Жүрегімнің жан сыры
Сан қилы тарихың бар, Отанымның ішіндегі Отаным, елім, жерім, балалық бал дәуреніммен қош айтысқан алтын ұям, киелі де қасиетті қара шаңырағым – туған жерім! Қасиетіңнен айналдым, Қорғалжыным! Қандай әсем сөзбен өрнектесем де, тіл жетпейтін баға жетпес байлығымсың, туған жерім, менің Қорғалжыным!
Атыңды естігенде елең етер жүрегім, бір сен деп соға берсе, арманым бар ма, туған жер! Сенің көкорай шалғын шөбің, таза мөлдір көлің, жұпар иіспен аңқыған ауаң, әрбір тасың мен табаным тиген топырағың мен үшін аса қымбат! Сенің әрбір жетістігің, тыныс-тіршілігің мен үшін өте маңызды. Жырақта жүрсем дағы, сенде атқан әрбір таңым, қас қарайып, батқан күнім есімнен еш кетпейді. Құшақ жая қарсы алар кең далаң, қорығыңда өсіп жатқан құсың мен аңың, тіпті шыбын-шіркейіңе дейін маған ыстық! Себебі, біз сенде туып, сенен түлеп ұштық!
Алтын Ордам, сен маған қымбатсың! Сенің әлемге жайып салар әлі талай-талай маңызды да мағыналы, ашылмаған тарихың мен қазынаң, шығар бел-белестерің бар. Мен сен үшін мақтанамын, жүрегім елжірей түсіп, шаттанамын!
Тек біздің Қорғалжын аймағына ғана емес, біраз жерге әйгілі қазақ жігіті Дүйсен мен орыс қызы Мәриямның махаббат тарихының, қос жүрек сүйіспеншілігінің куәсі ретінде керемет ескерткіштің үлгісін бой көтерттің! Бұл менің туған өлкемнің өңін кіргізетін ғаламат туынды деп ойлаймын. Бұл да болса зор қуаныш! Қанша уақыт өтсе де, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан Дүйсен мен Мәриямның арасындағы адал махаббат, кіршіксіз сезім нышаны әдемі мүсінге айналды. Бұл қажырлы еңбектің астарында жас ұрпақты адамдық пен адалдыққа, ізгілікке үндеу, сертке берік болу қасиетіне баулу мақсаты жатыр деп ойлаймын. Біздің қазақ ауыз әдебиетінен мектеп қабырғасында жүріп оқыған бай саланың бірі – ғашықтық дастандары әрине, есімізде. Ендеше, соның ішінде біз білетін «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» сияқты ондаған ғашықтық дастандар бар. Солардың қайсысын алсақ та, онда қазақ өмірі, әдеп-ғұрпы, салт-дәстүрі кең қамтылған және ғашықтардың бақыт пен бостандық жолындағы күрестері жырланған.
Кезінде «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» поэмасы дүниежүзілік поэзияның тамаша үлгісіне жатқызылған, қос ғашықты қазақ жеріндегі «Ромео мен Джульетта» деп атаған. Ал, әлемге әйгілі «Дударай» ше?! Осынау махаббат хикаясы аясында қазақ-орыс ұлттарының арасындағы достықтың символы ретінде танымал болған қос ғашықтың әдемі әнінің дүниеге келіп, қалыптасқан, тараған ортасы қазақ жері, менің туған жерім, туған өлкем Қорғалжыным екеніне тағы да мақтанамын. Айнымас қос ғашықтың, олардың әдемі әнінің құрметіне ашылып жатқан мына ескерткіш, сөз жоқ, көпшіліктің көңілінен шықты. Жұртты елең еткізген, «Дударай» әні үлкен махаббаттан, асқан сүйіспеншіліктен туған ән екені белгілі және ол көптеген өнер зерттеушілерінің назарына іліккен туынды. Ендеше, осы махаббат мұнарасы аса зор еңбектің арқасында туындаған шығарма және ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан мөлдір махаббаттың символы. Осындай айтулы іске ұйытқы болған қорғалжындық жерлестеріме, оның басы-қасында жүріп, еңбегін сіңірген ағаларымыз бен апаларымызға көп рахметімді айтып, басымды иемін!
Әрине, бұған дейін де әкелеріміз бар маңдай терін сарп етіп, күн демей, түн демей, жақсылығын ойлаған туған жер, сен қымбатсың маған! Сол кісілердің жүріп өткен ізін, асыл да асқақ тұлғаларын, анашымның ақ сүтінің қадір-киесін мен қалай ұмытпақпын. Ашса алақанда, жұмса жұдырықта ұстаған кеңестік дәуірден тіліңді, дініңді сақтап, ел бірлігін жоғары ұстап, татулық пен қонақжайлылықтың ұйытқысы болған, қаймағы бұзылмасын деп салт-дәстүріңді ұрпағыңа ұлықтай білген туған жерім, Қорғалжыным, сен менің көкірек кере масаттанып, мақтанар мақтанышымсың!
Жақұтым да, бақытым да, ұрпағымның мақтанышы, байлығым да сенсің, туған жер! Саған деген іңкәрлігім мен құштарлығым, сағынышым мәңгі менің жүрегімде сақталады, туған жер!
Өкінішке орай, туған жерде уайым-қайғысыз тәтті күндерім, қайтып келмес балалық балдәуренім мен арман қуып, өмірдің жаңа белестеріне аттаған балауса кезеңім ғана өткен екен. Жоғары оқу орнын бітірген соң, бір жылға жетер-жетпес еңбегімнің және жастық шағымның куәсі болдың, туған жер! Сонда өмірдің әр тарабына кете барған, тағдырдың жазуымен бауырыңнан әрі қарай қанат қаққан қарлығаштарыңның қатарында мен де бар едім. Туған жер, мен саған осылай қарыздармын. Жырақта жүрсем де тілеуіңді тілеп өту парызым. Топырағыңнан айналдым, саған деген тілегім сол, бауырыңда жетіліп, құшағыңда өскен ұрпақтарың аман болса екен. Солар адал еңбек етіп, өзіңе пайдасын тигізіп, білімді, саналы, тәрбиелі болумен мерейіңді асқақтатып, елдігіңді, өнерің мен тарихыңды өрлетуге үлестерін қосса екен деймін.
Сенің әлі де жұмбақ күйінде, ашылмай қалған қыр-сырыңды әлемге танытса екен деймін. Туған өлкем, сен аман бол! Ұлтын ұлықтайтын, дінін сатпайтын, тілін құрметтейтін, салт-дәстүрін бағалайтын, ата-баба аманатына адал болып, соны жалғастыратын ұрпағың аман болсын, көп болсын демекпін!
Атқарылған үлкен іс, Дүйсен әкеміз бен Мәриям анамызға қойылған ескерткіш-мұнарамыз құтты болсын, ағайын!
Алтын ОШАҚПАЙҚЫЗЫ,
Ақтүбек ауылының тумасы.
Қорғалжын ауданы.
![]()

