«Бір ауыл – бір өнім»
Францияның Тур қаласында беделді Le Mondial du Fromage ірімшіктер байқауы өтті. Бұл түрлі елдердің өндірушілері әлемдік аренада өздерінің ең жақсы өнімдерін ұсынатын бірегей халықаралық алаң. Биыл жарысқа 32 елдің өкілдері қатысты, олардың арасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының ақмолалық финалистері жекелеген номинациялар бойынша алтын медаль жеңіп алды.
Байқауға ірімшіктердің таныстырылуы ғана емес, сонымен қатар, күрделі сынақтар да кірді. Қатысушылар теориялық сұрақтарға жауап берді, өз өнімдерінен арт-экспозициялар жасады, оңтайлы гастрономиялық комбинацияларды таңдады және жұмулы көзбен дәм татуға қатысты. Әр кезең ірімшік жасаушылардың шеберлігін ғана емес, сонымен қатар, олардың шығармашылығы мен ас дәмін түсінуді де көрсетті.
Сөйтіп, Көкшетау қаласынан «Бір ауыл – бір өнім» жобасының 2023 жылғы финалисі Эльвира Мұқашева «Сүттен дайындайтын басқа да ірімшіктер» санатында түйе сүтінен жасалған «Қымызхан» авторлық ірімшігі үшін алтын медальды жеңіп алды.
Тағы бір алтын медальдің иегері – Бурабай ауданы Қатаркөл ауылының тұрғыны Руслан Соколов. Ол «6 айға дейін пісетін жартылай қатты ірімшіктер» номинациясында «Бурабай» ірімшігін ұсынды.
– Le Mondial du Fromage байқауына қатысу мен үшін керемет тәжірибе болды. Бұл жай ғана жарыс емес, нағыз шеберлік мектебі. Әр күн жаңа біліммен, әлемнің түкпір-түкпірінен келген дарынды ірімшік жасаушылармен кездесулермен және дәм әлеміндегі бірегей жаңалықтармен есте қалды. Өз ірімшігіміз үшін алтын медаль алу – зор қуаныш пен үлкен жауапкершілік. Мен халықаралық аренада біздің еліміз бен өңірімізді көрсете алғанымды мақтан тұтамын және бұл мені жаңа авторлық өнімдер жасауға шабыттандырады, – дейді Руслан Соколов.
Осы жолы ақмолалықтармен бірге, еліміздің атынан Маңғыстау облысының «Бір ауыл – бір өнім» финалистері де осы байқауға қатысып, қоржынымызға алтын, күміс және екі қола медаль қосты. Бұл да тағы бір мәрте қазақстандық ірімшік жасаушылардың халықаралық аренадағы жоғары деңгейін көрсетеді.
– Біз жерлестеріміздің жетістіктерін мақтан тұтамыз. «Бір ауыл – бір өнім», жобасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Біздің финалистер байқауларға ғана қатысып қоймайды, олар Қазақстанды жоғары деңгейде таныта отырып, әлемдік ірімшік индустриясының шыңдарын бағындыруда. Бұл жеңістер еңбек, талант және іске деген сүйіспеншіліктің нәтижесі. Әрі мұның өзі жаңа жетістіктердің бастамасы ғана екеніне сенімдіміз, – дейді өңір кәсіпкерлерінің осы жеңісі туралы Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

