Әкім – ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Жақсы ауданына жұмыс сапары барысында бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап, олардың жағдайын біліп, аудан тұрғындарымен кездесті.
Жаңа Қима ауылындағы «Агрофирма ТНК» компаниясының қаржысына салынған Тұрсынбек Уәлиев атындағы спорт кешенінде екі ауыл мектебінің бірінші және он бірінші сынып аралығындағы 160 оқушысы білім алады.
– 1117 шаршы метрлік үлкен спорт залында футбол, баскетбол және волейболға арналған үш көп мақсатты алаң, сонымен қатар, тренажер залы мен күрес кілемі бар. Бірінші қабатта медициналық пункт, жаттықтырушылар кабинеті, киім ауыстыратын бөлмелер болса, екінші қабатта жас спортшыларға арналған тұрғын үй алаңын қосу жоспарлануда. Спортшыларды төрт жаттықтырушы жаттықтырады, олардың бірі Олимпиада чемпионы ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Мельниченко. Мен өзім Уәлиев атындағы спорт мектебінің түлегімін, бүгінде осы жаңа, заманауи спорт кешенін басқарып отырғанымды мақтан тұтамын, – дейді спорт нысанының директоры, облыс жастарының бас жаттықтырушысы Олжас Сұлтанбеков.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда кәсіпкерлікті қолдау басты рөл атқаратынын атап өтіп, жас спортшыларға алдағы уақытта халықаралық жарыстарда сәттілік тіледі.
– Жаңа спорт нысанының ашылуы – балаларымыз бен жастарымыздың болашағына салынған инвестиция. «Агрофирма ТНК» компаниясының қолдауының арқасында ауылдық жерлерде спортпен шұғылдануға заманауи жағдайлар жасалды. Міне, осы жерден Ақмола облысының және еліміздің халықаралық аренада даңқын шығаратын жаңа жұлдыздар шығатынына сенімдімін, – деді одан әрі облыс әкімі.
Айта кетейік, мектеп Жақсы жерінен араларында бокстан әлем чемпионы Дина Жоламан мен Азия турнирінің жеңімпаздары, ағайынды Ғасымовтар бар, елге де, халықаралық деңгейде де танымал спортшыларды дайындап шығаруда.
Жақсы ауылында аймақ басшысы өткен жылдың қараша айында пайдалануға берілген аудандық аурухана жанындағы «Қамқорлық» оңалту орталығында болды. Медициналық мекемеде Атбасар, Жақсы, Жарқайың, Есіл, Егіндікөл, Астрахан және Сандықтау аудандарынан келген бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі нейро-ортопедиялық ақауы бар балаларға кешенді оңалту көмегі көрсетіледі.
Жас емделушілер гимнастикамен, механикотерапиямен айналысып, ұсақ моториканы дамытады, тіпті, арнайы аппаратта иппотерапияға қатысады. Олар тұзды бөлмеде пайдалы ауамен дем алады, шунгит бөлмесінде және психологиялық релаксация бөлмесінде денсаулықтарын жақсартады. Күрделі диагнозы бар балалар емдік және реабилитациялық костюмдермен қамтамасыз етілген. Мұнда жұмыс істеген бір жылға жуық уақыт ішінде 98 бала емделсе, 540 балаға амбулаторлық көмек көрсетілген. Орталықта аутизммен ауыратын балаларға ерекше көңіл бөлінеді.
– Арнайы оңалту бағдарламаларына маманданған біздің көп салалы командамызға невропатологтар, реабилитологтар, логопедтер, арнайы білім беру мұғалімдері, физиотерапевтер, еңбек терапевтері, жаттығу терапиясының нұсқаушылары және психологтар кіреді. Барлық мамандар оқытылды. Оңалту орталығы 241 миллион теңгеге заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бүгінде ауылдағы ата-аналар елордаға бармай, үйлерінен жақын жерде білікті көмек ала алады, – деп атап өтті бас дәрігер Эльмира Нұралина.
Ауыл жастарының қуанышына орай, Жақсыда биылғы көктемде бұрынғы сауда үйінде «Агрофирма ТНК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаржысына 700 миллион теңгеге балалар ойын-сауық орталығы ашылды. Ғимараттың бірінші қабатында сәбилер мен 14 жасқа дейінгі балаларға арналған «Activity Park» орналасқан. Онда 14 ойын алаңы бар, соның ішінде батут, жұмсақ шұңқыр, құрғақ бассейн және балалар аймақтары бар. Екінші қабатта балалар заманауи ойын автоматтарымен ойындарын жалғастырады. Балалар орталығына күніне шамамен 50-ге жуық адам келеді.
Сонымен қатар, облыс әкімі өткен жылы салынған модульдік қазандықтың жұмысымен де танысты. Осы жылу нысанын пайдалануға берудің арқасында облыс орталығындағы бес қазандық оңтайландырылып, әлеуметтік нысандар мен көпқабатты 17 тұрғын үйге жылу берілді.
Жақсы ауданы тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі өңірдің алдында тұрған маңызды өзекті мәселелерді, соның ішінде инвестиция тарту және цифрландыру, жалақы деңгейі, тиімді жұмсау, салық түсімдерін талқылады.
Марат Ахметжанов атап өткеніндей, ауданға инвестиция тарту үшін өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, қаржыны өңдеуші өнеркәсіпке, жаңа технологиялар мен жобаларға бағыттап, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет.
Облыс әкімі Ақмола облысы еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің орталығы екенін тағы да баса айтты. Биылғы жылы аудан көктемгі егісті 517 200 гектардан аса алқапқа жүргізіп, облыс бойынша бұл үлес жалпы егіс алқабының 10 пайызын құрап, барлық өңірлер арасында екінші орында тұр.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында диқандар майлы дақылдар алқабын 3,3 есеге жуық ұлғайтты. Мемлекет ауыл шаруашылығына қайтарымсыз субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер түрінде көмек көрсетеді. Бұған дейін аудандағы шаруалар егіс жұмыстарын қаржыландыруға жалпы сомасы 7,8 миллиард теңгеге жеңілдетілген несие алған.
– Бұл ауыл шаруашылығы іс-шараларын кешенді түрде, жоғары сапада жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Бұл жай ғана көмек емес, өнімділікті арттыру және бизнесті ынталандыру мүмкіндігі екенін есте ұстаған жөн. Бүгінгі таңда егін жинау науқанын сәтті аяқтау басты міндет,– деді облыс әкімі.
Ауданның көлік инфрақұрылымы саласында құны жарты миллиард теңгеден асатын бес жоба жүзеге асырылуда. Облыстық «Жақсы-Державинск» және «Атбасар-Қима-Жақсы-Державинск» автомобиль жолдарының 56,7 шақырымында, сондай-ақ, аудандық маңызы бар жолдардағы жеті су өткізу құбырында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте, Жақсы ауылындағы вокзалды қайта жөндеу, вокзал алаңын абаттандыру жұмыстары қатар атқарылуда.
Аймақ басшысы аудан тұрғындарын әлеуметтік салада жүзеге асырылып жатқан жобалармен таныстырды. Жаңа блок-модульдік қазандығын орнату, Калинин, Чапаев, Есіл, Перекатное, Тарасовка ауылдарындағы бес мектепке күрделі жөндеу жүргізу және «Қазақстан халқы» қорының қолдауымен «Қамқорлық» оңалту орталығының ашылуы, сондай-ақ, Киров ауылында ағымдағы жылы аяқталатын фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы осы жобалар санатында.
Өз кезегінде жақсылықтар жол, мектеп жөндеу жұмыстарына және басқа да өзекті мәселелерге қатысты көкейтесті ойларын ортаға салды. Облыс әкімі тұрғындармен болған кездесуден соң, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Вероника БУРДА.
Жақсы ауданы.
![]()

