Қалымбек Әрнашұлы Мұхамеджанов

Қазақ журналистикасы, соның ішінде Ақмола облысының ақпарат саласы ауыр қазаға душар болды. 71 жасқа қараған шағында елімізге танымал спорт журналисі, ұлт жанашыры Қалымбек Әрнашұлы Мұхамеджанов кенеттен өмірден озды.

Қалымбек Мұхамеджанов 1955 жылы 13 сәуірде бұрынғы Көкшетау облысы, Айыртау ауданының, Сарыбұлақ ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келді. Туған ауылындағы бастауыш мектептен кейін, оқуын Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 қазақ орта мектебінде жалғастырды. Кейін  Алматыда С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді.

Алғашқы еңбек жолын Торғай облысының орталығы Арқалық қаласында спорттың бокс түрінен жаттықтырушы болып бастады. 1973-1974 жылдары әскер қатарында спорт ротасында болып, кейін Еуропа чемпиондары атанған В. Засыпка, А.Климановпен бірге, Кеңес Одағының кубогы үшін жарыста Киев әскери округінің намысын қорғап, қола жүлдегер атанды.

Үлкен спортқа деген осы сүйіспеншілігі оның бүкіл өмірінің арқауына айналды. Алғашқы журналистік қадамын Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінде бастаған ол спорт тақырыбын жазуға бейімделіп, осы өзі қалаған үлкен жүкті өмір бойы абыроймен алып жүрді.

Кейін біржола өзінің туған жері Көкшетау облысына қоныс аударып, облыстық «Көкшетау правдасы» («Көкшетау») газетінде, облыстық радио мен телевидениеде қызмет атқарған Қалымбек Мұхамеджанов көптеген тақырыптарға қалам тартып, спорттық журналистиканы бірге алып жүрді. Журналистік қабілет-қарымының арқасында «Ақшам», «Хабар» агенттіктерінің Көкшетау облысы бойынша меншікті тілшісі болып жемісті қызмет атқарып, өзінің тартымды сюжеттері және хабарларымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына айтарлықтай үлесін қосты.

Өмірінің соңына дейін «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Ақмола облыстық филиалының «Көкше» телеарнасында қызмет істеп, «Олимпке жол» спорт бағдарламасын жүргізді.

Осы жылдар ішінде Көкшетау және Ақмола облыстарының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, тек спорт тақырыбына жазып қана қоймай, сонымен бірге, көпшілік арасында бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға, қайырымдылық шараларына аянбай атсалысты.

Осы жетістіктері үшін Қалымбек Әрнашұлы бірнеше мәрте «Ақмола облысының үздік спорт журналисі», «Қазақстанның құрметті журналисі» атақтарына ие болып, «Шапағат» медалімен марапатталды.

Өзінің бар саналы ғұмырында Қ.Ә.Мұхамеджанов өз өмірінің мәніне айналған журналистика мамандығы мен бокс өнеріне көптеген шәкірттерді тәрбиелеп, ағалық ақыл-кеңесімен олардың ертеңгі күндеріне жанашыр, қамқор бола білді.

Ол ел арасында, өзінің әріптестерінің ортасында қарапайымдылығымен, елгезек мінезімен ерекшеленіп, ұлтжандылық, адамгершілік пен ізгілік қасиеттерін бәрінен жоғары қойды. Сөйтіп, осы биік болмысы үшін көптің лайықты сый-құрметіне бөленді. Қазақ және спорт журналистикасының белді бір өкілі, аяулы азамат Қалымбек Әрнашұлы Мұхамеджановтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.

Ақмола облыстық әкімдігі.
Ақмола облыстық мәслихаты.
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі.

***

Қош бол, Көкшенің Қалімбегі!..

АБАЙ:
Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмишә өмір өтпек ол білдірмек.

Тіршілікте біріміздің қадырымызды біріміз толық біле бермейтініміз бар. Адам баласының қасіреті де осы. Күні кеше арамызда жүрген Қалымбек Мұхамеджановтың мезгілсіз ажалы осы бір ойға жетелеп отыр.

«Мезгілсіз жеткен ажал!» дейміз. Неге ол мезгілсіз болуы керек?! Ажал кез келгенімізге айтпай-ақ, сұрамай-ақ, ескертпей-ақ келетіні бар. Сондықтан, күн сайын, сәт сайын сол ажалды қарсы алуға әзір болғанымыз керек…

Ол бір бөтен сөзі, өсек-аяңы жоқ, өзімен-өзі томаға тұйық жүретін бітімі бөлек азамат еді. Тіршілігінде жан баласына жамандық жасамаған азамат еді!

Оқта-текте жұмыс орныма соғып, амандығымды біліп тұратын. «Бірде, пенсияға шықтым, әлі де жұмысымды істеп жүрмін» дегенде, «Қалымбек, журналисте, жалпы шығармашылық адамында пенсиялық жас дегенің болмайды. Екі аяғың жүре ме, басың жұмыс істей ме, алжып кеткен жоқсың ба, жұмысыңды істей бер», дегенім бар еді.

Кейін «Сіздің сол сөзіңізді үнемі өзгелерге айтып жүремін» деп жарқылдап бір күліп кетуші еді, жарықтық!

Қош бол, Көкшенің Қалымбегі! Алдыңнан жарылқасын!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

***

«Жақсы адам» деген атың қалды

Қалымбек аузы ашылса жүрегі көрінетін ақкөңіл, бауырмал, қазақ десе, ұлтым десе жанып кететін намысқой, отаншыл азамат еді. Журналистика саласында өз дауысын, өз орнын қалыптастырды.

Жаңалық десе, жақсылық десе елеңдеп, жазуға, эфирге беруге асығатын. Көкшеден шыққан небір талантты спортшы жастардың қалың көпшілікке танылуына себепші болып, олардың ерен еңбектерін қуана көрсетіп бақты.

Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа (с.ғ.с) бір хадисінде: «Менің үмбетім, басқа біреудің жақсылығына шын ниетімен қуанса, мейірімді Алла Тағала сол кісіге көп ұзатпай жақсылық сыйлайды», – деген.

Бүгінгі өлшеммен қарағанда, жетпіс жас сондай үлкен жас емес. Алайда, мәселе жаста емес. Мәселе, өмірден озған адамның мәнді, мағыналы өмір сүруінде.

Осы тұрғыдан алғанда, Қалымбек Әрнашұлы соңына «жақсы адам» деген ат қалдырды. Сол жақсылығы, барзақ әлемінде алдынан шықсын. Сауаптан болсын! Он сегіз мың ғаламның иесі – Раббымыз жарылқап, көрмеген көшесі жарық, жаны жәннаттан болсын деп тілейміз. Қош бол, аяулы дос, асыл отағасы, ардақты әке, қамқор ата Қалымбек!

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ,
 жазушы.

***

Ақ тілеулі азамат еді

Тағдырын таспаға сап қанша адамның,
Маманның, майталманның, малшы адамның;
Еліктеп Шоқан, Ақан дәстүріне,
Ішінде жүрдің елдің, шаршы алаңның!..

Жақ болып жақсылықты көксегенге,
Көңілің алып ұшқан дос дегенде;
Алаулап асыл сезім, соның бәрін
Серпіліп сері көңіл қосты өлеңге!..

Толтырған қатарластың қалың легін,
Қапысыз таныған ел Қалымбегін!..
Атыңды жақсы ісіңнен білсе жұртың,
Затыңды бекзаттықпен мәлімдедің!..

Тегіңде қанып ішкен қайнар қандай,
Қалыптан өткен талай қайран маңдай;
Жұмылса – жұдырық боп жұмыр білек,
Ашылса – алақанға айналғандай!..

Болған соң «өнер де өнер, өлең де өнер»,
Құрметке талабымен бөленген ер;
Қысырау сұлтандардың тұяғы деп,
Көтерер төбесіне «төрем» деп ел!..

Жүрерсің жақсы атыңмен топ басында,
Жолыңмен өсер ұрпақ, отбасың да;
Қырандар – Көкшетаудың биігінде,
Сөз жетер, көз жетпесе көп ғасырға!..

Тортай СӘДУАҚАС.

Астана.

***

«Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ақмола облыстық «Арқа ажары» және «Акмолинская правда» газеттері редакцияларының ұжымы белгілі журналист, баспасөз ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі

Қалымбек Әрнашұлы Мұхамеджановтың

қайтыс болуына байланысты отбасына, жақындары мен туған-туыстарына  қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

***

Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы көрнекті қаламгер, журналистика ардагері

Қалымбек Әрнашұлы Мұхамеджановтың

өмірден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар