Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Республика күніне орай, облыс орталығында салтанатты түрде жаңа пәтер кілттерін табыс етті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңа баспаналар реновация бағдарламасы аясында және әлеуметтік жағынан осал санаттағы отбасыларға берілді. Өз сөзінде өңір басшысы облыста тұрғын үй құрылысы жақсы қарқын алғанын атап өтті.
–Президент әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатын арттыру мен өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөледі. Соның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі – маңызды бағыттардың бірі. Соңғы екі жылда шамамен пәтерге мұқтаж бес мың отбасы баспанамен қамтамасыз етілді, бұл – бұған дейінгі жеті жылда атқарылған жұмыспен тең көрсеткіш. Осы шаралардың барлығы тұрғын үй кезегін едәуір қысқартуға мүмкіндік берді, – деді облыс әкімі.
Осы жолы да реновация бағдарламасы аясында және тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылардың қатарынан Көкшетаудың 80-нен астам тұрғыны жаңа, жайлы баспанаға ие болды.
– Біз 1964 жылы салынған ескі, апатты үйде тұрдық. Ол жөндеуге жарамсыз еді. Сол үйде 30 жыл өмір сүрдік. Енді арманымыз орындалды, жаңа, жарық әрі кең үйге көштік. Аулада автотұрақ пен балаларға арналған ойын алаңы да бар, – дейді жаңа қоныс иесі Таслима Тоқбергенова.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша түрлі санаттағы азаматтарға, соның ішінде әлеуметтік осал топтағы кезекте тұрғандарға 700-ге жуық пәтер берілді. Осы жылы барлығы 1200 пәтер тапсыру жоспарлануда.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

