Астанадағы жәрмеңке
Республика күніне орай, Астанада Ақмола облысының жылдағы дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Іс-шара елорда тұрғындарын қысқа қарай сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуді мақсат етті.
Жәрмеңкеге 100-ден астам өндіруші қатысып, жалпы құны 544 миллион теңгеден асатын 500 тоннаға жуық өнім ұсынды. Өнімдер нарықтық бағадан 15-20 пайызға төмен бағада сатылды. Ассортиментте 50-ден астам өнім түрі, соның ішінде ет, сүт, ұн, жұмыртқа, көкөністер болды. Іс-шара Ақмола облысы әртістерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен ерекшеленді.
– Өнімдеріміздің ішінде 150 тоннасы ет және шұжық өнімдері, 30 тоннаға жуығы сүт өнімдері, сондай-ақ, 150 тонна картоп және 30 тонна көкөніс пен 2 тоннаға жуық балық та бар. Біздің танымал өндірушілерімізден сүт өнімдері бойынша «Гормолзавод», «МилкПроджект» және «Моя ферма» қатысуда. Олардың өнімдері елорда тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие, – дейді Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Болат Сердәлі.
Иә, басқарма басшылығы айтқандай, расында, Ақмоланың өнімдері Астанада мол сұранысқа ие. Өйткені, өңіріміз елорданың азық-түлік белдеуін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бүгінде 130-ға жуық кәсіпорын күнделікті ет, сүт, жұмыртқа және ұн жеткізеді. Мысалы, жұмыртқамен қамтамасыз ету үлесі 80 пайыз немесе тәулігіне 700 мың дана болса, сүт өнімдерінің 30 пайыздан астамы немесе тәулігіне 130 тонна үлесі біздің өңірімізге тиесілі. Елордаға жеткізілетін өнім көлемін арттыру үшін 2025-2027 жылдарға арналған 963 миллиард теңгенің 86 инвестициялық жобасы іске асырылуда. Бұл жобалар сүт өндірісін 1,5 есеге және ет өндірісін 20 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жәрмеңке аймақтар мен Астана арасындағы сауда маусымын қорытындылады. Қатысушылардың өнімдері бірінен бірі өткен сапалы, дәмді, табиғи өнімдер. Солардың бірі өзіміз өнімдерін ұнататын, дәлірек айтсам, өнімі жәрмеңке кезінде тұтынушыларға да қатты ұнаған «Моя ферма» шаруа қожалығы. Ауыл шаруашылығында ойып тұрып орын алған шаруашылықтың қызметкерлерін сөзге тарттық.
– Біз табиғи фермерлік өнімдерді өндіреміз. Бүгінде зауыттың өндірістік қуаттылығы – тәулігіне 3 тонна сүт өңдеу. Зауыт Целиноград ауданындағы Нұрлы ауылында орналасқан. Компаниямыздың штатында 30-ға тарта адам жұмыс істейді. Бүгінде Астана қаласын табиғи фермерлік өнімдермен қамтамасыз етеміз. Өнімдеріміз «Магнум», «Смол», «Астықжан» сияқты ірі супермаркеттер мен барлық дүкендерде сатылады. Бүгін жәрмеңкеге 3 тоннадан астам сүт және қышқыл сүт өнімдерін алып келдік. Сұраныс өте жоғары. Әсіресе, айран мен йогурт сияқты қышқыл сүт өнімдеріне сұраныс көп. Сонымен қатар, біздің фермерлік ірімшігіміз сатылым бойынша көш бастап тұр. Жәрмеңкенің алғашқы сағатында 500 килограмнан астам сүт өнімдері сатылып кетті, – дейді компанияның атқарушы директоры Ерасыл Найманов.
– Ерейментау ауданынан жеке шаруашылығымыздан таза, сапалы етімізді әкелдік. Тай етін 3200 теңгеден саудалап жатырмыз. Жылқы шаруашылығымен 20 жылдан бері айналысып келеміз. Жәрмеңке күндері саудаға шығарылатын өнімді екі есе көбейтеміз, – дейді Анаргүл Қасымова.
«Жерұйық» шаруа қожалығының қызметкері Дидар Алдибекованы да сөзге тарттық. Өзі жұмыс істейтін шаруашылықты ағайындылар, яғни, бір әулеттің адамдары жүргізеді. Бүгінде 500-ге тарта әртүрлі мал ұстап отыр.
– Ерейментау ауданы, Ажы ауылынан келдік. Өзіміздің 30 жылдық тарихы бар шаруашылықта сүт өнімдерін өндіріп жатырмыз. Өз қолымыздан ақ ірімшіктен «сыр», «брынза» жасап жатырмыз. Қолдың құртын да жасаймыз. Биылдан бастап үйрек, тауық сияқты үй құстарын да өсірудеміз. Жылқы, қой, сиыр етінен шұжық жасаймыз. Елордамыздағы осы ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне қатысып отырғанымызға қуаныштымыз. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен балаларымыз СПК ашып, несие алып отыр. Біз ата жолын жалғасақ, балаларымыз біздің жолымызды жалғап жатыр. Осылайша, шаруашылығымыз өсіп-өркендеп, еліміздің дамуына өз септігін тигізсе дейміз. Біздің өніміміздің ерекшелігі, ешбір қоспасыз, табиғи, таза шикізаттан жасауға тырысамыз, – дейді ол.
Келесі кезекте тамақ өңдеу саласында тек облыста, елімізде де ғана емес, бүкіл әлемге қазақтың ағарған өнімдерін танытып, үлкен конкурста жеңімпаз атанып келген жерлесімізбен таныстық. Эльвира Мұқашева отандық өнім – ірімшікті Париж төрінде ұсынып, қанжығаға алтынды бір-ақ байлаған.
– Парижден жеңіспен оралғаннан кейін міне, өз өнімдерімізді астаналықтарға ұсынып жатырмыз. Жоғары сапалы сырлар мен қымызымыз да нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан, – дейді ол. Мұнда да бұл өнімдерді сатып алу үшін кезекте тұрғандар байқалады.
Әріптестерімізбен бірге жәрмеңкені аралап жүріп басқа өнімдерге де көзіміз түсті. Солардың бірі – бал өнімі. Ақкөлдік бал өндіруші Владимир Львов омарташылықты жанына серік еткен. Ол жылына орта есеппен 5 тонна бал өткізеді. Күнделікті 3000 теңгеден сатылатын бал өнімін бұл жәрмеңкеде 2500 теңгеден сатты.
Ақмоладан өз азық-түліктерін әкелген барлық шаруашылықтар мен жеке кәсіпкерлерге Астана тұрғындары арзанқол, сапалы өнімдері үшін алғысын білдіруде. Келушілердің қарасы күні бойы қалың.
– Мен Астананың тұрғыны ретінде Ақмола облысының бұл жәрмеңкесіне өте ризамын. Бұл жердегі сапа мен бағаны халыққа жасалған үлкен қолдау деп білеміз. Өнімдер нарықтық бағадан 15-20 пайызға төмен сатылуда әрі бәрі таза, көңілімізден шығуда. Әсіресе, арзан бағамен сапалы картоп, көкөністер, табиғи ірімшік пен бал алып шықтық. Мұндай іс-шаралардың жиі өткізілгені өте орынды. Жәрмеңкені жоғары деңгейде ұйымдастырған облыс басшылығы мен барлық аграршыларға үлкен рахмет айтамыз. Халық өте риза, – деп атап өтті Гүлнәр Ысқақова.
– Бұл жәрмеңке біздің отбасымыз үшін нағыз қолайлы мүмкіндік. Ақмола облысынан келген ағайындар бағаны түсіріп, бізді сапалы өніммен қамтамасыз етті. Ең бастысы, мұндағы барлық ет, сүт, бал табиғи. Ешқандай делдалсыз, тікелей өндірушілерден алып жатырмыз. Бұл жақсы ғой. Әсіресе, фермерлік ірімшіктер мен қымыздың дәмі керемет екен, осындай өнімдерді қалада сирек табасың. Мұндай молшылық, қолжетімді баға мен мерекелік көңіл-күй үшін ұйымдастырушыларға шын жүректен алғыс айтамыз. Жәрмеңке біз үшін сәтті болды. Біраз тағам алып кетіп барамыз, – деп қуанышын жеткізді Елорданың тағы бір тұрғыны Қайрат Серікұлы.
Жәрмеңкеге келген басқалардың да ойы осы ғой деп ойлаймыз. Жылдағыдай бұл жолы да апарған өнімдерінің молдығымен, оған қоса, көңілден шыққан әсем ән, мың бұралған биімен астаналықтар алғысына бөленген ақмолалықтар биылғы жомарт күздің ырыздығын еліміздің бас қаласына тағы бір мәрте үйіп-төгіп ұсына білді деуімізге болады. Елорданың кеңпейіл тұрғындарына қарай молшылық көші келер жылдары да осылай бет ала бергей.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Астана қаласы.
![]()

