Әкім — ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Астрахан ауданының тұрғындарымен ашық әңгіме түрінде кездесу өткізді, деп хабарлайды облыс әкімігің баспасөз қызметі.
Астрахан ауданы егіс көлемі бойынша облыстағы ең ірі бес ауданның қатарына кіреді. Биыл аудан диқандары 550 мың тоннадан астам астық бастырды. Гектарына орташа есеппен 15 центнерден астам өнім алынды. Жалпы астық түсімі өткен жылмен салыстырғанда 70 мың тоннаға көп.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды белсенді енгізу арқылы саланың тиімділігін арттырып, оны жаңа даму деңгейіне көтеру міндетін қойған болатын. Бүгінде ауданда 20-дан астам шаруа қожалығы цифрландыру элементтерін қолдануда.
Ауданда жалпы құны 2,9 миллиард теңгені құрайтын алты инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 105 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ, көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылуда. Қазіргі уақытта Жалтыр ауылындағы теміржол вокзалы жөнделіп жатыр, сондай-ақ, Жалтыр – Макинск және Новочеркасск – Қайнар автожолдарына орташа жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, сумен жабдықтау, жылумен қамтамасыз ету және көше жарығын жаңғырту жобалары аяқталуға жақын.
Білім беру саласында реновация бағдарламасы аясында аудандағы Камышенка, Каменка, Жаңа-тұрмыс және Жалтыр ауылдарындағы мектептерге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Барлық оқу орындары орналасқан жеріне қарамастан, бірдей жағдайлар мен заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Денсаулық сақтау саласында алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жетілдіру бағытында шаралар жүзеге асырылуда. Жақында Ескі Қалқұтан ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды.
Көктемгі су тасқыны мәселесіне қатысты тұрғындардың сұрағына жауап бере отырып, өңір басшысы келесі жылы тасқын судың алдын алу мақсатында алты ауылда кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Атап айтқанда, Ескі Қалқұтан ауылында ұзындығы 3,6 шақырым болатын Қалқұтан өзенінің арнасы тазартылды, ал Жалтыр, Қалқұтан және Оксановка ауылдарында қорғаныш топырақ үйінділері нығайтылды.
Қалқұтанда Бірлік ауылына шығатын грейдер жолының деңгейі көтерілді, ал Оксановкада табиғи сайдың арнасы тазартылып, су өткізу қабілеті арттырылды.
– Біз үлкен суды алыс жақтан тоқтатуды бастадық. Қазіргі уақытта Бұланды және Шортанды аудандарында бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, Астрахан ауданының шекарасына дейін тасқын суды ұстап қалу көзделіп отыр, – деді Марат Ахметжанов.
Кездесу барысында тұрғындар жол жөндеу, әлеуметтік нысандар құрылысы және басқа да өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойды.
Олардың бәріне нақты жауаптар берілді. Кездесу азаматтарды жеке қабылдаумен және ауданның үздік еңбеккерлерін марапаттаумен аяқталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

