Көкшетауда хакім Абайдың 180 жылдығына Қопа көлінің жағалауында жеті аймақтан тұратын мәдени шара ұйымдастырылып, оған он мыңнан астам адам жиналды. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев құттықтау сөз сөйлеп, Абай мұрасы мен ұлылығының өміршеңдігіне тоқталды.
Ақмола жұртшылығы еліміздің өзге аймақтарында да тойланып жатқан ұлт руханиятының шамшырағы, ұлтымыздың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толған мерейлі мерекесін лайықты атап өтуде. Аймақта жергілікті мемлекеттік органдар мен мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Абай мерейтойының он күндігі аясында екі мыңнан астам шара өткізілді. Оның ішінде айтыс, мүшәйра, ән-жыр байқаулары мен түрлі көрмелер ауқымды шараның негізгі бөлігіне, Абай мұрасына арналған рухани кештер ұлттық болмыс, парасат пен пайымның өлшеміне айналды. Ал, Қопа көлінің жағасында өткен «Абай әлемі» атты ауқымды шара бұған дейін ұйымдастырылып өткізілген Абай онкүндігінің қорытындысы іспетті болды.
Мәдени арбаттың әр аймағы Абай әлемінің әр қырын ашып, көрерменді кемел ой мен көркем өнерге жетелеуге жол салды. Ұлттық әуен аймағында «Абай дана, Абай дара» атты облыстық фольклорлық ансамбльдер фестивалі өткізілді. Ақмола өңірінің түкпір-түкпірінен жиналған, қазақтың бай музыкасын сахна төріне шығарып жүрген ұжымдары халық алдында өз өнерлерін паш етіп, көл жағалауын әсем ән мен тәтті күйге толтырды. Ал, «Әнді сүйсең, менше сүй» вокалдық аймағында жас орындаушылар Абай әндері мен өз репертуарларындағы шығармаларды дәстүрлі, академиялық және эстрадалық жанрда шырқап, думанды қыздыра түсті. Сондай-ақ, «Қазақша караоке» алаңында көпшілік ән салып, көңіл көтеріп жатты. Осы бір думанды шараның көрігіне көрік қосып, көпшіліктің көбірек шоғырланған ортасы әдеби аймақ болды. Онда «Өлең – сөздің патшасы» облыстық ақындар мүшәйрасының қорытындысы шығарылып, жүлдегер ақындар Абайға арнаған арнауларын көпшілік алдында оқып берді. Абай тойындағы ақындар мүшәйрасы, әдеби кездесулер, кітап көрмелері мен жәрмеңкелер руханиятқа ынтық жұртты бір арнаға тоғыстырып, нағыз пікірталас пен қызу әңгіменің ордасына айналды. Әсіресе, Целиноград ауданы Қараөткел ауылынан келген алтыншы сынып оқушысы Асылай Төлендінің Абайдың «Кеше бала едің, келдің ғой талай жасқа» атты өлеңін мәнерлеп әрі жатқа оқығаны көпшілікті сүйсіндірді. Ұйымдастырушылар мен ел ағалары кішкентай қыз балаға батасын беріп, анасын шақырып құрмет көрсетіп жатты.
«Даналық бастауы – Абай» атты театр алаңы аймағында халықтық және әуесқой театрлардың өнерпаздары ұлы ойшылдың даналық сөздерін сахна арқылы сөйлетіп, есте қаларлық әсерлі қойылымдар қойды. Онда актерлер Абайдың әнін айтып, өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. «Жыл мезгілдері» деп аталатын бейнелеу өнері алаңында Абай шығармашылығына арналған жас суретшілер байқауы өткізіліп, ол өнер мен ойдың үйлесімін паш еткендей әсер қалдырды. Абай шығармашылығын насихаттап, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуды, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қызығушылықты арттыруды, дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсетуді мақсат еткен бұл суретшілер байқауы жас қылқалам шеберлерінің өзара пікірталас пен тәжірибе алмасу алаңы болды. Байқау 2025 жылдың 5-10 тамыз аралығында өтті. Оның тақырыбы ұлы Абайдың өлеңдері мен прозасының көріністеріне арналды. Байқауға 6-17 жас аралығындағы сурет салуға қабілеті бар, бейнелеу өнеріне қызығушылық танытатын балалар мен жасөспірімдер қатысты. Жалпы саны 100-ден астам көркем жұмыс ұсынылып, құрамында әдебиет және өнер музейінің бас маманы Бақытбек Бекмұратұлы, кәсіби суретші, педагог Наталья Лосева, «Ауыл» партиясының Ақмола облыстық филиалының кеңесшісі Мәдина Смағұлова және Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Әсел Смағұлова бар қазылар алқасы осы жұмыстарды бағалап, үздік туындыларды анықтады. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шара барысында «Шеберлер шаһары» ұлттық қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі өткізілді. Шеберлердің киіз, ағаш, қыш, теріден жасаған туындылары көпшілік назарына ұсынылып, қазақ қолөнерінің айшықты қырларын тағы бір мәрте дәріптегендей болды.
Күн еңкейе бере көкшелік тойшыл қауымды бас сахна төрінде Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері және «Көкшетау» мәдениет сарайының шығармашылық ұжымдары дайындаған салтанатты концерт күтіп тұр еді. Кәсіби өнерпаздардың баға жетпес шынайы өнері көрерменге зор рухани ләззат сыйлап, Көкшенің аспанын ән-жырмен әлдилей түсті.
Сондай-ақ, мерекелік кеңістікте этно стильде безендірілген фудкорттар орналастырылып, онда қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды.
«Абай әлемі» бұл бір күндік қана шара болған жоқ. Онда әрі қарай да халықтың рухани бір серпілісіне жол ашылып, ұлттық сана мен мәдени жаңғырудың жарқын көрінісі орын алды деп есептейміз. Абайдың асыл мұрасы елдіктің темірқазығы. Сол темірқазыққа бағыт түзеген жұрт үшін бұл мереке рух пен рең, өнер мен өнегенің тоғысқан ұлы мерекесі болды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

