Текті тұлға тағылымы

Есімі ел есінде

Киелі Көкшенің абзал азаматтарының бірі Қайролла Ескендіровтің өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге. Қатардағы қарапайым токарьдан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының екі шақырылымында депутат болу, лейтенанттан полковник дәрежесіне дейін көтерілу, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, ішкі істер саласының құрметті ардагері атану ақадал еңбегімен мүмкін болған парасат  баспалдағы.

Қайролла Ғазезұлы қазіргі Зеренді ауданына қарайтын шоқ жұлдыздай шағын ғана Биіктесін ауылының тумасы. Тамаша табиғат перзентінің қанына, жан жүрегіне ізгілік пен ізетті шүпілдетіп құйып бергендей. Көркем жердің көрінісі көкірегіне көшіп, алдағы нұрлы жолдарын шарапатымен сәулелендіріп тұрғандай. Әкесі Ғазез бен анасы Әсия өз еңбектеріне жалынған қарапайым колхозшылар. Ынтымақ ұялап, береке бөккен шаңырақта Қалима, Әлима, Хамит, Қабыкен, Фарида, Қайролла есімді сәбилер жарық дүниеге келіпті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қалима майдан даласында жау оғынан жараланған жары Жалмұхамбет Мулкинді іздеп шығып, жол үстінде опат болған. Сол бір сындарлы шақта от-жалынға оранған майдан даласындағы қансырап жатқан жарын іздеп жолға шығу неткен ерлік еді дейсіз. Қайролла Ғазезұлының өмір жолдарына зер салып, әулет тарихын таразыдан өткізген шақта осындай көп адам көңіл аудармайтын дерекке кезігесіз. Кезігесіз де еріксіз сүйсінесіз. Осы бір ғана мысал қазақ әйелдерінің қайсарлығы мен ерлігін, жарына деген адалдығын көрсетіп тұрған жоқ па?!

Ту-ту алыста майдан даласы ақ ажал аңсаған отқа оранып тұрған шағы. Ел ішіне кәтепті қара нарға жүк болатын, қайғы-мұң арқалаған сәбидің алақанындай қара қағаз жиі келеді әрі алыстағы майдан даласы туралы хабар елдегілердің  жан жүректерін шымырлатып, қорқыныш пен үрейдің құбыжық бейнесін күшейте түскендей. Қайрекеңнің ағасы Хамит 17 жасында өзі сұранып соғысқа аттанады. Байланысшы болып қызмет етеді. Кейін минометші, снайпер болады. Сөйтіп, қазақтың ержүрек перзенті Берлинге дейін барады. Жеңіс туы көтеріліп, ақ түйенің қарны жарылғаннан кейін де Қиыр Шығыста  жапон милитаристерімен шайқасады. Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Қанды қасап майдан даласынан оралғаннан кейін әуелі ет комбинатында, кейін партия органдарында жұмыс істейді. Соңғы жылдары Көкшетау сауда техникумында саяси экономика пәнінен сабақ берді. Жары Қазима екеуі ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірді.

1943 жылы Қайролла ағайдың әкесі Ғазез ұзаққа созылған ауыр дерттің салдарынан өмірден озды. Анасы Әсия небары 43 жасында шиеттей балалармен жесір қалды. Бұл бір тілмен айтып жеткізгісіз ауыр кезең еді. Тағдырдың тәлкегін ерте тартқан, жетімдіктің жан адамды аяуды білмейтін ауыр сынына ұшыраған ауыл балалары колхоздың жұмысына қабырғасы қатып, буыны бекімей-ақ жегілді. Көктемгі егіс, жазғы шөп науқаны, төрт түлік малға ие болу, күзгі егін орағы тәрізді таусылып бітпейтін жұмыс әлі күш-қуаттары толыса қоймаған әлжуаз балалар үшін айта қаларлықтай азап еді. Әйтсе де, жаратқан ие көкіректеріне жалын сыйлаған жас балалар осы ауыр еңбекті арқалап жүріп, еменнің иір бұтағындай шынығып өсті. 1948 жылы Хамит ағасы балаларды анасымен бірге Көкшетау қаласына көшіріп әкетті. №5 мектептің жанындағы пәтерге орналасты. Тумысынан көпшіл, ашық Қайролла Ғазезұлы аз уақыттың ішінде төңіректегі өзі тәрізді балалармен тез достасып кетті. Жаздың күндері Қопа көлінің жағалауынан табылып, суға шомылып, балық аулайтын. 1962-1965 жылдары Кеңес Одағы Қарулы Күштері қатарында әскери борышын өтеді. Кейін Көкше жұртына танымал болған Өмірбек Серкешов, Рәшит Ғайнуллин және Қайрат тәрізді азаматтармен бірге Украинадағы әскери бөлімшеде қызмет етті. Арада біраз жыл өткен соң осы азаматтармен қызмет барысында тығыз араласамын деп ойлаған да жоқ еді.

Әскер қатарында қызмет етіп жүргенде жігерлі де өжет Қайролла Ғазезұлы бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып сайланды, коммунистік партия қатарына өтті. Жауынгерлік және әскери дайындықтың үздігі атанды. Жас жауынгердің жарқын жүзі бейнеленген сурет әскери бөлімнің Даңқ аллеясында ілулі тұратын. Жерлес жауынгерлер өздерінің құрбыларының осы бір абыройлы табысын мақтан ететін. 1963 жылдың желтоқсан айында Қайролла Ғазезұлы бөлімше командирі болып тағайындалды.

Тарлан тарихтың тылсым сыры аз емес қой, 1962 жылы халықаралық қатынас шиеленісе түсті. КСРО мен Кеңес өкіметі арасындағы келіспеушіліктен соғыс оты тұтанып кете ме деген қауіп болды. Бөлімдерді Кубаға жөнелтуге дайындық жүріп жатты. Қайролла Ғазезұлы өзін осы бөлімге қосу туралы үш рет өтініш жазды. Ақыр соңында командирі шақырып алып, «сен көп өтініш жаза берме, мұнда да керексің» деп қысқа ғана қайырды. 1965 жылдың желтоқсан айында әскери борышын өтеп келген соң бірден қалалық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Жастар арасында белсенді жұмыс істеді.

Арада біраз уақыт өткен соң қалалық комсомол комитетінің ұсынысы бойынша Омбы ішкі істер саласының жоғары мектебіне оқуға қабылданды. Қабылдау емтихандарын өте сәтті тапсырды. Мектепте оқып жүрген кезінде өзінің ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетінің арқасында абыройға бөленді. Ол әрдайым өзінің табысы туралы айтқан кезде әркім өз тағдырының иесі деуші еді.

1971 жылдың мамыр айынан бастап 1973 жылдың тамыз айына дейін қалалық милиция бөлімінде тергеуші болып қызмет етті. Ілкіден қалыптасқан іскерлік қасиеті, еңбекқорлығы қылмыстық істерді ашудағы шеберлігін жетілдіре түсті. Әр іске жоғары жауапкершілікпен қарады. Өз ісіне шынайы берілген адамның адал еңбегі әр кезде көзге түседі емес пе?! Табандылық пен талапшылдық біте қайнасып, өзін-өзі қамшылап жұмыс істеуі, ең бастысы, қылаудай кіршік түсірмеген адамгершілігі, қай кезде болсын көзге ұрып тұратын парасаты, қара қылды қақ жарған әділдігі шырқау биікке шығарды. 1973-1979 жылдары Көкшетау қаласы прокурорының орынбасары болып жұмыс істеді. Адал еңбегі үшін бас прокуратура тарапынан қаншама алғыс хаттар алды. Заң саласын бүге-шігесіне дейін жетік білетін Қайролла Ғазезұлы Көкшетау облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болып қызмет етті. 1989-1990 жылдары облыстық партия комитетінің мемлекеттік құқықтық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Жұмыс барысында Қайролла Ғазезұлы аудандарға жиі сапар шегетін. Қызметпен бірге адамдардың тұрмыс-тіршілігіне де назар аударды. Жергілікті кадрларды өсіруге, олардың еңбегін бағалауға, қызметтерін өсіруге сүбелі үлес қосты. 1980 жылы берілген мінездемесінде «өте сауатты, талапшыл, келешегінен үміт күттіретін адам» деп жазылыпты. Әркімнің тағдырына барынша байыппен қарайтын, кадрлардың сауаттылығына мейлінше терең көңіл аударатын Қайролла Ғазезұлы бір қауым жастың қаулап өсуіне септігін тигізді. Оның ұсынысы бойынша көптеген жастар қызмет сатысында жоғарылап, тілекші ұстаздың сенімін ақтады.

1985 жылы Қайролла Ғазезұлы КПСС Орталық Комитетінің жанындағы Мәскеу Қоғамдық ғылымдар академиясын қызыл дипломмен аяқтады. 1990-1991 жылдары облыстық партия комитетінің іс басқармасын басқарып жүрген кезде Көкшетау облыстық атқару комитетінің депутаты болып үш мәрте сайланды. Кеңес өкіметі тарап, қалалық, облыстық партия комитеттері жабылып, бұрынғы қызметкерлер өзге жұмыстарды атқара бастаған кезде іскер де білімді азамат Көкшетау атқару комитетінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. 1993-1995 жылдары Көкшетау облыстық атқару комитеті ішкі істер басқармасының штаб бастығы қызметін атқарды. Міне, осы міндетті мінсіз атқарып жүрген кезінде жылдар бойы жинаған тәжірибесі, кәсіби шеберлігі, кез-келген мәселені әділ шешетін турашылдығы кәдеге асты. Ішкі істер саласының жеке құрамын тәрбиелеуге ұлан-ғайыр еңбегін сіңірді. Тіпті, қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық мәелелерін де өз беделін пайдалана отырып, оңынан шешуге ықпал етті. 1996 жылы милиция полковнигі дәрежесінде зейнет демалысына шықты.

Әрбір адамның өмірінде шешуші шақ болатыны сөзсіз. Қайролла Ғазезұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты ретінде ел сөзін сөйлеген ардақты адамның біріне айналды. Бұл кез оның өміріндегі ең бір қызғылықты әрі күрделі кезең еді. Ел егемендігін алып жатқан шақта заң саласын жетілдіру жоғары жауапкершілік жүктеген сәт еді. Ұлан-ғайыр бұл іске өзінің мол тәжірибесін, азаматтық көзқарасын сарапқа сала отырып, елеулі еңбек етті. Қайролла Ғазезұлының қатысуымен және оның тікелей түзетулер енгізуімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық және азаматтық кодекстерінің 30 пайызы қабылданды деп айтуға болады. Солтүстік Қазақстан және бұрынғы Көкшетау облысының тұрғындары дауыс беріп, депутаттыққа екінші мерзімге сайланды. Бұл елдің сенімі еді. Тумысынан ел үшін еңбек еткен аяулы азамат осы бір қиын кезде елдің көкейінде жүрген көптеген мәселелерді биік-биік мінбелерден көтеріп, азаматтық сөзін айта білді. Сол еңбегіне орай, 2002 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.

Зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырған жоқ, қоғам жұмысына белсене араласты. Көкшетау қаласы әкімдігінің ономастика комиссиясының мүшесі болды. Бір айта кетерлігі, Қайролла Ғазезұлы ел мен жердің тарихын тым жақсы білетін азаматтардың қатарынан еді. Әсіресе, есте жоқ ескі кезеңдегі шежірені тарқатқанда, тыңдаған жұрт оның көкірегіне құйылып, көңілінде жатталып қалған білімпаздығына таң қалатын.

Өмірі өнегеге толы осындай жанның ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпақ үшін жақсы мысал.

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург,
Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар