Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Серік Омархановтың бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерімен брифингі өтті.
Бас дәрігердің сөзінше, соңғы 9 ай ішінде өңірімізде аса қауіпті жұқпалы аурулардан ауыр дерттердің ешбірі тіркелген жоқ.
Сонымен, қатар, көкжөтел, қызылша, А вирусты гепатиті сияқты бірқатар дерттердің дені едәуір азайған. Сонымен бірге, көбейген ауру түрлері де бар. Мәселен, нақтыланбаған ішек инфекциялары 1,2 есеге, кене энцефалиті 1,3 есеге, қышыма 5 есеге өсіп кеткен.
Қызара бөртіп шығатын жұқпалы ауру – қызылшамен 9 айда 225 адам сырқаттанды. Науқастардың 173-і 14 жасқа дейінгі балалар, 8-і жасөспірімдер болса, ересектер саны 44. Бірақ, былтырға қарағанда қызылшаны жұқтыру 3,8 есеге азайған. Дана халқымыз мұндайда «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде», – деп бекер айтпағанына тағы бір мәрте көз жеткізуге болады. Науқастардың 62 пайыздан астамы, яғни, 159 адам екпе алмағандықтан, 29 пайыздан астамы немесе 66 адамның вакцина мәртебесі белгісіз болғандықтан ауруға шалдықса, екпе алмаған балалардың жартысына жуығына ата-анасы қарсы болған.
Кейінгі 9 айда көкжөтелмен 10 адам ауырған. Былтыр оны 50 адам жұқтырғанын ескерсек, бүгінде ауруды жұқтыру 5 есеге төмендеген. Көбінесе, 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп отыр. Бұл науқастардың ешбіріне екпе салынбаған. Олардың 40 пайызы екпеден бас тартса, 50 пайызының медициналық қарсы көрсетілімі болған, ал, 10 пайызы вакцинаны толық алмаған.
Бүгінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру және иммунопрофилактикамен шұғылданатын медицина қызметкерлерін оқыту жүргізілуде. Көкжөтел сынды инфекциялық ауруларды болдырмау үшін халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Биылғы 26 қыркүйек пен 1 қазан аралығында облыс бойынша жедел респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 4884 жағдайы тіркелді. Бұл өткен эпидемиялық маусыммен салыстырғанда 2,6 пайызға жоғары.
Ал, тұмау әзір тіркелген жоқ. Бүгінгі таңда тұмауға қарсы екпе егу аясында Ресейден 84113 доза «Гриппол+» вакцинасы сатып алынды. Бұл халықтың 11 пайызын қамтуға мүмкіндік береді. Вакцина алдағы маусымға сәйкес келетін штаммдарды қамтиды. Облыста 16 229 адамға тұмауға қарсы екпе салынды.
Ақмола облысы бойынша А вирусты гепатиттің 6 жағдайы тіркеліп, былтырғыға қарағанда бұл көрсеткіш 2 есеге азайды. Облыс орталығы Көкшетау қаласында мұндай 2 жағдай, Ақкөл, Бурабай, Біржан сал аудандарының және Степногорск қаласының әрқайсысында 1 жайттан тіркелген. Бұл науқастардың ешбірі екпе алмаған.
Иммунопрофилактика мәселелері облыстық вакцинация штабының отырыстарында тұрақты түрде қаралып тұрады. Штаб жұмысын облыс әкімінің орынбасары, сондай-ақ, қала мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, бас дәрігерлер және аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының басшылары саралайды.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

