Өңірлердің дамуындағы өзгерістерді  тұрғындар нақты сезініп отырулары керек

Әкім – ел ішінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов   Біржан сал ауданына жұмыс сапары барысында аудан тұрғындарымен кездесіп, өңірді дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар мәселелерді талқылады.

– Өнеркәсіп саласында 30 пайыздық өсім байқалады. Ауданда цемент, уран, темір өндіретін ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Жер қойнауында алтын, уран, фосфорит сынды пайдалы қазбалар бар. Дегенмен, ауданның облыс экономикасындағы үлесі небары 1,8 пайызды құрайды. Мұны өзгерту қажет. Алтынға деген әлемдік бағаның тұрақты өсуі жағдайында ауданның осы бағыттағы әлеуетін қайта бағалау өзекті деп есептеймін, – деді аймақ басшысы.

Биылғы жылы жалпы құны бір миллиард теңгеден асатын төрт жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде біраз жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда «Алтын Бидай НС» және «Қос-Аман» ЖШС ет фермалары іске қосылды, Майлысор кен орнында әк тасын өндіру және терең өңдеу өндірісін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді. Қыркүйек айында тағы бір ет фермасын іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар, күзде «Қазгерқұс» ЖШС құс фабрикасының үшінші кезеңінің құрылысы басталады, оны келесі жылы пайдалануға беру көзделген.

Аудан дамуының басым бағыттарының бірі ауыл шаруашылығы болып қала береді. Мемлекет аграршыларға белсенді қолдау көрсетіліп, несие, лизинг, субсидиялар ұсынылады. «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру аграршыларға жауапты науқанды сапалы өткізуге мүмкіндік берді. Жаңа ережелерге сәйкес, жылдық 2,5 пайызбен өндіріс ашуға болады. Алайда, аудан агроқұрылымдары бұл бағытта әлі де белсенділік танытпай отыр.

– Өнеркәсіптің даму қарқынын ғана емес, ауданның бәсекеге қабілеттілігін нығайтып, өсімін қамтамасыз ету маңызды. Біздің міндет – өндірісті кеңейтіп, нарықты негізгі азық-түлікпен толықтыру үшін қолжетімді мүмкіндіктерді тиімді пайдалану. Ол үшін бізге ірі инвестициялар қажет, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Биыл ауданда алғаш рет мыңнан астам адам орталықтандырылған ауыз су жүйесінің игілігін көреді. Сонымен қатар, мұнда көлік инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу жобалары жүзеге асырылуда.

– Ауданның ауыз су мәселесін шешуге 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Заозерное мен Үлгі ауылдарында жобалар аяқталуға жақын. Өткен жылыту маусымындағы қиындықтардан кейін Степняк қаласына алты жаңа қазандық сатып алынды, бөлінген қаражат көмір қорының жеткілікті болуын қамтамасыз етеді, – деді Марат Ахметжанов.

Өңір дамуы үшін жолдардың жай-күйі де маңызды. Биыл көлік инфрақұрылымын жақсартуға 310 миллион теңге бөлінді. Жобалар Бірсуат, Қоғам, Тасшалқар және Макинка елді мекендерінде жүзеге асырылуда.

– Жеке тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Бұл жақсы нышан. Алайда, жалдамалы тұрғын үйге келсек, нәтиже мардымсыз. Соңғы бес жылда небары екі 21 пәтерлі үй пайдалануға берілді, ал кезекте тұрғандар саны – 254 адам. Тағы бір үй әлі күнге дейін аяқталған жоқ, – деп атап өтті облыс әкімі.

Ұлттық жоба аясында Андықожа батыр ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынды, ал, аудан орталығы Степняк қаласында жаңа аурухана құрылысы аяқталуға жақын. Бұланды ауылында 80 орындық жаңа мектептің аумағын абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Құрылысы үзіліспен бес жыл бойы жүргізілген бұл мектепте оқушылар өткен оқу жылын жаңа ғимаратта аяқтады. Сонымен қатар, Андықожа батыр, Макинка және Кенащы ауылдарындағы мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы сабақтар уақытында 1 қыркүйекте басталады.

– Жол салу саласында «өтіп кеткен» жобалар болмауы тиіс. Әр жобаның орындалуын жеке өзім бақылаймын. Жыл соңына дейін барлық жұмысты аяқтап, 21 пәтерлі үйді пайдалануға беруді тапсырамын, – деді Марат Ахметжанов аудан әкімі Бауыржан Қасеновке.

Тұрғындарды жеке қабылдау барысында жолдарды және басқа да әлеуметтік нысандарды жөндеу қажеттігі туралы ұсыныстар айтылды.

Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына аудан әкімдігімен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін жер қойнауын пайдалану бойынша шолу дайындау, сондай-ақ, алтын кен орындарын игерудің болашағы жөнінде ұсыныс беру арқылы Степняк қаласына индустриялық орталық мәртебесін қайтару орайында жұмыс жүргізу тапсырылды.

Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаковқа Кенащы ауылынан Степняк қаласына дейінгі облыстық маңызы бар автожол учаскесіне орташа жөндеу жүргізу құжаттамасын әзірлеуі тиіс. Барлық мемлекеттік органдардың басшылары да тұрғындар көтерген мәселелерді мұқият зерделеп, оларды шешу жолдарын қарастырулары қажет.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар