Ерейментау тарихынан кітап жазып қалдырған

Жақсының аты өшпейді

Ерейментау аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің  ұйымдастыруымен осы ауданның құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері Манап Бектасұлы Әдірешевтің «Ерейментау ауданындағы ауылдар тарихы» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Кешке аудан әкімі Нұрлан Мұқатов, мекеме басшылары, мектеп ұстаздары мен оқушылары, қала және ауыл тұрғындары, жазушының отбасы мүшелері мен өмірлік серіктес достары қатысты. Таныстырылым рухани жаңғыру мен өлке тарихын тануға бағытталған маңызды мәдени оқиға ретінде өтті.

Шараны аудандық кітапхана әдіскері Гүлдана Балтабайқызы жүргізіп, кеш иесінің өмір жолы мен шығармашылық еңбегі туралы деректермен бөлісті. Кітапханашы Жібек Хасанқызы «Ерейменге еңбегі сіңген азамат» атты ауқымды кітап көрмесіне шолу жасап, көрмеде автордың өзге де еңбектері қамтылды. Жаңадан жарық көрген «Ерейментау ауданындағы ауылдар тарихы» кітабына библиографиялық шолуды аудандық кітапхана библиографы Арайлым Қайратқызы жасады.

Аталмыш шарада аудан әкімі Нұрлан Зияйденұлы құттықтау сөз сөйлеп, жазушының өңірге сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Өз сөзінде ол Манап Бектасұлының өлке тарихын терең зерттеп, ұрпаққа мол мұра қалдырғанын айтып, жүрекжарды лебізін білдірді. Автордың отбасына салтанатты түрде естелік сыйлықты табыстап, алғысын жеткізді. Бұл игі қадам азамат еңбегіне деген лайықты құрметтің көрінісі болды.

Сондай-ақ, көрермендер назарына автордың әр жылдары түрлі телеарналарға берген сұхбаттарынан арнайы дайындалған бейнеүзінділер ұсынылды. Ерейментау ауданының құрметті азаматы, мәдениет саласының үздігі Сайлау Жылқыбаевтың авторға арналған жүрекжарды арнауы кешке ерекше рухани сипат берді. Жыр жолдары жиналған жұрттың жүрегінен орын алып, көпшілік тарапынан зор қошеметке ие болды.

Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсерлі әндер орындап, көрермендердің жүрегін тебірентті. Әнмен өрілген сәттер кештің маңызын арттырып, жиналған қауымға ерекше рухани әсер сыйлады. Шынайы сезім мен өнер екеуара үйлесім тапқан сазды әуендер авторға деген құрметтің жарқын көрінісі болды.

Манап Бектасұлы өзінің өнегелі ғұмырында артында өшпес із, мол рухани мұра қалдырған асыл азамат. Оның осы өлкенің тарихына жанашырлықпен қарауы және оны ұрпақ жадында қалдыруға деген ұмтылысы зор құрметке лайық. Осындай тұлғаның өмір жолы мен қалдырған еңбегі жас ұрпаққа үлгі, барша қоғам үшін ортақ құндылық. Бұл кеш тек асыл азаматты  еске алу ғана емес, көпшілікпен болашаққа бағдар берер тағылымды кездесулердің бірі десек орынды болмақ.

Г.ЖЫЛҚЫБАЕВА,
Ерейментау аудандық орталықтандырылған
кітапханалар жүйесінің әдіскері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар