Бабалар жолымен
Ақмола облыстық ардагерлер Кеңесінің бастамасымен «Дәнекер» жобасы аясында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде Билер кеңесінің мүшелері үшін медиация негіздері курсы басталды.
Ақмола облыстық соты мен аталмыш оқу орнының басшылығы қолдау білдірген курстар үздіксіз білім беру институтының базасында жүргізіледі. Елімізде соттан тыс дау-дамайларды шешудің баламалы жүйелері қалыптасып келеді. Солардың ішінде сот медиациясы мен билер кеңестері халықты татуластырудың тиімді жолы болып келеді. Осыдан бірер жыл бұрын Ақмола облысында да билер кеңесі құрылған еді. Тарихтан белгілі, қазақ халқының билері бір ауыз сөзбен талай дауды шешкен. Бүгінгі билер кеңестерінің де сотқа дейінгі дау-дамайларды шешудегі рөлі зор.
– Көбі осы билерге қатысты олардың қолында не бар, олар қандай билік айта алады деуі мүмкін. Елімізде «Медиация туралы» Заң қабылданды. Сол Заңның негізінде сотқа дейінгі дау-дамайларды шешуге болады. Сонымен бірге, Ақмола облысында облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Дәнекер» жобасы бар. Ол жоба қазақ халқының көне билер дәстүрін жаңғырта отырып, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Басты мақсатымыз – қоғамды ізгілендіруге үлес қосу, билер институтын жандандыру. Бүгінде өңірде ардагерлерден құралған 164 медиатор жұмыс істейді. Олар отбасылық, еңбек және азаматтық сипаттағы дауларды шешуге белсенді атсалысуда. Мәселен, былтыр 338 арыз-шағым келіп түссе, ол бойынша 272 іс қаралып, 66 іс бойынша оң шешім шығарылды, – деп атап көрсетті курстың ашылуында сөз сөйлеген облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов. Ол билерді оқытудың маңыздылығын атап өтіп, оқу орнының басшылығына көмек-қолдаулары үшін алғысын білдірді.
Енді облыстың барлық аудандары мен қалаларының ардагерлер Кеңестерінің өкілдері, барлығы 25 адам осы жоғары оқу орнының үздіксіз білім беру институтының базасында 36 сағат көлемінде «Медиация негіздері» жалпы курсынан өтеді. Оларға кәсіби медиаторлар, тарихшылар мен судьялар дәрістер оқиды. Алғашқы күні қатысушылар кәсіби медиатор, заң ғылымдарының магистрі Гүлнар Мәдиеваның сабағына қатысты. Барлық сабақты толық игергеннен кейін қатысушыларға «Қоғамдық медиатор» деген сертификаттар табыс етіледі.
Курстың ашылу жиынында сөз алған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі Аманбай Сейітқасымов:
– Медиация бұл қарапайым сөзбен айтқанда, даулы мәселелерді сотқа жеткізбей және одан тыс шешу деген сөз. Ежелгі қазақ дәстүрлерінде билердің рөлі өте маңызды болды. Тарихқа көз салсақ, ежелгі дәуірлерде билеріміз мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу үшін түрлі қақтығыстар мен дауларды шешуге қатысып, толымды ойларын айтып, әділ шешімін шығарып отырған әрі ел сол шешімге тоқтаған. Ең қиын кезеңдерде билер «Қасым ханның қасқа жолы» және «Есім ханның ескі жолы», «Адат» дала заңдарына сүйеніп, небір істерге қазылық етуде соларды негізге алған. Ұлы жүздің Төле биі, Орта жүздің Қазыбек биі және Кіші жүздің Әйтеке биі секілді атақты билердің қатысуымен Тәуке ханның «Жеті жарғысы» да әзірленді. Сол сияқты, Қарауыл Қанай би Құттымбетұлы Орта жүздің беделді және ықпалды «Төбе биі» болды, – дей келе, тарихта болған билер туралы көптеген деректер келтірді.
Семинарға қатысушы, Ақмола облыстық сотының судьясы Торқалы Бектұрсыновтың айтуынша, қазіргі заманауи Қазақстанда «дала заңдарын» қолдануды жаңғырту қоғамның тұрақтылығын қалыптастыруға, дау-дамайларды медиаторлар арқылы шешіп, соттардың жүктемесін азайтуға, төрешілдіктің болмауына, ұлттық дәстүрлерді жаңартуға, жастарды тәрбиелеуге игі ықпалын тигізеді.
– Көптеген қарапайым адамдар медиацияның не екенін түсіне бермейді. Бірақ, билер кеңесі көпшілікке жақын, кез-келген адам оған жүгіне алады. Бастары дауға қалғандар бұл ұйымға жүгінсе, оларға кеңес беріледі, ал, ең жақсы жағдайда мәселесін тез шешуге болады. Мысалы, биыл облыс соттарының қарауына 21 мыңға жуық іс келіп түсті, ал, олардың 6 мыңға жуығын билердің көмегімен шешуге болатын еді. Сондай-ақ, билер кеңесінің артықшылығы, билер халық арасында танымал, беделді болса, оларды қарапайым адамдар таниды, біледі, оларға сенеді, – дейді ол.
Жалпы, билер кеңесінің маңызы сол, жанжалдасушы тараптар беделді, ықпалды бидің, кәсіби делдалдың, сол медиатордың көмегімен ұзақ сот процестеріне жүгінбей-ақ келісімге келе алады.
Медиацияның негізгі міндеті – жанжалдасушы тараптардың бірінің дұрыс немесе екіншісінің бұрыс екендігін анықтау емес, оларды өзара келісімге келтіру. Жалпы, біздің билерімізді оқыту дауларды тиімдірек шешуге, тараптарды татуластыруға мол мүмкіндік беріп, азаматтарымыздың құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді, соттарды ұсақ істерден, тараптардың кейбір дауларынан, екі жақтың өзара шағымдарынан босатады және соттардың неғұрлым күрделі істерге қарай назар аударуына мүмкіндік береді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

