Ұлттық жоба аясында төрт емдеу орны ашылды

Денсаулық сақтау 

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен Целиноград ауданына қарасты Рақымжан Қошқарбаев ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді.

Бұл игі шара  ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылды. Жаңа медпункт ауылдың екі мыңға жуық тұрғынын алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Фельдшерлік-акушерлік пунктте  процедуралық және екпе кабинеттері, акушер кабинетi, стерилизациялық, физиотерапия бөлмесі, ақпараттандыру кабинеті және қақырық қабылдау бөлмесі бар. Емдеу орны бір ауысымда 40 адамды қабылдай алады.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарын қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы өңірде жүйелі түрде орындалып жатқанын атап өтті.

– Әрбір азамат, тұратын мекеніне қарамастан, уақытылы әрі сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болуы керек. Сонымен қатар, медициналық қызметкерлерді заманауи құрылғыларда жұмыс істеуге үйрету де маңызды, – деді бұл ретте, Марат Ахметжанов.

Аудандық емхананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Марал Арқабаева нысанның толықтай қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілгенін жеткізді.

– Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт тұрғындарға дер кезінде және сапалы алғашқы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Мұнда мамандардың жұмыс істеуі үшін қажетті құрылғылар орнатылған, – деді ол.

Ауылға келген медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында облыстық мәслихаттың депутаты, «Мәншүк-НС» ЖШС-інің бас директоры Тимур Пшенов екі пәтер сатып алуға қаражат бөлді.

Рақымжан Қошқарбаев ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттен бөлек, Ақмола облысында ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту аясында тағы үш нысан ашылды. Олар Шалқар ауылындағы медпункт, Мәншүк Мәметова ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт және Жалғызқұдық ауылындағы дәрігерлік амбулатория.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар