Өткен айдың соңында аудан әкімі Асқар Мұратұлының Қызылегіс селолық округі тұрғындарымен дәстүрлі есеп беру кездесуі өтті.
Кездесудің мәнді, мағыналы, белсенді түрде өтуі, жергілікті тұрғындардың ертеңгі күнге деген сенімділігін арттырып, жергілікті билікке қатысты жақсы көзқарас қалыптастырғаны сөзсіз. Мұндай ойдың себебі, осыдан 10-15 жыл бұрынғы есепті кездесулер біржақты өтуші еді. Қоғамда егемендіктің алғашқы жылдарында шешімін таппай қордаланған, халықты ашындыратын әлеуметтік мәселелер биліктің алдына көлденең тартылатын. Билік өкілдері жағдайды мойындап, шешімін қарастыруы туралы қаулылар қабылдайтын. Қазіргі кезде жағдай басқаша. Еліміз егемендігінің ширек ғасырында әлеуметтік-экономикалық дамуда алға басуы, Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында бүкіл әлемге танылуымыз қазақстандықтарды қуантуда. Елімізбен бірге ауданымыз да әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Соңғы жылдарда өңіріміз облыс көлемінде экономиканың қай саласында болмасын алғашқы қатардан көрінуде. Кездесуге қатысқан ауыл тұрғындары аудан басшысына жоспардағы 10 шақырымның орнына барлық жолдардың (53 шақырым) ағымдағы жөндеу жұмыстарына және Қызылегіс ауылы мектебінің шатырын 5 миллион теңге жұмсап, жөндеуге ықпал жасағаны үшін ризашылықтарын білдірді.
Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары белесінен көрінуі аудандық мәслихат депутаттарының (хатшысы Қайрат Ауғалиев) белсенділігі мен біліктілігінің, атқарушы билікпен тізе қоса жұмыс істеуінің нәтижесі екені сөзсіз. Тұрғындар арасында депутаттарымыздың беделдері жоғары. Округіміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайы ойдағыдай деуге болады. Әлеуметтік мекемелер қалыпты жұмыс істеуде. Ауыл шаруашылығында да оң өзгерістер байқалады. Егістік алқаптар түгелімен пайдаланылып, 60-65 пайызы жаңа технологиялар бойынша өңделуде. Жеке меншіктегі мал басы 1991 жылмен салыстырғанда 2 есеге көбейді. Әрбір отбасына шаққанда ірі мүйізді қара мал 6-8, жылқы 2-3, ұсақ мал 16-18 бастан келеді. Округіміз соңғы жылдары тазалық, жолдарды ұстау бойынша алдыңғы қатардан көрінуде.
Аудан басшысы тұрғындар алдына жер телімдерін, жайылымдарды тиімді пайдалана отырып, мал басын әлі де болса көбейту туралы нақты тапсырма берді. Осыған орай, мал шаруашылығында көптеген жылдар еңбек еткен тәжірибеме сүйене отырып, ауыл шаруашылығын әрі қарай дамыту және жастарды тәрбиелеу идеологиясына қатысты кейбір мәселелер жөнінде өз ойыммен бөліскім келеді.
Президентіміздің соңғы Жолдауын-да ауыл шаруашылығының дамуына басымдылық берілуде. Аудан әкімінің тапсырмасын қолдай отырып айтарым, ұсақ шаруашылықтар бірігіп кооперативтік ұжым құрмай, ортақ істің алға баспайтыны ақиқат. Себебі, көптеген ұсақ шаруашылықтарда айналымдағы және негізгі қаражаттың, меншіктің жоқтығынан жоғары технология енгізілмейді, көптеген жылдар бойы алқаптар өңделмеуде, менталитетіміз (өзіме-өзім басшымын ұғымы) кедергі жасауда. Аудан мамандарының ақыл-кеңесімен, басқа да көмегімен мәселені оңтайлы шешуге болады деген ойдамын.
Елді мекендердегі ардагерлер арасында ауыл шаруашылығының мамандары жетерлік, оларды да еңбекке тартуға болар еді.
Қоғам өміріндегі билік саласында идеология мәселелерімен айналысушылардың алар орны ерекше екеніне еш күмән жоқ. Олардың атқарып жатқан қызметтері көзге аса көрінбейтіні, қолмен ұстауға келмейтіні, нәтижесі көп уақыттан кейін ғана белгілі болатыны баршамызға жақсы мәлім. Егемендіктің алғашқы жылдары идеологиямызда ауасыз кеңістіктер көп болды десек, соңғы жылдардағы қарышты қадамдардың арқасында сала жұмысы ойдағыдай атқарылуда.
Дегенмен, қазіргі кездегі дүние жүзіндегі саяси ахуалды ескере отырып, жастарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз қажет, патриоттық сана- сезімнің жоғары деңгейде болуы, жат идеологияға қарсы тұратын бірден-бір күш екенін есімізден шығармауымыз керек. Патриоттық сезім тәрбиесінде еліміздің тарихын білу басты фактор. Ауданымыздың 80 жылдық мерейтойының алдында аудандық басылымдарда мақалалар жазып, мәселе көтерген едім. Ол – ауданымыздың елді мекендері тарихының аудан бойынша мәліметтер базасын қалыптастыру. 1975-1980 жылдардан бастап үлкенді-кішілі ауылдар тарих қойнауына еш деректерсіз кетуде. Ауылдарда тұратын ақсақалдардың көзі тірісінде тарихи мәліметтер жинауды жеделдеткен дұрыс деп есептеймін. Жұмысты қоғамдық негізде сапалы түрде аяғына дейін жеткізу мүмкін емес, сондықтан, жоба, зерттеу тобын құрып, жұмыс жүргізсе болар еді. Істің маңыздылығын бір мысалмен түсіндірсем деп едім.
Шағын Әз, Қызылқайнар ауылдарын мекендеген Қылды көмекей руынан «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында Абылай ханның серіктестері болған ағайынды Арлан-Шамай, Рай атты батыр бабаларымыз кезінде шапқыншы жаудан елімізді қорғаған. Қостомар ауылы ертеде Долбы деп, жоңғар ханының қызы, Жайылған батырдың әйелінің есімімен аталған. Кенесары ханның заманындағы би Бөгенбай атамыз да осы рудан. Жалпы, ауданымыз бойынша көптеген ауылдардың атаулары тарихи тұлғалардың есімдерімен тығыз байланысты.
Тарихи тұлғалармен шектелмей, Кеңес дәуіріндегі елге ерен еңбегімен танымал болған ел басқарған ағалар мен қарапайым еңбек ардагерлерінің тарихынан мәлімет базасын жасаса дұрыс болар еді. Ондай ауылдар, танымал азаматтар туралы кезінде Олжабай Нұрғалиев ағамыз, Күләш Сәбікенқызы апамыз, Валентина Леонова, Валентин Кушко, тағы басқа жерлестеріміз көлемді мақалалар жазған болатын. Осы мәліметтерді топтас-тырса, нұр үстіне нұр. Қазақта «Айтылмаған сөздің атасы өледі», «Сын түзелмей, мін түзелмейді», «Ұлым саған айтам, қызым сен тыңда» деген мақалдар бар. Осы көтерген мәселелерге идеологтарымыз құлақ асып, іске кіріссе, игі болар еді. Айтайын дегенім, идеология жұмысында қателіктерді шама келгенше жібермеген дұрыс, өйткені, шаруашылық мәселесінде жіберілген қателіктер кейін де түзеле жатады, ал, идеологияда түзету қиын, сондықтан, түсініксіздіктер туғызады. Идеология саласында қызмет атқарушылар жастар. Жастарға қателік жібермес үшін үлкендер тарапынан, нақтылап айтсақ, аудандық ардагерлер Кеңесінен ақыл-кеңес, көмек қажет. Ауданымыздың көптеген ауылдарында кеңес дәуірінде өңіріміздің абыройын еңбегімен облысқа, республикамызға асқақтатқан аталар мен әжелер, ағалар мен апайларымыз баршылық. Олар ерен еңбегімен бүгінгі шат-шадыман күнімізді жақындатқанын кейде ұмытып кетеміз.
Елбасымыздың «Қарапайым еңбек адамын марапаттауды ұмытпайық, нан жеуіміз солардың арқасында, құрметті ағайын!» деген қағидасын да естен шығарып аламыз. 1975-1980 жылдары есімдері республикаға әйгілі диқандарымыз қостомарлық О.Құсайынов, Көктерек ауылының тумалары ағайынды 4 жігіт – Мұтағаровтардың есімдерін естімегелі көп жылдар болыпты. Мысал үшін мен тек екі ауылдың ғана азаматтарын атап өттім.
Қазіргі кезеңде идеологтардың алдында бірінші кезекте жастардың адал еңбек етіп, бәсекелестікке төтеп беру машықтарын игерулерімен қатар, қазақстандық ұлтжандылық пен өз еліне деген сүйіспеншілік, рухани-адамгершілік тәрбиесін қалыптастыру міндеті тұр. Болашақ Мәңгілік ел азаматын қалыптастырудың бас-тауы да осында.
Егемендіктің алғашқы қиын-қыстау кезеңдерінде кез-келген басшы, әсіресе, қиындықтан зардап шеккен тұрғындармен қоян-қолтық еңбек еткен ардагер әкімдер қашан түзу таңымыз атып, күніміз бататын кез болады екен деп армандайтын.
Сол кезеңдерде Елбасы төменгідей мәлімдеме жасаған еді: «Мен білемін, ауыл әкімдерінің қандай жағдайда еңбек етіп жатқандары маған белгілі. Әлі-ақ заман түзеледі, қалыпты жағдайда еңбек ететін боласыңдар». Осы сөздер кезінде тек қана басшыларға емес, жалпы халыққа қайрат-жігер, ертеңге деген сенімділік туғызған еді. Ширек ғасырлық тойымызды бүкіл ел болып тағатсыздана күттік. Осы айтулы мереке қарсаңында көтеріңкі көңіл-күймен, ойланып-толғанып аудандық басылымдарға ел Тәуелсіздігіне арнап мақала жаздым. Ойым жастар білсін, егемендіктің тарихынан тәлім-тәрбие алсын деген ниетпен патриоттық сезімдерін ояту, бүгінгі жетістіктердің оңайлықпен келмегенін, аға буын өкілдерінің қажырлы еңбектерін жеткізу еді.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, мерейтойымыз да келіп жетіп, кең ауқымды шаралармен аталып өтілді.
Ширек ғасыр ішінде әкімдердің үш
буыны қалыптасты. Аудан орталығында өткен салтанатты жиналысқа 20 жылдан аса әкім болып қызмет атқарған алғашқы буын өкілдерінің бірде-бірі белгісіз себептермен шақырылмадық. Осы жағдай болашақта идеологтарымыз бен ардагерлер Кеңесін ойландырады деген ойдамыз.
Сөз соңында біз, ардагерлер әлі де қатардамыз, біз Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатын, жыл сайынғы Жолдауын жергілікті тұрғындарға жеткізіп, түсіндіруде әлі де аянбай еңбек етуге дайынбыз дегім келеді.
Теміртас АХМЕТБЕКОВ,
мемлекеттік қызметтің ардагері.
Зеренді ауданы.