Татулықпен іргеміз берік, құшағымыз ашық

Жолдауға — қолдау

Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауын аса ықыласпен тыңдап, әр сөзін зор құрметпен қабылдадық. Ел Президентінің заң мен тәртіпті, патриотизм мен бірлікті айрықша атап өтуі – халқымыз үшін аса маңызды бағдар.

Әсіресе, жас ұрпақты қолдау мәселесі  мемлекетіміздің ертеңін айқындайтын стратегиялық қадам екені даусыз.Ата дәстүр мен ұлттық құндылықтарға сүйене отырып, жаңа буынның жаңашыл ойы мен шығармашылығын ел игілігіне жұмсау баршамыздың ортақ міндетіміз. Қазақстанның болашағы бірлікте, азаматтық жауапкершілікте, заңға деген құрметте жатыр.

Бүгінде облыс орталығы Көкшетау қаласы тұрғындарының 40 пайыздан астамын түрлі этнос өкілдері құрайды. Қаламызда этностардың тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін ұстануға, дәріптеуге, сақтауға лайықты жағдай жасалған. Бұл тұрғыда еліміз өркениетті елдердегідей парасатты саясат ұстанып отыр. Өз кезегінде барша этнос Ассамблеяның берекелі шаңырағының астына жиылып, ел бірлігіне бағытталған ауқымды жоба-жоспарларды ұтымды іске асыруға және ең бастысы – мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтасып отыр. Осы орайда, Ақмола облысындағы шешен-ингуш этно-мәдени орталығы Жолдауда айтылған бастамаларды толық қолдай отырып, елдің өркендеуі жолындағы игі істерге өз үлесін қоса бермек.

Ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің тұғырлы тұрағына  айналған Көкшетаудағы «Қоғамдық келісім» мекемесі қызметінің басым бағыттары рухани бірлік идеяларын қалыптастырып, оны таратып, этносаралық келісімді нығайту арқылы қазақстандық патриотизмді насихаттап, фольклор мен көркемөнерпаздар шығармашылығын дамытып, жастарды этностардың мәдениеті мен дәстүрлерін құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады. Әр жыл сайын ел аумағында өткізілетін ұлттық және мемлекеттік мерекелерді ұйымдастыру үшін фестивальдар мен байқаулардан өзге басқа да формалар қолданылып жатады. Мұның барлығы білікті мамандар мен жалынды жастарымыздың ізденісі дер едім.  Соның нәтижесінде тың жобалар мен іргелі істер бастау алып, халық иігілігіне жол тартып жатыр.

Ақмола облысында жұмыс істейтін 48 этно мәдени бірлестіктің көздегені жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, оларды зиянды әдеттерден аулақ болуға баулу және ең бастысы, бірлікті насихаттау екені даусыз. Бұл ретте, Достық үйі жанындағы ел бірлігін сақтауды көздейтін ақсақалдар Кеңесі мен отбасылық құндылықтарды сақтау мен ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған аналар Кеңесі жұмысының маңызы зор. Сонымен қатар, медиация мен қақтығыстардың алдын алу мәселелеріне арналған «Елдесу және татуласу» жобасын жүзеге асыратын этномедиациялық орталықтың жұмысы да аса маңызды.  Ал, «Ассамблея жастары» қозғалысы, «Этно-view» және «Тәрбие басы – еңбек» сияқты жобалар да жастар арасындағы жауапкершілікті нығайтып, олардың мәдени әртүрлілікке құрмет сезімін нығайта түсуге тәрбиелеуде. Міне, жергілікті халықтың осындай ауызбірлігі мен достығы арқасында әрбір азамат мемлекет дамуына үлес қосуға тең мүмкіндік алып отыр деп ойлаймын.

Саясат өзгеруі мүмкін, экономика да құбылып тұрады. Бірақ, достық пен татулық – мәңгілік құндылықтар. Олар уақыт өткен сайын құнын жоғалтпайды, қайта арта түседі. Қазақстанның болашағы да осы құндылықтарды сақтай білуге байланысты. Бірлікті ұлықтау болашақты қорғау,  ал, достықты дәріптеу бейбіт өмірді нығайту. Бұл әрбір азаматтың парызы деп санаймын. Бұл ретте, ел Президенті Жолдауында айтылған заң мен тәртіп қағидаттарын толық қолдаймын. Заң бар жерде қоғамда тұрақтылық нығая түседі.

Герихан ЯНДИЕВ,
Ақмола облыстық  «Шешен-ингуш»  этномәдени бірлестігінің төрағасы,
«Байтақ» партиясының Ақмола облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар