Дәрігер кеңесі
Созылмалы панкреатит өзінің барлық этиологиялық формаларында уақыт өте келе, ұйқы безінің сыртқы секреторлық жеткіліксіздігінен дамиды.
Практикалық тұрғыдан алғанда, бұл мәселенің екі маңызды тұсы бар. Олар: функционалдық жеткіліксіздік белгілерін уақтылы диагностикалау және тиісті алмастыру терапиясын қолдану.
Созылмалы панкреатиттің үш кезеңі болады. 1 кезең ауру белгілерінің бірде жоғалып, бірде қайта қайталанатын, бірнеше күннен бір аптаға дейін тұрақты немесе қатты шаншулардың болуымен сипатталады. Бұл кезеңде ұйқы безінде сыртқы секреторлық және ішкі секреторлық жеткіліксіздік белгілері мен органның морфологиялық өзгерістері болмайды. Аурудың мұндай кезеңінің ұзақтығы орта есеппен 5 жылды құрайды.
Аурудың екінші кезеңінде ұйқы безіндегі қабыну өзгерістеріне байланысты ауырсыну синдромының ауырлығы мен ұзақтығы төмендейді. Ұйқы безінің экзокринді және эндокринді жеткіліксіздігі белгілері пайда болады. Науқастардың көпшілігінің ұйқы безінде морфологиялық өзгерістер анықталады, кальцификаттарында, канал жүйесінде, фиброзда өзгерістер пайда болады. Бұл кезеңнің орташа ұзақтығы шамамен 6 жыл немесе одан да көп.
Аурудың үшінші кезеңінде ұйқы безінің қабынуы оның паренхимасының жалпы фиброзының нәтижесінде жоқ болып кетеді. Ауырсыну, әдетте, есірткіге тәуелділігі байқалатын және хирургиялық емдеуді қажет ететін асқынулары бар науқастарды қоспағанда, тоқтайды. Аурудың клиникалық белгілері қант диабеті және ұйқы безінің ішкі секреторлық жеткіліксіздігі арқылы анықталады.
Созылмалы панкреатитті емдеу бойынша бірнеше рет зерттеулер жүргізілді. Оның нәтижелерінен аурудың сатысына байланысты созылмалы панкреатитпен ауыратын науқастарға тиісті мөлшерде ферментті алмастыру терапиясын тағайындау қажеттілігі тағы бір дәлелденді.
Аурудың бірінші кезеңінде диспепсия белгілерін түзету мақсатында ферменттік препараттарды тағайындау курстармен жүргізіледі. Аурудың 2 және 3 сатысында кеш асқынулардың пайда болуы негізінде ұйқы безі тінінде анағұрлым маңызды морфологиялық өзгерістер анықталып, бұл ферменттік препараттардың жоғары дозаларын қолдана отырып, тұрақты алмастыру терапиясын қолдану қажеттілігіне алып келеді.
Қазіргі медициналық тәжірибеде рН – мөлдіреген нәзік қабықпен қапталған және желатинді капсулаларға салынған ұйқы безі ферменттері бар микро түйіршіктер немесе микро таблеткалар тиімдірек. Олардың рН нәзік қабығы тек 12 елі ішектің сілтілі ортасында бұзылады, сондықтан, асқазаннан өткеннен кейін ферментативті белсенділіктің 98,6 пайызы сақталады.
Созылмалы панкреатитпен ауыратын науқастардың әрқайсысына ферменттердің дозаларын тағайындау жеке жүргізіледі. Аурудың ауыр кезеңінде науқасқа бір рет қабылдауға кемінде 25000 ЕД мөлшеріндегі препарат тағайындалады, көп жағдайда бір реттік доза 50000 ЕД-ге дейін арттырылуы мүмкін, тиісінше тәуліктік доза 100 000-150 000 ЕД болуы тиіс. Созылмалы панкреатиттің ауыр түрімен ауыратын науқастарда ферменттік препараттардың жоғары дозаларын қолдану қажеттілігі туралы соңғы жылдардағы әдеби дереккөздерде нұсқаулар бар.
Алайда, клиникалық айқын панкреатикалық жеткіліксіздікте, әдетте, осыдан туындайтын салдарды дәрі-дәрмектердің үлкен дозалары арқылы да толығымен жою мүмкін емес. Сондықтан, ас қорыту ферменттеріне сәйкес дозаны дәрігердің көмегімен неғұрлым өзінің оң нәтижесін беретіндей мөлшерде қабылдау ұсынылады.
Күлзайра АЙМУРЗИНОВА,
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің
Ақмола облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы.
![]()

