Әкім — ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Атбасар ауданына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті және халықтың көкейтесті сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ, Шуйское ауылында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен бірге өңірдің аграршыларымен кездесу өткізді.
Әкім, бірінші кезекте, Атбасар ауданының орталығы Атбасар қаласында өткен халықпен кездесуінде өңірдегі хал-ахуалдың бәрін құрғақ есеппен емес, ауызша баяндап берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын цифрландыру міндетін қойып отыр. Атбасар ауданы бұл міндетті орындап жатыр. Ауданда «Шуйское-21», «Бастау», «Новосельское», «Самарский» шаруашылықтары цифрландыру жүйесін енгізуде. Олар тракторлар мен комбайндарға навигаторды, қозғалысты бақылау трекерлерін қондырып, сондай-ақ, тамшылатып суару қондырғылары мен автоматтандырылған метеостанциялар орнатты. Ал, алқаптар мен қоймаларда бейнебақылау мен талдамалық жүйелер сәтті қойылса, сүт фермасында жан-жануарларды автоматты сәйкестендіру жүйелері енгізілген. Жағымды жаңалықтардың бірі ретінде былтыр Эстониямен жүргізілген келісім-шарт туралы айтсақ болады. Тиімді келісім-шарттың нәтижесінде 200 мың тонна астық Балтика еліне жеткізіледі.
– Биыл 7,2 миллион тоннадан астам астық жинау жоспарланып отыр. Биылғы астық түсімі соңғы 15 жылдағы ең жоғары деңгейге жетпек. Бұған Атбасар ауданының диқандарының қосқан үлесі зор. Ауданда былтыр 551 мың тонна, ал, биыл 653 мың тонна астық жинау жоспарланған. Бұл жетістік – мемлекет пен аграршылардың бірлесе атқарған еңбегінің жемісі. Екінші мәселе, алдағы уақытта Парламент үш жылдық республикалық бюджетті бекітеді. Субвенциялар да үш жылға есептеліп бөлінеді. Сондықтан, қаржы енді нақты жоспармен беріледі – артық та емес, кем де емес. Қазір елімізде басқару жүйесі «децентрализацияланып» жатыр. Бұл дегеніміз, аудан әкімі енді қаржының тиімді жұмсалуына тікелей мүдделі болады. Халықпен бірлесе отырып, жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасау қажет, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Ауданға көрсетілген мемлекеттік қолдау жақсы. Мемлекет тарапынан 12,1 миллиард теңгеге дейін қаражат берілді. Оның жартысы «Кең Дала» және «Кең Дала 2» бағдарламалары бойынша көктемгі егіс пен жинау жұмыстарына жеңілдетілген несиеге бөлінді. 4,1 миллиард теңге қайтарымсыз субсидиялар мен 133,4 миллион теңге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бөлінді. Жеңілдетілген лизингпен 1,5 миллиард теңгеге 75 техника сатып алынды. Аудандағы 191 шаруа қожалығы 7 мың тонна дизель отынымен қамтылды. Кезінде Қазыбек би бабамыздың «Біз қазақ мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз» деген тіркесі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Былтырдан бері «Бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ірі сүт фермасын салып жатыр. Кәсіпорынға жоғары сапалы голштин-фриз тұқымды ірі қара малын сатып алынады. Бүгінде 5 қораның 2-еуі салынды. Келесі жылы 1 мыңға жуық бас ірі қара мал сатып алынады. Дегенмен, аймақ басшысы Атбасарда сүт пен ет өңдейтін кәсіпорындардың жеткіліксіздігін айтып, бұған тиісті министрлікпен бірлесе қарап, шешім қабылдайтынын жеткізді.
Бұдан бөлек, кездесуде аймақ басшысына мұңын шаққан жандар да болды. Сөздерінше, әлеуметтік осал топ өкілдері берілген баспаналардың кейбірінің сапасына наразы. Марат Ахметжанов бұл мәселені шешуге аудан әкіміне 10 күн мұрсат берді.
Былтыр облыс әкімінің тапсырмасымен тұрғын үй құрылысына тексеріс жүргізіліп, 304 миллион теңге бюджет қаржысын заңсыз пайдалану дерегі анықталып еді. Қаражатты қолды қылған мердігер ұйымдар мен құрылыс бөлімінің басшылары 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Жылыту маусымына келсек, Атбасарда 16,7 миллиард теңгеге екі ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Олар орталық қазандықты қайта жаңғырту және шамамен 5 шақырым жылу желілерін салу. Келесі жылы 1,5 шақырым жылу желісі мен екі қазандық жөнделеді.
Тағы бір өзекті мәселе – су тасқыны. Аудан тұрғындары жыл сайын су тасқынына ұшырап жатады. Салдарынан былтыр 375 тұрғын үй зардап шекті. Бірақ, баспанасы су астында қалған жандарды мемлекет панасына алып, 165 отбасына жаңа үйлерден пәтер кілті табысталды. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда биылғы су тасқынында шығын азайған. Ақан Құрманов және Самарка ауылдарындағы су шайып кеткен 14 үйдің тұрғындарына 21,2 миллион теңге өтемақы төленді. Алғаш рет Жабай өзенінің арнасын тереңдету, кеңейту жұмыстары жүргізілді. Табиғи апатты болдырмау үшін бүгінде өзеннің ұзындығы 7 шақырымнан астам Атбасардағы учаскесі тазартылуда. Сондай-ақ, Атбасар-Сочинск тасжолының 19 шақырым учаскесіне көпір мен 6 шақырымға тарта жаңа бөгеттер салынды. Тұрғын үй құрылысында өңіріміз бұрын су тасқынының салдарымен күрессе, бүгінде реновация кезеңіне өтуде. Жоба басталғалы Көкшетауда 365 пәтерлі 6 үй мен Бурабайда 48 пәтерлі 1 үй салынған. Ал, бүгінде 600 пәтерлі 6 үй салынуда. Осы күзде Макинск, Бурабай, Аршалы өңірлерінде 300 пәтер, ал, келесі жылы Көкшетауда қалған 300 пәтер тапсырылады. Атбасарда Әуезов көшесінде орналасқан апатты үйлердегі 24 отбасы уақытша басқа пәтерлерге көшірілген. Оларға келесі жылы жаңа 145 пәтерлі үйден баспана беріледі.Тұрғын үй алу кезегінде жетім балалар, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтар, апатты үйдің тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер тұр. Жалпы 1185 адам баспанамен қамтылады.
Халықпен кездесіп, оларды жеке қабылдағаннан соң, Шуйское ауылында облыс әкімі Марат Ахметжанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірдің аграрлық сала өкілдерімен кездесті. Кеңесті ашқан облыс әкімі егін жинау барысы мен ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізу туралы айтып өтті.
– Қазір терең өңдеу бағыты бойынша жаңа бағдарлама іске қосылды. Терең өңдеу – тек ұн емес, тағамдық қоспалар мен жоғары сапалы өнім өндіру. Мұндай өнімнің құны жай астықтан 10-15 есеге қымбат бағаланады. Республикалық маңызы бар индустриялық аймақта 5 мың тұрақты жұмыс орны пайда болады, – деп атап өтті облыс әкімі.
Ауыл шаруашылығы министрі алда Президент тапсырған ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті. Айдарбек Сапаровтың сөзінше, бүгінде өндіріс көлемін арттырумен қатар, ауыл шаруашылығында тұрақты, тиімді және бәсекеге қабілетті жүйені қалыптастыру маңызды. Биыл еліміздің диқандары саланы жеңілдетілген қаржыландыру көлемі рекордтық 1 триллион теңгеге жеткен. 1 қазаннан бастап 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына арналған қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталды. Жыл басынан бері «Даму» қоры жалпы сомасы 230 миллиард теңгеге 1300 кепілдік берген. Жеткілікті кепілдік мүлкі жоқ фермерлерге несие алып, жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді.
Мал шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасы несиелік өнімдер желісін кеңейту, инвестициялық жобаларды қолдау және «Даму» қорының 80 пайызға дейін кепілдік беруін қарастырады. Бағдарлама кәсіпорын тауарларын, құс фабрикаларын және өнімді қайта өңдеу саласын да қамтиды. Өңірдің ауыл шаруашылығы өндірушілері субсидиялау, логистика, инфрақұрылым және қаржыландыруға қолжетімділік мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстар мен сұрақтарын жеткізді. Барлық ұсыныстар салалық бағдарламаларды әзірлеу кезінде ескерілетіні айтылды.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Атбасар ауданы.
![]()

