Әр халықтың тарихында тағдыршешті оқиғалар болады. Қазақ халқы үшін де сондай ұмытылмас ерекше күн – 1990 жылдың 25 қазаны. Бұл күні көптен күткен арманымыз іске асып, Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған ұлы арманы мен азаттық пен дербестік үшін күрескен күресінің жемісі еді. Ол күрес қасиетті Ақмола, Көкше өңірлерімен де тығыз байланысты. Бүгінгі егемендігіміз бен болашағымыздың бір берік негізі осы жерде қаланды. Көрікті Бурабайда 48 жыл хандық құрған ұлы Абылай бабамыз үш жүздің басын біріктіріп, сыртқы жаулардан қазақ елінің тұтастығын сақтай білді. Ал, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Кенесары хан патша отаршыларымен қазақтың әр сүйем жері үшін басын қатерге тікті.
Кешегі Алаш идеялары үшін күрескен арыстарымыз осы қаһармандық пен көзсіз ерліктен рух пен күш алды. Намысшыл жастарымызбен мұзда жағылған Желтоқсан алауы да Егемендік декларациясының ақжолтай хабаршысы болды. Бұл құжат біздің тәуелсіздігімізге, еркін ел болуымызға жол ашты. Осы декларация арқылы тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізі қаланды. Елдің сол арманды күнге сенімі молайып, әне-міне тәуелсіздігіміз де есік қағып тұрды.
Бірақ, халқымыздың бұл бақыты оңайлықпен келген жоқ. Ол үшін ар да тіресті, жан да барын салды. Декларация қабылданған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің отырысында әртүрлі пікірлер айтылды. Бірақ, біздің санасы сергек, жүрегі ел деп соққан ұлтжанды ағаларымыз бен апаларымыз халқымыздың мүддесін қорғап қалды. Сөйтіп, егемендігімізді білдірген декларация көпшілік дауыспен қабылданды. Ұлы мұратымызға қол жеткен сол тарихи күні декларация үшін дауыс берген депутаттар арасында ақмолалықтардың да болғанын айту парыз. Солардың бірі былтыр өмірден өткен халқымыздың қалаулы ұлы Болат Сүлейменұлы Жанәділов.
Жоғарғы Кеңес қабылдаған «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация республика егемендігін заң жүзінде бекітті. Осы тарихи құжат содан бастап бізді осы күні жемісін көріп отырған тәуелсіздігімізге бастады. Ата-бабалар аманатына адал болып, тура жолдан таймадық. Қоғамды жаңғыртуға ұмтылған әрбір ісімізге осы тарихи құжаттың ықпалы зор болды. Небір тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, тәуелсіз ел іргесін бекемдей түстік. Ел жаңарды, өмір түрленді. Астанамыз салынды. Сөйтіп, осы күні тәуелсіз Қазақстан әлем таныған іргелі мемлекеттердің біріне айналды. Міне, осыдан 35 жыл бұрынғы Егемендік туралы декларацияның біздің халқымызға, соның ішінде ақмолалықтарға берген басты жемісі мен құндылығы осында. Мұны әрқайсымыз жақсы түсініп, бағалай білуіміз керек.
Өкінішке орай, тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдарында жыл сайын аталып келген бұл мереке кейін біраз жылдар аталмай, тоқтап қалды. Бұл ара-тұра айтылып та жүрді. Дегенмен, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен ұлттық Құрылтайдың бірінші отырысында тарихи әділдікті қайта қалпына келтірді. Сол құрылтайда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы:
– Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деп атап көрсеткен болатын.
Президентіміздің бұл орынды ұсынысын халық қуана қабыл алды. Бұл жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолындағы тағы бір ел көңілінен шыққан құптарлық қадам болды. Осылайша қайта жаңғырған мереке арғы жылы белгілі бір үзілістен соң бүкіл еліміз бойынша кең көлемде, зор өрлеумен атап өтіліп, қадір-қасиеті арта түсті. Осы салтанатты оқиғаның алдыңғы легінен көрінген Ақмола жұртшылығы да Республика күнінің маңызын жақсы сезінді.
Иә, біздің әрқайсымызда егемендік мұратына терең құрмет сезімі болуы керек. Сонда ғана қол жеткен осы құндылығымызды бағалап, одан әрі баянды ете түсеміз. Кейінгі жылдары қоғамымызда жүргізіліп жатқан реформалар біраз салада өз нәтижесін бере бастады. Ол Мемлекет басшысының 2025 жылдың 8 қыркүйегіндегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында да айтылды. Бұл ретте, бүкілхалықтық референдумда Конституцияға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар, «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты, тағы басқа шаралардың орны ерекше. Бұл ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары елдің ертеңгі күнге деген үміті мен сенімін жаныды.
Алайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің жоғарыдағы Жолдауында нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керектігін, осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажеттігін де айтып отыр. Сол үшін жарияланған Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары Ақмола облысы халқынан да осы жолда барынша іскерлік пен зор жауапкершілікті талап етеді. Жолдау алға қойған іргелі міндеттер бәріміз осы іске бір адамдай жұмылғанда ғана қолдан келмек. Сайып келгенде, бізге қажет осы құлшыныс, өзара түсіністік мемлекеттің егемендігінің өміршеңдігі мен мәңгілігінің де кепілі. Міне, бүгін бәріміз ұлықтап отырған Республика күнінің мән-маңызы да сонда, тәуелсіз мемлекетімізді бір адамдай сүйіп, оған адал қызмет етуде жатыр. Халқымыз қолы жеткен егемендіктен көп игіліктер күткен осы сындарлы кезеңде бізге керегі де сол, Жаңа Қазақстанды ортақ күш-жігермен бірлесіп құру, дамыту, жан-жақты алға апару. Бұл үлкен парызға өзінің адами және табиғи, ғылыми-өндірістік, ауыл шаруашылығы әлеуетімен біздің Ақмола облысы да лайықты үлесін қосуы тиіс. Ол үшін ең алдымен, бірлік керек. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген халқымыздың мақалы да тек мақсат-мүддесі бір ел ғана өз мұратына жететінін растай түседі. Біздің осы бір асыл мұратқа негізделген ауызбіршілігіміз, бір ел болып ұйысқан тұтастығымыз – басты игілігіміз. Ол бар жерде талай табыс та келетініне сөз жоқ. Бүгінде көргіміз келетін көп өзгерістерді, халықтың әл-ауқатының артуын шындыққа айналдыратын еңбек. Осы жолда табанды болсақ, жеке мүддеден де мемлекет мүддесін жоғары қоя білсек, біз атап өтіп жатқан егеменділігіміз де баянды болмақ. Жауапкершілік, талап пен тәртіп бар жерде ғана, іс оңға басады. Бәріміз жаңа, сапалы биіктерден көргіміз келетін мемлекеттілігімізді нығайтудың да алғы шарты осы қасиеттер, халқымыздың отаншылдығы мен ұлтжандылығы, бабалар аманатына адалдығы. Неғұрлым солай болсақ, соғұрлым еліміз де өсіп-өркендейді, күрмеуі қиын мәселелер де шешіледі. «Отан оттан да ыстық» деген қағиданы әр жүрекке берік орнықтыруымыз керектігін, егемен еліміздің тағдыры әрбір азаматтың қолында екенін бүгінгі қасиетті мереке – Республика күні тағы бір ауызға алудың әбден реті бар.
Республика күні ұрпақтар сабақтастығының нақты айғағы – аға буын мен жастар туралы да айту парыз. Ел тарихына үлкен бетбұрыс әкелген сол тоқсаныншы жылдары Егемендік декларациясының дүниеге келуінде аға ұрпақтың басты еңбегі бар. Туған Қазақстанымызды орнатып, қалыптастырып, жаудан қорғап, дамытып, сол ұмытылмас сәтке жеткізген осы ардақтыларымыз. Осы мерекелі қазан айы елімізде Қарттар айлығы ретінде де атап өтілуде. Бұл біздің ардагерлерімізге елдің шексіз құрметінің белгісі. Осы аға буыннан өнеге алған жастарымыз да ертеңгі ел иелеріне сай білімді, алғыр, арлы, талапты болып өсіп келеді. Олар оқуда да, еңбекте де алғы қатардан көрініп, жаңа Қазақстанның арқасүйер жасампаз күшіне айналуда. Бұл бізді, үлкендерді қуантатын жағдай.
Қазір біздің жастарымыз әлемнің кез-келген жоғары оқу орындарында оқи алады, кез-келген шет елге шығып, жер жүзін көре алады, өздерін де көрсете алады. Мемлекетіміз бұл жағынан жастарға барлық қамқорлықты жасап келеді. Осының бәрі егемендігіміздің арқасы. Бұрын ешқашан бұлай болған емес. Сондықтан, осындай өз қолымыз өз аузымызға жеткен заманда туған бүгінгі жастарымыз бақытты жастар. Ең бастысы, олар еліміздің ертеңгі иелері, тәуелсіздігіміздің сенімді тірегі. Осыны айтқанда, біз Астана қаласында өз басын өлімге тігіп, үш адамды өрттен аман алып шыққан Біржан сал елінің тумасы Асқар Забикулин сияқты қаһарман жастарымызды да еске алмай тұра алмаймыз. Осындай батырларымыздың арқасында елдігіміз, отаншылдығымыз нығая түседі.
Біз едәуір үзілістен кейін үшінші жыл атап өтіп отырған Республика күні маңызы жағынан алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен терезесі тең мейрам. Екеуі де, бірін-бірі толықтырып, еліміздің дербестігін паш етіп тұр. Соның айғағындай, 1990 жылы 25 қазанда Егемендік декларациясы қабылданса, арада бір жылдан сәл асып, 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстанның тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданып, жеке дербес мемлекет болдық. Бұл заң елдігімізді одан әрі нығайта түсті. Әлемдік аренада Қазақстан деген мемлекет пайда болды. Оның бастауы, әрине, Декларация еді. Сондықтан, бірі ұлттық, бірі мемлекеттік қос мереке ел өмірінде әрдайым берік үйлесім таппақ. Мемлекет басшысы өз сөзінде атап өткеніндей, осындай ерекше мәні бар Республика күні шын мәнісінде, бүкілхалықтық мерекеге айналуы тиіс. Бұл мерекенің идеясын көпшілік зор өрлеумен қарсы алды. Ендігі міндет – осыны әр жүрекке жеткізу. Біздің облысымызда Республика күні құрметіне өтіп жатқан әр алуан қоғамдық-саяси, көпшілік-мәдени, спорттық іс-шаралар, ғылыми конференциялар, тағылымды кездесулер, қайырымдылық акциялары, концерттік бағдарламалар осы мақсатты көздейді. Мұның бәрі ұлттық мейрамымыздың рухын сезіндіріп, халықтың мемлекетшілдік сана-сезімін арттыруға қызмет етеді деген сенімдеміз.
Егемендік декларациясымен қолымыз жеткен ең басты жетістік – бұл күнде тәуелсіз елміз. Бекітілген мемлекеттік шекарамыз, сарабдал ішкі және сыртқы саясатымыз, мемлекеттік рәміздеріміз – Көк Туымыз, Елтаңба, Әнұранымыз бар. Жаңа Қазақстанды құру жолында Президентіміздің жанына тығыз топтасқан халқымыз бар. Жер бетінде әр жақсылық азаматтардың адал ниеті, түзу көзқарасы, маңдай терімен келеді. Біз, ақмолалықтар да осы қасиеттерге берік болып, талай берекелі істердің үдесінен көрінуге тиіспіз.
Бүгінгі таңда солай болып келе жатқандығы да қуантады. Осыған да аздап тоқтала кетсек, биылғы жылғы қадамымыз тіпті ерекше. Облысымыздың орталығы Көкшетау қаласында, тұтастай өңірлерде қаншама тұрғын үйлер, денсаулық сақтау, білім мекемелері, мәдениет және спорт ғимараттары салынып жатыр. Өндіріс орындары ашылуда. Астығымыз да күткендегіден асып түсіп, құт қамба кемерінен келіп тұр. Алда да осылай ниетімізге беріп, еліміздің күш-қуаты арта берсе екен. Ұлық мереке үстіндегі шынайы тілек те, асыл арман да осы.
«Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні осы» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та мұны өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында дәл атап көрсеткен болатын.
Егемендік декларациясы салып берген сара жол қалай айтсақ та, тәуелсіз еліміз үшін құтты болды. Өтпелі кезеңнің қиындықтарын қайыспай көтеріп, жаңа қоғам құрдық. Тәуелсіздігіміздің басты бір алғышарты – әлемдік қауымдастықтың мойындауы еді. Оған да қолымыз жетіп, 1992 жылдың 2 наурызында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 46-ыншы сессиясында Қазақстан осы Ұйымның мүшесі болып қабылданды. Ал, 1992 жылдың мамырында Еуропа Қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымына мүшелікке өттік. Тәуелсіз еліміз бұл күнде бұдан басқа да бірқатар беделді халықаралық ұйымдардың толыққанды мүшесі. Бұған қоса, Қазақстан Біріккен Ұлттар ұйымына мүше 186 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан іргелі ел. Иә, «қайырымен болған істің аяғы құтты» деп данагөй халқымыз тегін айтпаған. Осылай сәтімен жалғасқан маңызды оқиғалар мен елеулі өзгерістер жарқын болашаққа бет түзеген халқымыздың еншісінде аз емес. Тәуелсіздігіміздің басынан бастап Ата жұртқа, соның ішінде өзіміздің Арқаға да ағылған ұлы көш те үлкен жетістігіміз. Осы елде басы қосылып, бағы жанған қандас ағайынымыз біздің Ақмола, Көкше өңірлерінде де баршылық. Елге құт болып қосылған бұл көштің тоқтамайтындығы кешегі Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші тарихи отырысында да айтылғаны белгілі.
Тәуелсіз қазақ елі дәл қазір өзінің басынан үлкен тарихи кезеңді өткізуде. Ұлттық мереке – Республика күніне мемлекетіміз одан әрі Жаңа Әділетті Қазақстанды құру қамымен қадам басып отырғанының өзі бұл қуанышты оқиғаның маңызын еселеп арттыра түседі. Өйткені, Егемендік декларациясының өзі халқымыздың дербес, өз қолы өз аузына жететін бақытты тұрмысын көздеген ұлы мұратымыз болатын. Бүгінгі таңда елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар осы мақсатта қолға алынуда. Бұл әсте оңай емес, бірақ, керек іс барша ақмолалықтарды да осыған берік жұмылдыра түсуі тиіс. Тек отансүйгіштік, өзара түсіністік қана еліміздің одан әрі дамуының, зайырлы демократиялық мемлекетке айналуының маңызды шарты екені түсінікті. Сондықтан, біз де осы мақаламызды Президентіміздің ел халқына Жолдауындағы «Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз. Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын, – деген сөзімен аяқтағымыз келеді.
Ата-бабаларымыздың асқақ арманы – тәуелсіздігіміз баянды болып, туған Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін!
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
![]()

