Жылдам өзгеріп жатқан заман талаптары мұғалім алдына жаңа міндеттер қояды

Тамыз конференциясы

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың қатысуымен Қосшы қаласында «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты облыстық тамыз педагогикалық конференциясы болып өтті.

Оған облыс оқу орындарынан 300-ден астам педагог қатысты. Конференцияда сөз сөйлеген вице премьер:

– Цифрлық трансформация жағдайында алдымызда жаңа міндеттер тұр. Ол тек білім беру ғана емес, балаларды жылдам өзгеріп жатқан өмірге бейімдеу. Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар мұғалімнің көмекшісіне айналып, шығармашылық пен дамуға көбірек мүмкіндік ашуы тиіс. Сонымен қатар, педагогтардың кәсіби өсуі мен лайықты еңбегі үшін барлық жағдайды жасау қажет. Біз халқымыздың және Президентіміздің үмітін ақтауымыз керек. Қазіргі уақытта бәрі мұғалімдерге байланысты. Осы отырған дәл сіздер балаларға өмірде өз орындарын табуға жол көрсетесіздер. Біздің ортақ міндетіміз – бәсекеге қабілетті, болашақтың сын-қатерлеріне дайын ұрпақ тәрбиелеу, – деп атап өтті.

Аймақ басшысы Марат Ахметжанов облысымызда жас ұрпаққа сапалы білім беру мен саналы тәрбие беруге барлық жағдай жасалып жатқанын айтты.

– Тамыз конференциясының пленарлық отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Педагог – бұл тек мамандық емес, бұл – ұлы міндет» деп атап өтті. Бұл сөздер бізге үлкен ой салады. Шын мәнінде, ұстаздың еңбегі – ұлт болашағының іргетасы. Бүгінде өңірде 23 мыңнан астам педагог балаларға білім беруде, жыл сайын мектептерге 450 жас маман келеді. Біздің өңір елімізде алғаш болып «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 9 мектептің құрылысын аяқтады. Бұл 12 мыңнан астам баланың жаңа оқу орнында білім алуына мүмкіндік беріп, облыс орталығы мен елорда маңында оқушы орны тапшылығын едәуір азайтты. Қазіргі таңда 7 мектептің құрылысы жалғасуда, олардың ішінде 5 мектеп биылдың өзінде 1,5 мыңнан астам оқушыны қабылдамақ, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Педагогикалық конференцияның басты мақсаты цифрлық дәуірдің жаңа сын-қатерлері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, оқу үдерісінің сапасын арттырудың тиімді жолдарын айқындау болып табылады. Пленарлық отырыс аясында Шығыс Қытай педагогикалық университетінің цифрлық білім беру саласындағы жетекші сарапшысы Сяндун Чэнь өз ой-пікірлерімен бөлісіп, жасанды интеллектінің көмегімен мектеп пәндерін оқыту тәжірибесі туралы айтты.

Түрлі деңгейдегі білім беру ұйымдарының жетекші мамандары озық тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, Көкшетау қаласындағы №11 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Амангелдинова әдебиетті оқытуға қызығушылықты арттыру мақсатында жасанды интеллект пен виртуалды шындық мүмкіндіктерін өз сабағында қалай қолданатынын баяндады.

Сонымен қатар, конференция аясында білім беру үдерісінде қолданылатын инновациялық технологиялардың көрмесі өтті. Іс-шара өңірдің білім беру жүйесі өкілдерін марапаттау рәсімімен аяқталды.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар