Ақмола облысы әкімдігінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен егін жинау науқанының қорытындыларына арналған ауқымды жиын өтті. Оған аймақ басшысы Марат Ахметжанов пен оның орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудан әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі осы екі мәселе бойынша алдымен баяндамашыларға сөз беріліп, сала басшылары ағымдағы жылдың қорытындыларын жариялады. Ақмола облысы қаржы басқармасының басшысы Татьяна Белая өз кезегінде облыс бойынша бюджеттің атқарылуы мен бюджет кірістерін қамтамасыз ету, бағдарламаларды тиімді іске асыруға бағытталған бюджет тапшылығы мен жалпы атқарылған шаралар кешенін баяндады.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы көрсеткіштерге сәйкес, облыстық бюджеттің нақтыланған көлемі 80,7 миллиард теңгеге ұлғайып, ол бүгінде 770,6 миллиард теңгеге жеткен. Облыс бюджетінің артуына Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қосымша трансферттер бөлініп, кейбір аудандар мен қалалардың меншікті кірістерінің ұлғаюы әсер еткен.
Сонымен қатар, басқарма басшысы өз сөзінде мемлекеттік органдарды қаражатпен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігінің аумақтық салық басқармаларымен бірлесе отырып, жоспарлы көрсеткіштердің толық және уақтылы орындалуы мен резервтерді анықтау бойынша жұмысты күшейтіп, тиісті қаражаттардың бюджетке нақты түсуін қадағалауды жеделдетуі қажет екенін атап өтті.
– Осы уақыт аралығындағы көрсеткіштер нәтижесінде облыстың бюджет шығыстарына орай, барлығы 522 479,7 миллион теңге игерілді. Облыс бойынша газ, су, электр желілерін салуға, жолдар мен электр желілерін күрделі жөндеуге, инженерлік инфрақұрылымды салуға бағытталған игерілмеген қаражаттардың негізгі бөлігі республикалық және облыстық бюджеттердің нысаналы трансферттерінен құралады, – деді басқарма басшысы жиын барысындағы өз баяндамасында.
Сондай-ақ, қаржы басқармасының басшысы облыста дебиторлық және кредиторлық берешектің қысқарғанын айта келіп, мемлекеттік органдар шаруашылықтар мен өндіріс орындарының берешектерін мәжбүрлеп өндіруге жол берілмеуі қажеттігін айтып өтті.
Баяндамашының қорытынды сөзіне қарағанда, тұтастай алғанда бұл мәліметтер бюджеттің толық атқарылғандығын білдірмейді, ал, жыл соңына дейін қаражаттың толық әрі тиімді пайдаланылуы қамтамасыз етіліп, тиісінше қадағаланатын болады.
Содан соң, күн тәртібіндегі екінші мәселе – егін жинау науқанының аяқталуы мен оның қорытындыларына қатысты Ақмола облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов сөз алып, Ақмола облысында егін жинау науқаны тиімді ұйымдастырылып, озық агротехнологиялар кеңінен қолданылғанын атап өтті.
Баршамызға белгілі, биылғы егін жинау науқанында Ақмола облысында 7,6 миллион тонна астық жиналып, аймақ диқандары республика бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бұл әрине, бұрын-соңды тарихта болмаған үздік нәтиже екендігі сөзсіз. Басқарма басшысы өз сөзінде саладағы қолға алынған жұмыстардың үйлестірілу және жүзеге асырылу барысынан хабардар етті.
– Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында биылғы жылы егіс алқаптары 300 мың гектарға ұлғайып, 5,5 миллион гектарға ұлғайтылды. Астық және дәнді-бұршақты дақылдар 4,7 миллион гектар алқапқа егіліп, оның негізгі азық-түлік дақылы бидайдың егіс көлемі 3,9 миллион гектарды құрады, – деді Нұрбек Бадырақов өз сөзінде. Оның айтуынша, майлы дақылдарға басымдық беріліп, бұл шаруашылықтардың неғұрлым табысты әрі тұрақты өнім түрлерін өндіруге стратегиялық бағыт алғанын көрсетіп отыр.
Сонымен, аймақ аграршылары барлық агротехникалық шараларды дер кезінде және сапалы жүзеге асырғандығы себепті, егіс науқаны осылайша табысты аяқталып отыр. Оған қосымша бұл жоғары өнімділік агротехнологияларды дұрыс қолданудың, қолайлы климаттық жағдайлардың және өңіріміздің диқандарының жанқиярлық еңбегінің нәтижесінде қамтамасыз етілді.
Қазіргі уақытта облыста астық және дәнді-бұршақты дақылдар, картоп пен көкөністерді жинау толық аяқталды.
– Майлы дақылдардың егіс көлемін ұлғайта отырып, жоғары өнімділікке қол жеткізген бірқатар шаруашылықтарды атап өткім келеді. Олардың қатарында Атбасардағы «Бастау», Бурабайдағы «Жер Ана», Сандықтаудағы «Максимовка», Бұландыдағы «Журавлевка-1» серіктестіктері бар, – деді басқарма басшысы өз сөзінде.
Бүгінде енді жиналған өнімнің қабылдануы мен сақталуын қамтамасыз ету жұмысы маңызды болып отыр. Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, бұл жұмыстарға облыстағы 4,3 миллион тонна сыйымдылығы бар 66 лицензияланған элеватор және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің астық қоймалары қатысуда. Жалпы, облыста 7,2 миллион тонна астықты сақтау орындары бар.
Жыл басынан бері 3,4 миллион тонна астық экспортталып, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 600 мың тоннаға артқан. Жыл соңына дейін экспорт көлемін тағы 0,5 миллион тоннаға арттыруға нақты мүмкіндік бар.
– Берілген жеңілдетілген несиелер бойынша шарттық міндеттемелерді уақытылы орындау міндеті тұр. Осыған байланысты өңірлердің әкімдеріне бұл тапсырманың белгіленген мерзімде орындалуын бақылауды қамтамасыз ету қажеттілігіне ерекше назар аударғым келеді, – деді ол жиын барысында.
Сонымен қатар, басқарма басшысы ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша, облыстың агроөнеркәсіптік кешені 1,2 триллион теңге көлемінде ауыл шаруашылығы өнімінің рекордты өсіміне қол жеткізу мүмкіндігіне ие екенін атап өтті.
Бұдан соң, облыс әкімі Марат Ахметжанов БАҚ өкілдерімен арнайы жиын өткізіп, журналистердің қойған сұрақтарына жан-жақты жауап берді.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

