Ауданда 400 бас ірі қара мал ұстауға арналған заманауи мал шаруашылығы кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Енді бірер айдан соң пайдалануға берілетін тауарлы-сүт фермасында тәулігіне шамамен 8 мың литр сүт өндірілетін болады. Ол өнім «Milk Project» ЖШС зауытына өңдеуге жіберіліп, ондағы шығарылатын сүт өнімдері көлемінің артуына игі ықпал ететін болады.
– Құрылысты өткен жылдың соңында бастадық. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 70 бас сауын сиыр әкелінді, тағы 40 бас көршілес фермада тұр. Жақын күндері тағы да «Родина» агрофирмасы» ЖШС мен Солтүстік Қазақстан облысынан 200-ден астам мал жеткізіледі деп күтілуде. Сауын сиырлар табынын толықтай жыл соңына дейін қалыптастыруды жоспарлап отырмыз, – деді «Milk Project» ЖШС директоры Юрий Швец.
Оның айтуынша, мал төлдетудің негізгі бөлігі желтоқсаннан наурыз айына дейінгі қыс-көктем мезгіліне жоспарланған. Ферма 400 бас сауын сиырға есептелген. Бірақ, алдағы уақытта қосымша 350 басқа арналған тағы бір қора салу көзделіп отыр. Бастапқыда тәулігіне 8-8,5 мың литр сүт өндірілсе, кейін бұл көрсеткіш одан әрі ұлғая түспек.
Ферманың техникалық жабдықталуына да ерекше назар аударылған. Израильдік сауу залы еліміздің басқа шаруашылықтарында да өз тиімділігін дәлелдеген болатын.
Ферма іске қосылған соң жаңадан жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын жұмысқа жергілікті тұрғындарды және көршілес аудандардың мамандарын тартуды жоспарлап отыр. Бұл ауылдық жерлерде тұрғындарды жұмыспен қамтуды арттырып, мал шаруашылығын дамытуға серпін береді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Зеренді ауданы.
![]()

