Ақмола облысында биылғы жылдың жеті айында ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бюджеттен 3,8 миллиард теңге бөлініп, алғашқы жарты жылдықта шамамен 2 миллиард теңгесі игерілді. Бұл жөнінде Ақмола облысы ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлімдеді.
Ресми есебінен бөлек, басшы өңірде саладағы кадр тапшылығын атап өтті. Вакцинациялау жұмыстары аясында жалпы 6,5 миллион бас мал мен құсқа екпе егілген, 1,5 миллион бас ірі қара мал бруцеллез және басқа да қатерлі дерттердің алдын алу мақсатында назарда болды, нәтижесінде жыл басынан бері 4 миллион жануар вакцинацияланды. Былтыр дәл осы кезеңде 585 бас ірі қара мал ауырып, жұқпалы ауруларды жұқтыру деңгейі аз болған, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмен. Эпизоотиялық жағдай бойынша Егіндікөл ауданының Қоржынкөл ауылындағы «Агростиль» ЖШС-ында жылқы тұмауы бойынша қолайсыз дерек тіркеліп, Атбасар ауданының Шұңқыркөл және Ярославль округтерінде 3-21 шілде аралығында ірі қара малға сібір жарасы бойынша карантин енгізілді.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары нәтижесінде ірі қара малда бұл жұмыс 111,6 мың басқа жетіп, жоспар 81 пайызға орындалған, ұсақ мал – 178,8 мың басқа (99 пайыз), жылқы – 13,9 мың басқа (41 пайыз), шошқа – 11,7 мың басқа (53 пайыз) бірдейлендірілген. 1 тамыздағы деректер бойынша облыста ірі қара мал саны 392 506 бас, ұсақ мал 622 239 бас, жылқы 271 189 бас, түйе 233 бас, шошқа 41 096 басты құрады. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің ақпараттық жүйесін өзектендіру жұмыстары тұрақты түрде атқарылып, малдарды уақытылы есепке алу және есептен шығару қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Соңғы жылдары ветеринария саласы цифрландыруға белсенді көшіп, «ВетЛаб», «ВСЭ модулі», «ИСЖ-мобильді», «TortTulik» сияқты жаңа модульдер мен қосымшалар енгізілді. Олар малды тіркеу, төлдерді бақылау, сою және ветеринариялық қызметтерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сою және мал қорымдары бойынша облыста 64 сою нысаны, оның ішінде 40 сою алаңы, 14 сою пункті және 10 ет өңдеу кәсіпорны бар, алайда, олардың көпшілігі толық қуатында жүктелмеген. Ақмола облысында барлық 228 мал қорымының тек 11-і үлгілік, қалғандары қарапайым мал қорымдары.
Сібір жарасы бойынша шілде айында Атбасар ауданында қосымша бір ошақ анықталып, буферлік аймақтарда 20 мыңнан астам мал мәжбүрлі вакцинациядан өткізілді. Оның 5 мыңға жуығы – ірі қара мал, 11 544-і – ұсақ мал, 3500-ге жуығы – жылқы және 500-і шошқа. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында карантиндік іс-шараларға 87 маман тартылып, 2500 келіге тарта ет өнімдері тәркіленіп, жойылды. Қаңғыбас жануарларды бақылауға 100 миллиондай теңге бөлініп, шамамен, 5 мың бас қаңғыбас ит ұсталса, оның 1556-сы жансыздандырылды.
Алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстарға 1 желтоқсанға дейін облыстағы барлық мал ауруларының алдын алу және диагностикалау шараларын аяқтау, жұқпалы аурулардан көмілген малдың белгісіз ошақтарын анықтау және картаға түсіру, ветеринария саласындағы цифрлық жобаларды іске қосу және мал сою нысандарын модернизациялау кіреді. Ақмола облысында ветеринарлық қызмет мал саулығын бақылау, ауруларының алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді деп мәлімдеді сөзінің соңында басқарма басшысы.
Иә, халық, қоғам мүддесі үшін де бізге солай болғаны керек.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

