Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысованың туғанына – 85 жыл
«Қазақстанның халық әртісі» деген құрметті атақты иеленуді барша өнер адамдары армандайды. Бұл жоғары атақ қажырлы еңбек етіп, өнердің, сол өнерге деген өзінің арының алдында адал болып, халыққа қалтқысыз қызмет еткен жанкешті жанға ғана беріледі. Міне, осы мәдениет саласының ең үздіктеріне берілетін атақ иесі, Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Жібек Бағысованың мерейлі 85 жасы Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының 29-шы маусымының ашылуымен тұспа-тұс келді. Театрдың жаңа маусымының ашылуына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов арнайы қатысып, театр ұжымының облыс, қала мәдениетін дамытуға қосқан зор үлесін айрықша атап өтті. Театр анасы, сахна саңлағы Жібек Бағысованы мерейлі жасымен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Алғыс хаты мен ақшалай сыйлық табыс етті.
Камералық театр үлгісінде қойылып, көрермен көңілінен шыққан драмалық жаңа туынды – Жапонияның атақты кинорежиссері Акира Куросаваның әйгілі «Додескадэн» киносценарийі негізінде сахналанып, алғаш рет театр көрерменіне жол тартты. Шығарманы қазақ тіліне аударған Серік Жетпісқалиев.
Қойылым көрерменге тек әлеуметтік мәселелерді ғана емес, оның тереңінде жатқан адам жанының нәзік қалтарыстарын, рух күйзелісі мен жаралы көңілдің ішкі қақтығысын әсерлі жеткізді. Мұнда күнделікті өмірдің ыстық-суығы, үнсіздік пен үміт арасындағы жанайқайы айқын сезілді.
Бүгінгі таңда театр ұжымы киелі қара шаңырақта мәдениет пен әдебиеттің дамуына өзінше үлес қосып, биік шыңдардан көрінуде. Жалынды, дарынды жастармен толыққан театрдың кейінгі буынға жол көрсететін ардагерлері барда, Шахмет Құсайынов атындағы театрдың алар асуы әлі алда деген ойдамыз.
Біздің кітапхананың «Өмірім де, өрісім де – өнер!» атты әдеби-музыкалық қонақжайы да спектакльдері аншлагпен өтіп, өзі ойнаған рөлдерге ел ағылып барған, туған халқын өнерімен тәнті еткен, осы өнер жолында қисапсыз еңбек етіп, мұқалмас мінез, өнерге деген зор жауапкершілік танытқан қазақ театр өнерінің асқан шебері, жоғары санатты драма актрисасы Жібек Есекеқызы Бағысованың мерейлі 85 жасына арналды.
Жібек Есекеқызы Бағысова 1940 жылы 8 қазанда көгілдір Көкшенің көрікті баурайындағы Степняк қаласында дүниеге келді. Болашақ әртістің балауса ғұмыр балалық шағы атақты Бурабайдың баурайында өтті. Өмірдің алғашқы баспалдағы жас қызды жаңа биікке жетелеп, сол кезеңде түсірілген «Ботагөз» фильміне алып келді. Осы кинодағы Ботагөз бейнесінің бедерлі шығуына өзіндік өрнегін қосқан Жібектің ендігі жолы өнер жолы болып өріліп кете барды. Сахнадағы алғашқы еңбек жолын 1959 жылы Талдықорғандағы қазақ театрынан бастаған жас өрен – жауқазын қыз 1960 жылы Қызылордаға көшірілген театр құрамында Сыр өңіріне қоныс теуіп, осы өлкенің сырбаз көрермендері алдында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті.
Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ драма театрындағы жылдар Жібек Бағысова үшін өнердегі үйренудің, қалыптасудың қам-қарекетке толы қанатты жылдар болды. Осы сахнада ол Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзіндегі» Қарагөз, «Еңлік-Кебегіндегі» Еңлік, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері –Ақтоқтысындағы» Ақтоқты, Сәкен Жүнісовтің «Ажар мен ажалындағы» Ажар, Дулат Исабековтің «Әпкесіндегі» Қамажай, Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-анасындағы» Әлиман мен Толғанай, Уильям Шекспирдің «Король Лиріндегі» Регана қатарлы сандаған образдарды сомдап, өшпес бейнелер қалыптастырды. Осылайша қазақ драматургтерінің айтулы шығармаларымен қатар, шетел қаламгерлерінің даңқты пьесаларында бір-біріне ұқсай бермейтін қыздар тағдырын, аналар бейнесін, әйелдер образын бейнеледі.
Киелі сахнаның өзіндік биігіне көтеріліп, Сыр елінің қазақ драма театрының өсуіне, кемелденуіне қомақты үлес қосқан актрисаға 1967 жылы «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген әртісі», ал, 1980 жылы «Қазақ ССР-інің халық әртісі» құрметті атақтары берілді.
Өнердегі өз қолтаңбасын қалыптастырып, өзіндік жолдың өрелі асуларын бағындырған танымал өнер тарланының шығармашылық мүмкіндіктері толық айқындалып, толысқан шағында 1995 жылы туған өлкесі, тұғырлы мекені – Көкшетауына біржола оралуы өнер майталманының жаңа бір тынысын ашқандай болды. Жаңадан құрылып, шаңырағын енді көтерген Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры ұжымының аймаңдай айбары, ақтаңдай ақылшысы бола жүріп, өнер ордасының қалыптасуына үлкен үлес қосты.
Осы жылдар ішінде арда өнердің арналы ағысында аз тер төккен жоқ. Сахна саңлағы биік өре, талғампаз талантын танытты. Оған дәлел, Баянғали Әлімжановтың «Құдалығындағы» Құдағи, Дулат Исабековтің «Мұрагерлеріндегі» Салиқа, Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күніндегі» Найман-Ана, Сайд Ахмадтың «Келіндер көтерілісіндегі» Фармон бибі, Шариф Құсайыновтың «Анамның ақ көйлегіндегі» Ана, Мар Байжиевтің «Тіл табысқандарындағы» Болдуқан, Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түніндегі» Таңқа бике, Түнжер Жүженоглудың «Қар көшкініндегі» Бәйбішенің бедерлі бейнелері, орнықты образдары. Бұл Жібек апай ойнаған рөлдердің тек бір бөлігі ғана.
Сахна сырын терең меңгере жүріп атқарған қыруар еңбегі мен тірнектеп жинаған абыройы халықтың таңдаулы актрисасын 2011 жылы «Парасат» орденінің иегері етті. Ұлттық өнердің ордасы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының ақ жаулықты анасы, сахна саңлағы, тәжірибелі тәлімгері Жібек Есекеқызы Бағысоваға 2010 жылы берілген «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» мәртебесі ел-жұртының өнер иесіне деген зор құрметінің тағы бір белгісі еді.
Міне, осылайша 65 жыл бойы театр саңлағының ұлағатты да тәлімді ғұмыры сахна төрінде өміршең өнермен өрнектеліп келеді. Өнерге деген адалдығы мен ерекше шеберлігі арқылы халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген, өнерді өмірім деп санаған өнер майталманының актерлік шеберлігіне КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов «Сөз жоқ. Жібек талантты актриса. Театр сахнасына көптеген кесек рөлдерді сомдап шығарды. Әуезовтан бастап, Шекспир шығармаларына дейін бара алатын аса сирек актрисалардың бірі осы Жібек. Жібектерді мен Сабира апай мектебінің жалғасы деп түсінемін. Жібек сияқты актерлер рөлге жеңіл-желпі бара алмайды. Үлкен дайындықпен, ізденіспен келеді. Кейіпкерлерін біртіндеп өсіру осы Жібек сияқты бірегей актерлердің қолынан келетін шаруа», – деп жоғары баға берген.
Еліміздің руханияты мен мәдениетіне сүбелі үлес қосып, бар ғұмырын театр өнеріне бағыштаған сахна саңлағының шығармашылық еңбек жолын жастарға насихаттау мақсатында біздің кітапхана қабырғасында өткен шарада Жібек Бағысованың осынау ерен еңбегі, қоғамның рухани және мәдени дамуына қосқан қомақты үлесі оқырмандар алдында кеңінен насихатталды.
Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күнім Оразбаева мерейтой иесін құттықтап, бағалы сыйлық пен гүл шоғын тапсырды. «Достар» мәдениет сарайының қызметкері, «Додескадэн» қойылымында басты рөлді ойнаған Жалғас Тұйғынбеков өнер қайраткерінің құрметіне Төлеген Қажыбайдың «Жұлдызы биік жақсы апа» өлеңін тарту етті.
Жібек Бағысова жастармен болашақтағы тұғырлы өнер биігіне жол салған алғашқы рөлі, өзіндік ізденістері мен ғажап табыстарға толы еңбек жолы туралы көңіл көгеніндегі естеліктерімен, өмір, өнер асуларындағы тәжірибесімен бөлісті.
Шара қонақтары, Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының белді актері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Төлеубек Көңбайұлы, хас шебердің өмірі мен өнері тоғыстырылған «Өмірлік өнер мектебім» атты естелік кітабының жарыққа шығуына мұрындық болған ұлт жанашыры Марал Жақыпова қалың жұртын сахна төрінен төгілген ғажап өнерінің алмастай асыл нұрымен шуаққа бөлей білген Халық әртісі туралы жылы лебіздерін білдірді.
Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің басшысы, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев бар саналы ғұмырын театр өнеріне арнаған телегей теңіз таланттың өмір жолын, адамдық, тұлғалық қасиетін жастарға үлгі етті.
Сахнада рөл сомдаудың сан алуан құпия сырларын жетік білетін Жібек апамыздың өнер жолы да, өмір жолы да кейінгі жастарға өнеге. Ардақ тұтып, мақтан етер жерлесіміз Жібек Бағысоваға Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің студенттері «Ерке сылқым» күйін күмбірлете тарту етіп, Бақытбек Аружан халық әнін шырқап берді. Бұл шарадан жастардың алған әсері, көкейлеріне түйген ой-пікірлері көп болды.
Жібек апа, сіздің қазақ театр өнеріне сіңірген еңбегіңіз ұшан-теңіз. Алла тағала толып отырған осы жасыңызды ұзағынан сүйіндірсін. Сахнада өсіп келе жатқан кейінгі толқын жастармен өз тәжірибеңізбен, актерлік шеберлігіңізбен бөлісіп, бізді осындай жылы жүздесулерде қуанышқа бөлеп, туған халқыңыздың өнердегі жарқыраған бір жұлдызы болып, әрдайым биіктен көріне беріңіз!
Бақытжан АЙДОСОВА,
«Салтанат» сарайы жанындағы Көкшетау қалалық
үлгілі кітапханасының меңгерушісі.
![]()

