Бүгінгінің батыры
Үлгі ауылының тұрғыны Ерлан Тоқсанбаев бес бірдей баланы ажал аузынан аман алып қалды. Ол үйден өрт шыққан бетте тәуекелге бел буып, қып-қызыл жалынның ішінен жанталасып жүріп, жас балаларды аман есен алып шықты. Оқиға күні кеше, яғни, Құтқарушы мерекесі күні орын алды. Оқыс жағдайдың қалай болғанын бізге Ерлан Тоқсанбаевтың өзі айтып берді.
Айтуынша, Ерлан Мирас атты ұлымен ауыл маңындағы өздеріне тиесілі шаруашылық мақсатта пайдаланып жүрген жерлерін жинастырып, қоқыстан тазартып жатқан. Сол сәтте үйлердің бірінен түтін шығып жатқанын байқап қалады.
Олар еш ойланбастан түтін шыққан үй жаққа жүгіріп жеткенде, өрт қаһарына мініп, қып-қызыл жалын үйдің шатыры мен қабырғаларын шарпып үлгеріпті. Терезенің арғы жағында қою түтінге қақалып, жан дәрмен жылап тұрған балаларға тұра ұмтылған Ерлан алдымен терезені сындырып, ішке кіріп, ұлы Мирасқа балаларды бір-бірлеп бере бастаған. Бөлмелердің ішкі жағында қалып қойған балаларды да құтқару үшін үлкен тәуекел қажет болыпты.
– Жалын күшейіп, түтін қоюланып жатқан үйге кіру мүмкін болмады. Бірақ, мен сол сәтте іште қалып қойған балаларды тезірек алып шығу керек деп, өрт болып жатқан үйге қойып кеттім. Балалардың үлкені 13-14 жасар, ал, кішісі балабақша жасында. Балалардың жылап, көмекке шақырғанына ешкім де шыдап қарап тұра алмас еді. Мен алдымен үйден газ балонын алып шықтым. Артынша екіншісі жарылып үлгерді. Бірақ, балалар абырой болғанда газға жақын емес еді. Алайда, қою түтін мен қызыл жалынның ішінен балаларды арпалысып жүріп, әрең құтқарып қалдық. Өз басым балалардың періштесі қақты деп ойлаймын, – дейді Ерлан Тоқсанбаев газетімізге берген арнайы сұхбаты барысында.
Ал, көршілері үйден өрт шыққанда балалардың ата-анасы жұмыста болғанын айтады. Аналары ауылдан 8-9 шақырым жерде орналасқан демалыс кешендерінің бірінде жұмыс істесе, әкелері жұмыс бабымен Алматыға жол жүріп кеткен.
Балалар құтқарылған соң, өрт сөндірушілер де оқиға орнына жетіп, қызыл жалынды ауыздықтаған. Өрттен қорқып қалған балаларға жан-жақты медициналық, психологиялық көмек көрсетіліп, олар әзірге аналарының жұмыс орнынан берілген бөлмеде уақытша тұрып жатыр.
Міне, осылайша Ерлан Тоқсанбаев кәмелетке толмаған шиттей жас балаларды ажал аузынан аман алып қалып, екінің-бірі бара бермейтін тәуекелге барып, орны толмас қайғының алдын алды. Ерлан батырдың бұл ісі ерлікпен пара-пар. Оған алдағы уақытта лайықты құрмет көрсетіліп, оның ерлік ісі өскелең ұрпаққа үлгі болуға тиіс деп санаймыз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Біржан сал ауданы.
![]()

