Мейірім иелері

Әлеуметтік қорғау

Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай «Достар» мәдениет сарайында ұйымдастырылған салтанатты шарада Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова құттықтау сөз сөйлеп, бір топ сала үздіктеріне «Шапағат», «Еңбек ардагері» медальдарын тапсырды.

2011 жылдан бері дәстүр бойынша қазан айының соңғы жексенбісінде Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. Бұл күн өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек пен қолдау көрсететін жандарға арналады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында әлеуметтік салаға айрықша назар аударып, азаматтарды қолдауда әділдік пен атаулылық қағидатының маңыздылығы зор екенін атап өткен болатын. Осы міндеттерді күн сайын жүзеге асырып жүрген – әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері. Сала мамандарын құттықтап сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары олардың еліміздегі әлеуметтік ахуалды тұрақты ұстаудағы ерен еңбектеріне, сол еңбектің мән-маңызына тоқталды.

– Әлеуметтік қорғау саласы ең алдымен, адам тағдырымен тікелей байланысты қызмет. Бұл сала мамандарының жұмысы кәсіби даярлықты ғана емес, сонымен қатар, сезімталдық, мейірімділік, шыдамдылық пен жомарттықты қажет етеді. Бұл мереке мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған көпбалалы отбасылардың, зейнет жасындағы адамдардың игілігі үшін жұмыс істейтін жандарға құрмет пен қамқорлықтың айғағы болып табылады. Бүгінгі іс-шара әрқайсыңызға өз ісіңізге деген адалдығыңыз, сабырлылығыңыз бен адамдарға деген қамқорлығыңыз үшін шын жүректен алғыс пен ризашылық білдіретін тамаша мүмкіндік. Сіздер күн сайын азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғап, өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға көмек көрсетіп, қолдау мен үміт сыйлап келесіздер. Әлеуметтік саладағы жұмыс кәсібилікті ғана емес, сонымен қатар, кең жүрек пен мейірімділікті талап етеді, – деді Алтынай Байқадамқызы.

Бүгінде облысымыз бойынша әлеуметтік қорғау жүйесінде 2500-ден астам адам қызмет етеді. Өздерінің күнделікті жұмысында олар азаматтардың жұмыспен қамтылуын, жұмыссыздықты азайту, арнайы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті қамту секілді қызметтерді жүзеге асырады. Облыста 37 маман қызмет көрсететін еңбек мобильділігі орталығы, 350-ден астам мамандар жұмыс істейтін мансап орталықтары бар. Облыста халықты әлеуметтік қамту бойынша басым бағыт ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көмек көрсету екенін де ұмытпауымыз керек. Өңірде 20 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. Сол себепті, облыс аудандары мен қалаларында әкімдердің мүмкіндігі шектеулі жандар мәселелерін шешу жөнінде кеңесшілер бар. Облыс әкімінің бұл сала бойынша кеңесшісі «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығының басшысы Василий Шиманский екенін атап өткеніміз жөн.

Іс-шара барысында әлеуметтік саланың дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар мамандар Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарымен, мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. «Шапағат», «Еңбек ардагері» медальдары мен «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгілері де өз ісінің үздік майталмандарына табыс етілді. Сондай-ақ, «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері» және «Үздік әлеуметтік жоба» республикалық байқауларының жеңімпаздары да марапатталды.

– Менің басты қағидам – адамның шектелуін емес, мүмкіндігін көру. Мен республика бойынша «Еңбек ұтқырлығы орталығының үздік қызметкері» байқауының жеңімпазымын. Бұл біздің мансап орталығы қызметкерлерінің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деп білемін. Екінші жағынан, өз еңбегімнің де жемісі. Қазіргі таңда облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен бірге жаңа реформаларды іске асырып жатырмыз. Барлық әріптестерімді мерекелерімен құттықтаймын,–дейді «Еңбек ұтқырлығы орталығының үздік қызметкері» республикалық байқауының жеңімпазы Әйгерім Бейсенбаева.

Іс-шара аясында арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызмет алушылары мен қызметкерлері мерекелік концерт ұйымдастырды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар