Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Әділет Мұрсалов Өңірлік коммуникациялар қызметінде биыл департамент 8 айда атқарған жұмыстардың қорытындысымен бөлісті.
Ақмола облысы бойынша департаменттің жұмысы барлық нарық қатысушылары үшін тең жағдай жасауға, бәсекелестікті қорғауға және кәсіпкерлер үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Департамент тарапынан бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзудың 7 хабарламасы мемлекеттік органдар мен нарық субъектілеріне жолданған. Аймақта қосымша білім беру бойынша мемлекеттік білім беру тапсырыстарын белгілі бір жеткізушілердің жыл сайын ұзарту тәжірибесі қалыптасқаны анықталды. Мұндай әрекеттер білім беру нарығындағы бәсекелестікті негізсіз шектеуге әкеліп, жеткізушілерге өзге нарық субъектілерімен салыстырғанда басымдық берген.
Осыған байланысты департамент тең бәсекелестік жағдайларды қамтамасыз етуді және жекелеген ұйымдарға негізсіз артықшылықтар беруден бас тартуды талап етуде. Білім басқармасы антимонополиялық органның бұл талаптарымен келісті. Келер жылы аудандар мен қалаларда белгіленген талаптарға сай барлық ұйым жалпы негізде конкурстан өтеді. Бұрын жасалған келісім-шарттар ұзартылмайды.
Бұдан бөлек, бәсекелестікті қорғау саласында заң бұзушылық фактілері бойынша 2 тергеу ісі аяқталды. Оның бірі Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бәсекелестікке қарсы іс-әрекет бойынша анықталды. Мұнда газ тарату қондырғыларын белгілі бір нарық субъектілеріне тікелей келісім арқылы бермек болған. Нәтижесінде бөлімнің бұрынғы басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Газ тарату қондырғыларын бәсекелестік жолмен беру талабы көрсетілген нұсқау шығарылды. Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінде де бәсекелестікке қарсы әрекеттер орын алып, нәтижесінде ондағы лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
Департамент мемлекеттік кәсіпорындар қызметіне мониторинг жүргізу кезінде Қазақстан Республиксы Үкіметінің №1095 Қаулысы заңнамасында көзделмеген қызмет түрлерін жүзеге асыру фактілерін байқады. Нәтижесінде квазимемлекеттік сектор ұйымдары үшін көзделмеген қызмет түрлерін тоқтату талабымен 25 нұсқау берілді. Өткен айларда біз 8 отырыс өткіздік, онда білім беру қызметтері, жер бөлу, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін дизель отынымен қамтамасыз ету және басқа да салалардағы мәселелер талқыланды. Маңызды шешімдердің бірі – нарық субъектілерін инфрақұрылымға қол жеткізуді қамтамасыз етуге жәрдемдесу болды. Ғаламторға жалғанатын байланыс желісін жүргізу үшін қаланың электр желілеріне қосылу мүмкіндігі берілді. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен де жұмыс жүргізілуде. Мұқият қаралып, зерттелген өтініштер саны – 84. Нарық қатысушыларының бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, барлық субъектіге бірдей жағдай жасалу жағы қарастырылды, – деді брифинг барысында департамент басшысының орынбасары.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

