуллин музейі үшін ерекше жыл. Биыл Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 110 жыл, Екінші дүниежүзілік соғыстың Жеңіспен аяқталғанына 80 жыл және Мәлік Ғабдуллин музейінің құрылғанына 30 жыл. Яғни, музей ұжымы үшін мерейлі де мерекелі жыл! Осындай ер жүректі, кең жүректі тұлғаның есімін иеленген музейде қызмет атқарып жүріп, жаны жайсаң тұлғаның ізгілікті ісі мен мейірімге толы жүрегімен жасаған жақсылықтары жайында айтпай кету, жазбай қалу мүмкін емес.

Жақсылыққа жаны дос, айналасындағыларды ұлтына, нәсіліне, жеріне қарап бөлмейтін, адам бойындағы асыл қасиеттерді бір көргеннен жазбай танитын жаны ізгі адамдар болады.

Сондай адамдардың бірегейі, қазақтың абзал да, қайсар ұлы Мәлік Ғабдуллин еді. Кезінде Мәлік Ғабдуллиннің жақсылығын көрмеген, Мәлік Ғабдуллин көмек қолын созбаған адамдар кемде-кем болған деп айтуға болады.

Адами қасиеті мен азаматтық болмысы жайында аңызға бергісіз әңгімелердің қаншасын естідік. Сондай әңгіменің бірін, құрметті оқырман сіздерге ұсынуды жөн деп санаймын.

«Еңбекші қазақ» газетінің тілшісі Мұталлап Ахметов қалай «халық жауы» болып шықты? Сүттей ұйыған бақытты отбасының шаңырағына қасірет әкелген күнгі сұрқай оқиға алты жасар Азалияның есінде бүгінгі күнгідей сақталыпты. Көрініс те әлі көз алдында. Петропавл қаласы көшелеріндегі жұрттың оған көңілдері көтеріңкі көрінген. Қала Ұлы қазан төңкерісінің 20 жылдығын лайықты қарсы алуға дайындалып жатқан еді. Анасы Хамидия соның алдында ғана  жұбайы Мәскеуден алып келіп  берген түбіт орамалын тартып, айна алдына жиі барғыштап, өзіне-өзі риза. Мереке күні тартып шықпақ. Папасы Мұталлап Ахметовтың сол кезгі «Еңбекші қазақ» газетінің Солтүстік Қазақстандағы меншікті тілшісі екенін, оның Мәскеуге Қазақстан өнері мен мәдениетінің күндерін жазуға барғанын Азалия ол кезде қайдан білсін?! Папасының сол күнгі жайраңдаған жүзі де көз алдында. Бұған жылы киім, костюм бе, күртеше ме, есінде қалмапты, ал, бір жарым жасар інісі Рекордқа көп ойыншық әкелген. Бәрі де шат-шадыман, өз қызығымен болып жатқан-ды.

Сол күні папасы үйіне әдеттегісінен ерте оралған. Меншікті тілші қызметі уақытпен өлшене ме? Жиі-жиі аудан аралап, іссапарда жүреді. Ерте кетіп, кеш қайтады. Күн-түн деп жатпайды. Қойын дәптерін жайып салып, материал жазуға отырғанда, оның ойын бөлмес үшін қос ботасының бірін көтеріп, екіншісін жетелеп ауызғы бөлмеге қарай ақырын жылыстаған.  Кенет осы сәт сыртқы есік үсті-үстіне қағылды. Жедел барып ашты. Әй-шәй жоқ түсі суық үш кісі баса-көктей кіріп келді. Үстеріндегі қара-көк шинельдерінің түсі Азалияның әлі күнге дейін көз алдында. Ештеңені де қалдырмай тінтіп, қағаз, құжат жағына көп шұқшиды. Қолдарына жарытымды нәрсе ілінбей, енді  киім-кешекті аударыстырды. Олай да былай да лақтырды.  Тінту басталғаннан  оның мәнісін білгісі келген Мұталлапқа:

