Білімге – инвестициялар

Қазақстан Республикасының Жоғары білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов Ақмола облысының тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиынға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев қатысты.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде өткізілген жарқын жүздесуде министрліктің жоспарлары мен жұмыстары және жаңа жобалары таныстырылды. Сондай-ақ, министрлік тарапынан жүзеге асырылып жатқан реформалар мен 2023–2029 жылдарға арналған ғылым мен жоғары білімді дамыту тұжырымдамасының негізгі бағыттары сөз болды.

– 2022 жылы біздің министрлікпен үлкен құжат дайындалды. Құжатымызда Жоғары білім және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарды қамтитын стратегиясы бекітілді. Жалпы, бұл стратегия бүкіл атқарылатын жұмыстарды 3 топқа бөлді. Оның біріншісі, Жоғары білім, екіншісі ғылым және үшіншісі мемлекеттік тіл саясатына қатысты жұмыстар, – деп атап өтті вице-министр.

Кездесудегі ең маңызды әрі жағымды жаңалықтардың бірі – «Келешек»  бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі таныстырылды. Жоғары білім алуға қаржылай қолжетімділікті арттыратын жобаға қатысушы әр балаға мемлекет тарапынан 60 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бастапқы капитал және жыл сайын 5 пайызбен мемлекеттік сыйақы беріледі. Ол үшін ата-аналар банктен немесе сақтандыру қорынан аталған бағдарлама бойынша депозит ашып, ай сайын тұрақты түрде кемінде 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жарна салып отырса жеткілікті. Яғни, балаңыз 5 жасқа толған кезде банктен «Келешек» бағдарламасымен депозит ашуыңызға болады. Бала 18 жасқа толғанда оның жинағына Ұлттық қордан қосымша 3 жарым мың доллар аударылады. Осылайша, вице-министр жиынға қатысушыларды қаржылай сауатты болуға және қаражатты білімге тиімді түрде жұмсауға үндеді. Бүгінде жоба бойынша 48 мыңға жуық есепшот ашылған. Көбінесе, Жетісу, Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстары белсенділік танытқан.

Биылғы оқу жылына мемлекеттік 93 232 білім гранты бөлінді. Бакалавриат бойынша 77 084, магистратура бойынша 13 229, ал докторантураға 2 919 грант қарастырылған. Гранттардың 2 365-і шетелдік филиалдардағы оқуға, 2 140 грант қандастарға және 9 527-сі әлеуметтік осал топтағы жастарға тағайындалды.

Студенттердің әлеуметтік жағдайы да жыл өткен сайын жақсарып келеді. Бакалавриат стипендиясы 47 135 теңгеден 52 372 теңгеге дейін, магистранттарға 107 061 теңгеден 117 098 теңгеге дейін, докторанттарға төленетін шәкіртақы көлемі 240 мыңнан 262 500 теңгеге дейін өсті. Педагогикалық бағытта білім алатын студенттерге арнайы 300 дифференциалды грант енгізілді.

Елдегі 15 жоғарғы оқу орнында «Гугл ЭйАй» курстары және 47 университетте «Хуавей ИКТ» академиялары іске қосылды. Цифрландыру жүйесі басты назарда.

– «Ай-Сана» бағдарламасы жақсы бағдарлама. Ол бізге ең алдымен жасанды интеллекті оқыту мәселесін шешуге көмектесетін барлық білім беру ресурстарын қамтиды. Яғни, бағдарлама жасанды интеллектіні дұрыс пайдалануға үйретеді. Қазіргі уақытта ол бірнеше кезеңнен тұрады. Бастапқы кезең жасанды интеллект негіздерін оқытуды талап етеді. Бүгінгі таңда 600 адам оқытылды. Алдағы уақытта 650 мың адамды оқытуды мақсат етіп отырмыз. Олар жасанды интеллект негіздерін үйренеді, – деп атап өтті Талғат Ешенқұлов.

Соңғы екі жылда Қазақстанда 33 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылды. Сонымен қатар, қазақстандық 4 университеттің шетелде өз филиалдары іске қосылды. Ол Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Түркіменстан елдері. Бүгінде еліміздің 21 университеті әлемдік «КьюЭс Ворлд Юниверсити» тізіміне енді. Оның ішінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 163-інші орында тұр.

Биыл жаңадан 5 жарым мың орындық 11 жатақхана бой көтерді. Соның ішінде Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2 656 орындық ең ірі студенттік жатақхана іске қосылды. Сонымен қатар, Алматы халық шаруашылығы университетінде 420 орындық, Солтүстік Қазақстан университетінде 1 200 орындық және басқа да өңірлерде заманауи кампустар салынды.

Педагогикалық білімді жаңғырту аясында 30 оқу бағдарламасы халықаралық деңгейде жаңартылып,  дуалды оқыту тәжірибесі кеңейтілді. Инклюзивті білім беру бағытында түзету және оқыту, диагностика және бағалау әдістері енгізілді.

Инженер мамандығы  индустрия 4.0 талаптарына сәйкестендіріліп, оған цифрлық құзыреттер, этикалық инжиниринг пен жаһандық стандарттар енгізілді. Қысқа мерзімде белгілі бір салаға бейімдейтін микробіліктілік және сертификаттау жүйесі құрылуда.

Ғылым саласындағы реформаларға келер болсақ, былтыр қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң ғылым саласын басқарудың жаңа моделін бекітті. Еліміздегі 5 университетке зерттеу университеті мәртебесі берілді. Олардың қатарында Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті және Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды университеті бар.

2023-2025 жылдар аралығында 835 ғылыми жоба, 264 бағдарлама және 269 коммерцияландырылған жоба жүзеге асырылды. Әлемнің жетекші зерттеу орталықтарында 1 жарым мыңға тарта ғалымдарымыз  тағылымдамадан өтті. Ал, 560 жас ғалым тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ғылыми қызметкерлердің жалақысы 18–17 пайыз аралығында көтерілді. 2023–2029 жылдарға арналған Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы аясында қазақ тілін ғылым, білім және технология тіліне айналдыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. «КазЛЛМ» ұлттық тіл моделі жасалып, қазіргі уақытта 1 миллиардтан астам сөздік қолданыс базасы жиналды. Келесі жылы B2 және C1 деңгейіндегі тіл үйрету функцияларымен толықтырылады.

Кездесу соңында вице-министр тұрғындарды жеке қабылдап, олардың сауалдарына жауап берді. Байқап отырғандарыңыздай, жоғары білім, ғылым және тіл саясаты ақырын жүріп, анық басуда.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суреттерді түсірген: Нұрболат Бектұрғанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар