Ауылым – алтын бесігім
Борисовка ауылдық округі жерінің жалпы аумағы 38256,7 гектар. Оның 23349 гектары егістік алқабы, жайылым 10085, шабындық 64 гектарды құрайды. Тұрғындар саны – 840 адам, 292 үй бар. Ауылды 16 ұлт өкілдері мекендейді, олардың басым көпшілігі қазақтар. Орыс, украин, неміс және басқа ұлт өкілдері де баршылық. Жалпы, тұрғындардың 416-сы еңбек жасындағылар. Олардың 102-сі «Аграрный» ЖШС-ында еңбек етеді, бюджеттік салада 64 адам жұмыс істесе, 77 тұрғын өзін-өзі қамтушылар, 333 адам түрлі жалдамалы еңбекте. Зейнет жасындағылар саны 122 адам, мүмкіндігі шектеулі 28 жан бар болса, оның 4-еуі балалар.
Ауылдық округте жылдың басында 356 ірі қара мал, 679 бас қой мен ешкі, 121 бас жылқы, 294 шошқа, 2626 құс болды. Округте бүгінгі таңда «Аграрный» ЖШС-ынан басқа, «Аграрный-2» ЖШС, РУТ, АРЭС подстанциясы жұмыс істейді. «Аграрный» серіктестігінің 22412 гектар ауыл шаруашылығы жерлері бар, оның 19301 гектары егістік, 3047 гектары жайылым, 64 гектары шабындық. Мал фермасында 330 ірі қара мен 563 жылқы бар. Шаруашылықта 102 адам еңбек етеді. Сонымен қатар, аймақта «Аграрный-2», «Бастау» ЖШС мен екі шаруа қожалығы және екі жеке кәсіпкер өздерінің шаруашылықтарын жүргізуде. Олар егін егіп, мал шаруашылығымен айналысады. Жыл басынан бері мал дәрігері Ө.Нұғыманов та ветеринарлық шараларды атқарып, мал басына қажетті алдын алу екпелерін жасап келеді.
Ауыл тұрғындарын аудан орталығына жеткізумен жеке жүргізушілер айналысады, Beeline, Aktiv, Kcell, Tele және Алтел байланысы бар. Пошта күніне төрт сағат істейді, тұрғындарға газет-журналдар мен посылкалар аптасына үш рет жеткізіледі. Ауыл газет-журналдарға белсене жазылып, оқиды.
–Дүкен бар, екі адам жаз маусымында ауылдың малын бағады, кәсіпкерлікпен он бір адам айналысады. «Атбасаргаз» және «Горгаз» ЖШС-лары да тұтынушылар қажетін толық өтеп тұр. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгідей нарық заманында ауылдың тыныс-тіршілігі жаман емес. Әр нәрсе, әр кісі өз орнында дегендей, ауылдың көше бойларында жарық орнатылған, міндетті түрде көктем, күзде аулаларды, көшелерді абаттандыру жұмыстары жүргізіледі, – дейді ауыл әкімі Мырзахан Тұшымбеков. –Борисовкадан Атбасар-Көкшетау бағытындағы жол бойында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы негізінде қоқыс жиналды, ауылдан көпірге дейін 400 түп қайың, 50 түп шырша отырғызылды және Ұлы Отан соғысында қаза болған жерлестерге арналған ескерткіш пен орталық саябақ аумағы абаттандырылды. Ескерткіште ағымды жөндеу жұмысы жүргізілді, кеңсе, өндірістік орындар аумағында гүлдер өсіп тұр. Сонымен қатар, мектеп, дәрігерлік амбулатория, балалар алаңы маңының шөбі шабылып, күл-қоқыстан тазартылды. Зират басында да жыл сайын осындай тазарту жұмыстары өткізіледі, оған ауыл тұрғындары белсене қатысады. Бейбітшілік көшесінде 210 түп ағаш түптері ағартылды. Көктемгі тасқынға қарсы кешенді жоспар негізінде биыл Жабай өзені бойында ағаш бұталары шабылып, құм қайрақтары тазартылды. Ауыл көшелері мен үлкен күре жолға дейін 3 шақырым жолда тегістеу жұмыстары атқарылды. «Аграрный» ЖШС күшімен аулалардан тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмысы жүргізілді. Ол жұмыстарға үш тиегіш, жеті жүк көлігі жұмылдырылды. Қыс айларында міндетті түрде жолды қардан тазарту жұмысы жүргізіледі, ол «Аграрный» серіктестігінің көмегімен атқарылады, ауылдың төрт азаматы да осы іске көмектесіп, өздерінің техникаларымен аулалардан қар шығарады.
Міне, ауыл әкімінің сөзін тыңдап отырып, елді мекенде халық игілігі, ауыл тазалығы үшін қаншама істер атқарылғанына тәнті боласың. Ал, осыны қолға алмайтын да, ойламайтын да әр жерде әкімдер бар ғой. Ондайды несін жасырамыз. Кейде облыста бір жерлерге бара қалсаң, сұрықсыз ауыл көшелері алдыңнан шыға келеді. Мұның бәрі ізденіске, жауапкершілікке байланысты. Ауыл мектебі 1984 жылы салынған, онда биыл 138 оқушы білім алуда. Балаларға 26 ұстаз білім береді. Мектеп қабырғасында «Шаттық» шағын орталығы жұмыс істейді, онда 20 бүлдіршін тәрбиеленуде.
– Борисовка орта мектебінің ұстаздар ұжымы жергілікті азаматтардан тұрады. Мектеп түлектері жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін өздерінің ауылдарына қайтып келіп, мектепте жұмыс істейді, – дейді мектеп директоры Қарлығаш Буряк. – Бұл жақсы дәстүрге айналды, сондықтан, кадр мәселесі туындамауда. Дене шынықтыру пәнінен беретін Сергей Соколов жауынгер-интернационалист. «БЭМС» туристік клубының жетекшісі, тарихшы Галина Буряк, алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Сергей Яковлев, физика пәнінен сабақ беретін Вероника Циммерман, бастауыш сынып мұғалімдері Вера Вундер, Мира Чумак, кітапханашы Валентина Ткач, географ Татьяна Соколова және басқа ұстаздар әр жылдары осы ауыл мектебін бітіріп, мамандық алғаннан кейін туған ауылдарындағы мектепке қайтып келіп, жас буынға білім мен тәрбие беруде.
Мектеп директоры Қарлығаш Маратқызы да осы мектептің түлегі, қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәндерінен сабақ береді, жоғары оқу орнын бітіргендігі туралы екі дипломы бар. Осындай игі жағдай, жақсы дәстүр мектеп ұстаздарының туған өлке, ауылға деген сүйіспеншілікті мектептегі тәрбие барысында әр оқушының жүрегіне жеткізе білуінде деп білеміз. Сондықтан, кешегі түлек туған мектебінде еңбек жолын бастауды үлкен дәреже санайды, әйтпесе, Борисовканың басқа елді мекендерден айтарлықтай бір артықшылығы, ерекшелігі жоқ.
Мектеп ұжымы жергілікті серіктестікпен тығыз байланыста, шаруашылық балалардың тамақтануына үлкен қолқабыс жасайды, мектепті ағымдағы жөндеуге де көмек көрсетеді. Жаңа оқу жылының басталуы алдында өткізілетін «Мектепке жол» республикалық акциясында шаруашылық басшыларының бірінші сыныпқа баратын балаларды өз қамқорлықтарына алу дәстүрі берік орныққан.
Ауыл азаматтары науқастанған жағдайда дәрігерлік амбулаторияға келеді. Кезінде мұнда 4-5 маман болған. Бүгінгі таңда жалғыз медбике Нина Куприянова қалған. Қалғандары кезінде ауылдан көшіп кеткен. Соған қарамастан, бір өзі мүмкіндігінше тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсетуде.
Балалар кітапханасы алғаш ауылда 1966 жылы ауыл кеңсесі ғимаратында ашылыпты. Оның алғашқы кітапханашылары болып Л.П.Дашевская, В.П.Ладе жұмыс істеген, бір кездері мұнда кітап қоры 12 мың данаға жеткен.
Жалпы айтқанда, Борисовка селосы 1900 жылы құрыла бастаған. Өйткені, Ресейдің түпкір-түпкірінен сол кезде патша үкіметінің саясатымен шаруалар қоныс аудара бастаған. Алғашқы атауы Владимиро-Борисовка, бұл әдеттегідей, ауыл аймағында өлшеу жұмыстарын жүргізген жер өлшеушілердің есімдері. Кеңес үкіметі кезінде бертін тың игеру басталғанда үш ауыл – Жаңа жол, Қаратоғай және осы Владимиро-Борисовка негізінде В.И.Ленин атындағы ұжымшар құрылған.
–Округ тұрғындары көпұлтты болғанымен, қоғамдық жұмыстарда ауызбіршілік көрсетеді, жергілікті қоғамдастық мүшелері жиындарға белсене қатысып қана қоймай, өздерінің ой-пікірлерін айтып, ауыл-аймақтың дамуына үлестерін қосып отырады, – дейді ауыл әкімі Мырзахан Тұшымбеков. – Әрине, ауыл тұрмысын жеңіл деп айтуға қиын. Негізгі жұмыс та бар, одан қала берді, қорадағы малға күтім жасап, жаз айларында бау-бақшаға қарау керек. Тұрғындар бұған қоса, тауық-қаз өсіреді. Қоғамдық жұмыстардан да қалыс қалмайды. Үлкен-кішісі өз ауылын сүйеді, оның өсіп-өркендегенін қалайды. Сондықтан, қашанда аулаларын, үйлерін таза ұстап, абаттандыру жұмыстарына көңіл бөліп отырады. Әкімшілік түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы көше жолдарын жөндеуді, жарық беруді ұмытпайды, ауыз су үзілмей келіп тұрады. Ауылдағы саяси-экономикалық жағдай тұрақты. Сондықтан, шамаң келгенше, ел үшін еңбек етіп, ауылыңның жағдайын бұдан да жақсы болуына ат салысқың келіп тұрады. Біздің мақсат сол.
Иә, ауыл әкімі айтса айтқандай, қазақстандықтардың әрбір елді мекені осылай тәуір тірлік кешсе, одан артық не керек?!
Өмірсерік ШАЙХИН.
Астрахан ауданы.
![]()