сурет: sputnik.kz

–Таратып жүрген арандатушы листовкаларың қайда? Елді азғырып, бүлдіріп, арасына іріткі салатын ұлтшыл бағдарламаларыңды өз қолыңмен тауып бер. Фашист құйыршығы! – деп дүрсе қоя берді. Олардың осынау оспадарсыз қылығы Хамидияны да қатты шамдандырғаны соншалықты, өзін-өзі ұстай алмай даусы жарықшақтанып:

–Сіздер кімсіздер? Неге бұлай басынасыздар? – деп сұрауға ғана мүмкіндігі жетті. Оған берілген жауап төбеден жай түсерлік, соншалық ауыр айыптауға толы еді.

–Біздің кім екенімізді әлі білмей тұрсың ба? Бүгінге дейін білмесең, мұнан былай жақсылап танисың. Бір көргеннен естен шықпайтын етеміз. Күйеуің жапондықтан айнымайды, демек, солардың біздегі жансызы, ал, өзің соның сыбайласысың! Халық жауының әйелісің, енді түсіндің бе?! Алдымен мынаның шаруасын бітірейік, – деп Мұталлапқа қарай сұқ саусағын кезеді. –Ал, одан соңғы кезек те ұзақ күттірмес.

Екі бөлмелі жұпыны тілші пәтерінде жараған не дүние болсын?! Әп сәтте-ақ әлгі үшеуі үш жақтап қопарыстырып, адам көргісіз етті. Әлгі тілімен жағына сүйенгені:

–Қандай тәжірибелі тыңшы ә?! Бірде-бір айғақ қалдырмаған! – деп қатты таңданды.

–Хамидия, мұның өзі бір түсінбестік шығар, кешікпей келіп қалармын. Уайымдама, балаларға қара. Редакцияға хабарлап, болған жағдайды қысқаша баяндарсың, мен үшін мазасызданбасын!

Әкесінің аузынан шыққан бұл аманаттың байыбына ол кезде Азалия жете қоймаған. Әкесінің аса сабырлы жүзі, ұстамды қалпы «кешікпей-ақ келіп қалады» деген сенім ұялатқан. Бірақ, бәрі де басқаша болды. Қара-көк шинельділер өз сөзінде тұрып «естен шықпайтындай етті». Оқиға одан әрі көзді ашып, жұмғандай тез-ақ өрбіп, дамыған. Алдымен, анасын алдарына салып айдап кетті. Азалияны «халық жауының қызы» ретінде сонау итжеккен Қолымаға, Магаданға жөнелтті. Бір жарым жасар Рекорд (оның туған күні Стахановтың әйгілі рекордымен тұспа-тұс келуіне орай есімі солай қойылған болатын) жанашырларынан бір күнде бір-ақ айырылып, ботадай боздап қала берген. Оны анасының сіңлісі бауырына басқанын Азалия арада 20 жыл өткен соң ғана қайта табысқанда естіп білді.

Бұл тек айтуға ғана оңай. Алты жасында көріп, өзі  куә болған, бүкіл жан дүниесіне өшпестей із қалдырған сол бір аянышты да, қайғылы көрініс 20 жыл бойы Азалияның көз алдынан кетпеді. Талай рет ұйқысынан да шошып оянып, көрер таңды көзімен атырады. Өзінің қазақ, Отаны Қазақстан екенін ғана айқын біледі, ал қалғаны еміс-еміс, үнемі сағым қуып жүргендей сезінеді. Балалар колониясында мұның қас-қабағына қарайтын кім бар? Үнемі жарты құрсақ, әйтеуір, тірі. 12 жасында тәуекелге барып, одан қашып шығып, қаншама уақыт ұрлана поездан поезға мініп, көмір салынған жәшікте ұйықтап жатқан жерінен Жамбылда милицияның қолына түскені есінде. Бар жағдайды білген олардың мұны Магаданға қайта жөнелтпегеніне осы күнге дейін таң қалады. Мейірімі түсті ме, әлде осы бір қаршадай қыз нені бүлдіре қояр деді ме, кім білсін?!

Өмір соқпағы оны Қырғызстанға алып келді. Фабрика-зауыт жұмыскерлерін оқыту мектебінде  оқып жүрген жерінен бір жазда сонау Артектен бір-ақ шықты. Онда пионер вожатый болып жас бүлдіршіндерді тәрбиеледі. Сондағы шәкіртінің бірі Егор Гайдардың кейінірек көрнекті ғалым-экономист, мемлекет қайраткері болып шығарын ол кезде қайдан білсін?! Гимнастикамен, акробатикамен үзбей шұғылданатын Азалия «Еңбек резервтері» спорт қоғамының атынан Мәскеуде өткен талай спартакиадаға қатысып, көзге түсті. Сондай бір жарыста бұған кеудесінде Алтын Жұлдызы жарқыраған қараторы келісті кісі келіп:

–Қазақпысың? – деп сұрады, – аты-жөнің келеді.

–Иә, қазақпын, Қазақстанда туғанмын, – деп жауап берді бұл.

–Қазақстанға, Алматыға барасың ба, онда институтта оқуыңа, спортпен еркін шұғылдануыңа толық жағдай жасар едік, – деді әлгі кісі бұған аса бір іштарта сөйлеп.

–Жарайды, барайын, – деп бірден келісімін берді Азалия.

Алтын Жұлдызды кісінің Кеңес Одағының Батыры, Қазақ педагогикалық институтының ректоры Мәлік Ғабдуллин екенін Азалия кейін білді. Батыр уәдесінде тұрды. Азалия Ахметова Қазақстанның байырғы оқу орнының студенті болып шыға келді. Алматыда Азалия Ахметова аптасына он рет жаттығу өткізіп жүрді. Таңертеңнен – спорттық гимнастика, одан кейін күні бойы ҚазПИ-де лекциялар. Ал, кешке тағы да көркем гимнастикадан жаттығулар. Ректор, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин Азалияның қатты жүдеп кеткенін көріп, қызметкерлеріне оған асханаға күшейтілген тамаққа талон беру жөнінде тапсырма берді. Себебі, Азалия Қазақ ССР-інің намысын көркем және спорттық гимнастикадан қос құрамада да қорғайтын еді. Әрі осы екі құрамада да өзге ұлт өкілдерінің ішінде жалғыз қазақ болатын.  Бұған Азалияның гимнастикадан КСРО спорт шебері атағын алған алғашқы қазақ қызы екенін де қосуымыз керек. Сөйтіп, Мәлік ағамыз басқарған Қазақ педагогикалық институтының мақтанышына айналған Азалия бұған дейін Қырғызстан мен Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы тулары астында солардың спорттық намысын қорғап келсе, енді өз елінің абыройы үшін бар өнерін салып бақты. Талай рет үлкен жарыстарда  жүлделі орындарды иеленді. Бұған ректоры да, өзгелер де мәз. Аты-жөні газеттен түспеуге айналды. Радиодан да, теледидардан да сан мәрте айтылып жатты.

Мұның өзі 20 жыл Қарағанды лагерінде  отырып шыққан анасымен, жігіт болған інісімен табысуына тікелей жол ашып еді. Сүйінші хабар ең алдымен, ректорға жеткен. Ол Азалияның өз аузынан барлық жағдайға қанығып, анасының бұған іздеу салған хабарын айтып, қуанышына ортақтасты. Екі айлық стипендия мөлшерінде көмек бергізіп:

–Ал, қызым, анаң Өскеменде сені інің екеуі асығып күтіп отыр. Оған баяғы әкең Мәскеуден алып келіп берген түбіт орамалдай бір орамал сыйла. Жолың болсын, – деп ұзақ жолға, бақыт жолына шығарып салды.

Анасымен көрісіп, сағыныш мауқын басты. Інісін де құшағына алды. Ұйқысыз ұзақ таңға сырласты. Ойындағы еміс-еміс, бұлдыр-бұлдыр сағым айқындала түсті. Әкесінің де, анасының да тарихына біршама қаныға алды. Бұл кез жаппай қуғын-сүргін мен жазалау құрбандары ақталып, олардың жазықсыз жапа шеккен әйелдері мен балалары да ел бетіне тура қарай бастаған, бұрынғы сіресіп қатқан тонның беті жіпсіген өлара шақ еді. Енді аяулы әкенің ардақты есімін ортаға қайта оралту үшін оны жағылған күйеден тазарту, яғни, үстінен қозғалған істің жай-жапсарына тереңірек қанығып, көз жеткізу секілді күрделі перзенттік парызды өтеу қажеттігі туған.

Ол қаншама есікті қағып, табанын тоздырар сергелдеңі мол, жүйкеге ауыр салмақ түсірер қиын шаруа еді. «Қуғын-сүргін құрбандары ақталды» деген аты ғана. Кімнің кім екенінің аты аталып, түсі түстелген жоқ. Артынан сұрау салып, іздеушісі болмаса «сенің әкең ақталды» дейтін бір жапырақ қағаз да алу оңайға түспейді. Өздеріне өздері келген соң анасы да, Азалия да сұрау салып, жазбаған жері қалмады. Анасы өзінің сүйікті жарының ақталғаны туралы бір жапырақ қағаздың да, оның үстінен қозғалған істің де барын біле алмай, бұл жарық дүниемен қоштасып кете барды.

Ал, алдына барған адамның қай-қайсысына да қолдан келер көмегін аянбаған Мәлік Ғабдуллин ағамыз Мәскеуде өтіп жатқан жарыста кездейсоқ көріп қалып, Алматыға шақырған Азалия қыз осы таудай қамқорлықтың арқасында кейін еліміздің белгілі қоғам қайраткері, еңбегі сіңген педагог, «Әділет» Қазақ тарихи-ағарту қоғамы басқармасының мүшесі, Қазақстандағы тұңғыш спорт психологтарының біріне айналды. Бұрынғы Қазақ дене шынықтыру және спорт институты, қазіргі Қазақ спорт  және туризм академиясында қызмет атқарған елу жылдың ішінде кейін Олимпиадалық ойындарда, Әлем, Азия біріншіліктерінде еліміздің даңқын шығарған талай әйгілі спортшыларды тәрбиеледі.

2018 жылы 87 жасында өмірден өткен Азалия әкесінің ақталғаны туралы бас прокуратураның анықтамасын кейінгі жылдары, бертін ғана қолына ала алды. Бұрынғы Кеңес Одағы Жоғары Соты әскери алқасының 1957 жылғы 6 желтоқсанындағы №4Н-ОП 512/57-ші айқындамасымен әкесінің үстінен қозғалған №5424 істің, оған қосымша тіркелген қыруар құжаттардың көшірмелері (оның ішінде әкесінің өз қолымен толтырған өмірдерегі де бар) арнаулы хатпен пошта жәшігінен шыққан күнді де ұмытпайды. Барлық нәрсе енді оған қолмен қойғандай ап-айқын: әкесі 1937 жылдың 4 қарашасында қамауға  алынған. 1938 жылдың 9 наурызында Алматыда өткізілген Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Соты әскери алқасының көшпелі мәжілісі оны Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы  Қылмыстық Істер кодексінің 58-ші бабының 2-ші, 7-8 және 2 тармақтары бойынша айыптап, «Солтүстік Қазақстан облысында әрекет еткен буржуазияшыл-ұлтшыл, бүлікшіл-бүлдіріп, қырып-жоюшы зиянкес ұйымның 1935 жылдан мүшесі болғандығы үшін айыпты деп тапқан». Шығарылған үкім: «Бүкіл дүние-мүлкі тәркіленіп, ең жоғары ату жазасына кесілсін. Үкім шұғыл орындауға жатады». Сот мәжілісінің хаттамасы жоқ, ол туралы қысқа ғана анықтама келтірілген. «Сот мәжілісінің төрағасы –дивизиялық әскери заңгер Андриан Дмитриевич Горячев, хатшысы Александр Игоревич Микляев, 3-ші рангалы әскери заңгер Николай Иванович Шапошников, қатысушы бас әскери прокурордың көмекші прокуроры, 1-ші рангалы әскери заңгер Панкратов, айыптау  қорытындысының көшірмесі 1938 жылғы 8 наурызда алынды» деп жазылған.

Осы жабық сот мәжілісінің қысқаша тұжырымдалған хаттамасының көшірмесінде: «өзін айыпты екенін мойындайды, алдын ала тергеу барысында берген айғақтарын толығымен растап, оған ештеңе де қосары жоғын мәлімдеді. Соңғы сөзінде жазаны жеңілдетуін өтінді. Сот тергеуі аяқталды. Мәжіліс 14 сағат 45 минутта жабылды», – делінген.

Осы қысқа үзіктің әрбірі үлкен әңгіменің өзегі екенін, кеңірек жіліктеп, талдауды қажет ететінін оқырманның өзі де іштей сезіп, шамалап отырған шығар. Ол кезде айыпкерге өзі жасамақ тұрмақ, тіпті, түсіне де кірмеген қылмысты қалай жасағанын «мойындау» әпербақан тергеуші үшін түкке де тұрмайтын. Әлде неше күн-түн аштан қатырып, ұйқы бермей, аяусыз ұрып, соға берсе, ақыл-есінен шатасқан кім-кімнің де солардың дегенін еріксіз мақұлдап, қол қойып берері сөзсіз. Айыпкерлерден жауап алудың «сыннан» өткен осынау қатыгез түрі кеңес заманында құқық қорғау, тергеу орындарының әдеттегі қалыптасқан жұмыс тәсіліне айналып, сүйегіне сіңген еді. «Халық жауы», «жапон тыңшысы» деген ойдан шығарылған неше алуан жаланың шығуының түп-төркіні бүгінгі күні белгілі. Орысша және қазақша екі тілде де еркін, көсіліп жазатын, қаламы жүйрік Мұталлап Ахметов өзінің осынау қабілетін көре алмаған бақай есепті жауларының құрбанына айналған еді. Осылайша дүниеге келген №5424 іс оның түбіне жетті.

Иә, елден жырақта, шетте жүрген қазақтың қаршадай қызының басына түскен қайғы-қасіреті мен ауыртпалығын жеңілдетіп, елге шақырып, білім алуына жол салған, туғанын тауып, табыстырып, қамқорлығын көрсеткен Мәлік Ғабдуллин  «Жалған дүниеде ең ізгі, ең асқақ, ең таза нәрсе – өз халқыңның қызметшісі болу» деген өз сөзіне адал болып, өмірінің соңына дейін халқына, ұрпағына өнегелі ісін қалдырып, еліне еңбегін сіңіріп өткен жан.

Жанат ҚАЖЫБАЙ,
Мәлік Ғабдуллин музейінің  қызметкері.

 Көкшетау қаласы.

 Суреттерде: Мәлік Габдуллин жұмыс кабинетінде; отыз жетінің сойқанында жазықсыздан-жазықсыз атылып кеткен Мұталлап Ахметовтың қызы, спорттың көркем гимнастика түрі бойынша қазақтан шыққан алғашқы спорт шебері Азалия Ахметова мерейлі 80 жасында; отбасылық өмірінің бір сәті; жас кезіндегі және көркем гимнастикадан Қазақ ССР құрама командасы сапындағы Азалия (бірінші тұр).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар