Көптен күткен жолдың жөндеуі аяқталды

Ел жағдайы

«Астана – Петропавл» тас жолынан Гранитный кенті арқылы Васильковка ауылына дейінгі аралықты қамтитын автокөлік жолының жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұзындығы тоғыз шақырымды құрайтын бұл жол аудандық маңызы бар нысан болып табылады және өңірдің көлік желісінде маңызды рөл атқарады. Ол бірнеше елді мекенді байланыстырып, жергілікті карьерлерден жүк көліктерінің қатынауын қамтамасыз етеді. Сондықтан, аудан экономикасы үшінде стратегиялық маңызға ие.

Жөндеу жұмыстары көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы аясында жүргізілді. 2024 жылы Зеренді аудандық әкімдігі жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, өткізілген конкурс нәтижесінде «Көкшетау Жолдары» ЖШС мердігер ұйым болып табылған еді. Жобаны жүзеге асыруға 2025 жылы бюджеттен қаржы бөлініп, жолдың негізін нығайту, су өткізу құбырларын жөндеу және қалпына келтіру, жол белгілерін орнату және жаңа асфальт жабындысын төсеу жұмыстары қолға алынды.

Қонысбай ауылдық округінің әкімі Жасқайрат Еслямбековтың айтуынша, мердігер ұйым белгіленген жұмысты сапалы әрі мерзімінде орындады.

– Бір ай шамасында ұзындығы 4,1 шақырым жаңа асфальт жамылғы төселді, қазір жол жиегін абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Гранитный кентінің тұрғындары бұл жөндеуді он жылдан астам уақыт күтіп, бұған дейін бірнеше рет әкімдікке жүгінген болатын. Енді халық риза. Жол жайлы әрі қауіпсіз болуымен көпшілік көңілінен шығуда, – дейді ол.

Бұрын бұл жол учаскесі ең өзекті бағыттардың бірінен саналды. Ауыр жүк көліктерінің үздіксіз қозғалысы салдарынан жабынды жиі бұзылып, халыққа қолайсыздық пен қауіп-қатер төндірген еді. Жаңарту жұмыстарынан кейін елді мекендер арасындағы көлік қозғалысы айтарлықтай жеңілдеп, жол сапасы қазіргі талаптарға сай келтірілді.

Аудандық әкімдікте атап өткендей, «Гранитный – Васильковка» жолының жөнделуі – ауданның жол желісін жаңартудың кешенді жоспарының бір бөлігі ғана. Алдағы жылдары осындай жұмыстар басқа бағыттарда да жүргізілетін болады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар