Бәрекелді!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекет тұрғын үй құрылысын дамытып, баспананы қолжетімді ету үшін тиісті шаралар қабылдайды» деген болатын. Жергілікті жерде осы тапсырмаға сәйкес игілікті істер жүзеге асырылуда.
Көкшетауда әкімдік пен «Отбасы» банк бірлесіп, жаңа бағдарламаны жүзеге асырды. Бұл игі іс осы тараптың алғашқы қарлығашы іспетті. Бүгін 21 пәтердің кілті табыс етілді. Алдағы уақытта барлығы 68 пәтер пайдалануға беріледі.
Тұрғындарға пәтерлердің кілтін тапсыру салтанаты кезінде облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігіне тоқталып өтті.
«Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалының директоры Алмат Нұрахметовтың айтуына қарағанда, өтінім берушілердің атында соңғы бес жылда пәтері болмауы керек. Өтінімдерді сарапқа салған кезде кезекте бірінші тұрған адамдарға басымдық беріледі. 8 санаттағы азаматтарға жеңілдік бар. Олар жетім балалар, көп балалы отбасылары тәрізді әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар. Отбасы банкте депозит ашып, ақша жинау және үй бағасының 10 пайызы көлемінде бастапқы жарна төлеу қажет.
–Мемлекеттің қамқорлығына дән ризамыз, – дейді қала тұрғыны Әлия Бейсембаева, – Отбасы банкінің бұл бастамасы қарапайым халық үшін өте қолайлы. Тұрғын үйдің бір шаршы метрі 261 225 теңгеден келіп отыр. Бір жақсысы, барлық пәтерлерге жөндеу жұмыстары жасалған, тек жиһаздарыңызды алып келсеңіз болды. Су, жылу, электр қуаты, газ тартылған.
Жаңа пәтерге ие болғандардың арасында он жылдап кезекте тұрғандар бар екен.
–Мен 18 жыл бойы кезекте тұрдым, – дейді жаңа пәтерге ие болғандардың бірі Жанат Нығметжанқызы, – сондықтан, көптен күткен қуаныш болып отыр. Қарапайым халықты осындай қамқорлығына бөлеген Мемлекет басшысына ақ алғысымызды айтқымыз келеді.
Қоныс тойына жиналған халық пәтерлерді аралап көріп, сапасына көңілдері толатынын айтып жатыр. Әжелер шашу шашып, аталар батасын беруде. Баспананың бақыт кілті екендігі де рас.
–Үш жерде жұмыс істедім. Сонда да үй сатып алуға қаражат жинай алмадым. Біздің өңірде тұңғыш рет қолға алынған осы бастама қарапайым адамдардың баспаналы болуына жағдай тудырып отыр, – дейді қуанышқа кенелгендердің бірі Әлия Баякина, – қолымда қарт анам бар. Баспанаға қол жеткіземін деп қара жұмыс істеуден арланған жоқпын. Еден де жудым, кеңселерді тазартумен де айналыстым.
Көкшедегі бұл қоныс тойы қарапайым көпшіліктің көкіректеріне нұр сәулесін құйған, ақ түйенің қарны жарылған күн болды.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
![]()

