Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшылығымен кездесіп, акционерлік қоғамның жылдық есебін тыңдады.
Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша корпорация тұрақты даму серпінін сақтап, қаржылық тұрақтылығын нығайтқаны және қызмет ауқымын айтарлықтай кеңейткені белгілі болды.
Осы аралықта табыс 27 пайызға, пайда 11 пайызға артты. 2024–2025 жылдары корпорация 14,8 миллиард теңгеден астам несиелерді өтеді. Салықтық түсімдер 450 миллион теңгеден асты, бұл қаржылық қызметтің ашықтығы мен тиімділігінің жоғары деңгейін дәлелдейді.
Корпорацияның несие портфелі үш есеге жуық өсіп, 25 миллиард теңгеден 67,5 миллиард теңгеге жетті. Қаражат басым бағыттарды іске асыруға бағытталды. «Кең дала — 2» бағдарламасы аясында 197 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі егіс және орақ жұмыстарына 46 миллиард теңге көлемінде қолдау алды. Агроөнеркәсіптік жобаларға 18 миллиард теңге бөлініп, жеті тауарлы-сүт фермасы, екі суару жүйесі және сыйымдылығы 8,5 мың тонна болатын заманауи көкөніс қоймасы салынды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 400-ден астам қарыз алушы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңгеге қаржыландырылып, бұл ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етті.
Корпорация әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеуге белсенді қатысып келеді. Бұл мақсатта тұрақтандыру қоры, форвардтық қаржыландыру және жеңілдетілген несиелеу тетіктері қолданылып, оның жалпы сомасы 3,3 миллиард теңгеден асты.
Тұрғын үй қорын жаңғыртуға да ерекше назар аударылуда. Есепті кезеңде 21 ескі үй сырылып, орнына жеті заманауи тұрғын үй салынып, шамамен 700 отбасы баспаналы болды. Ақмола облысында реновацияның алты жобасы жүзеге асырылып жатыр, ал, келесі кезеңде он жаңа тұрғын үй кешенін салу жоспарлануда.
Келесі жылы корпорация Қазақстан тұрғын үй компаниясымен бірлесіп жаңа тұрғын үй құрылысын қаржыландыру бағдарламасын іске қосуды жоспарлауда. Бағдарлама облыс аудандарында жұмыс істейтін азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етіп, құрылыс саласының дамуына серпін береді. Несие мөлшерлемесі – жылына 3,1 пайыз, мерзімі – 10 жылға дейін, бастапқы жарна – тұрғын үй құнының 10 пайызы.
«KOKSHE» ӘКК бүгінгі таңда бизнестің, әлеуметтік саланың және мемлекеттің мүдделерін тоғыстырған өңірлік экономикалық саясаттың негізгі құралы болып табылады. Корпорацияның жұмысы Ақмола облысының дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер етеді.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі корпорацияға оң қаржылық серпінді сақтауды және бюджеттік әрі бюджеттен тыс қаражаттың тиімді пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етуді; ішкі басқару және есеп-қаржы процестерінің ашықтығы мен цифрландыру деңгейін арттыруды; «Кең дала 2» бағдарламасын іске асыруға белсенді қатысуды және 2026 жылы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын кеңірек қамтуды; тұрақтандыру қорының тауарлық қорларын ұлғайтуды тапсырды.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

