2017 жылғы 17 ақпан күні Жамбыл облысындағы Көксай шатқалында өтіп жатқан 91678 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің жауынгерлік дайындығы бойынша жоспарлы сабағы барысында күтпеген жерден қар көшкіні орын алды.
Соның салдарынан аға лейтенант Әлішер Мошабаев, кіші сержант Мақсат Қыдырбаев, кіші сержант Әуесбай Ерісбаев, келісімшарт қызметіндегі қатардағы жауынгер Тілеужан Кеңесов, кіші сержант Әмір Аралбаев, келісімшарт қызметіндегі қатардағы жауынгер Мақсат Шәкен, ефрейтор Мұхит Тұрысмағанбетов осы көшкіннің астында қалып, қаза тапты. Ойламаған жерден болған апатқа не шара, марқұмдардың бәрі өрімдей жас жігіттер.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов бастаған Үкімет комиссиясы сол күні қайғылы оқиға орын алған Жамбыл облысына келді. Қорғаныс министрі азаматтарынан айырылып, қайғы жұтқан отбасыларында болып, көңіл айтты және түрлі жарақат алып, ауруханаға түскен сарбаздардың хал-жағдайларын білді.
Комиссия мүшелері оқиға орнында төтенше жағдайдың себебін анықтап, қаза тапқандардың отбасына көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастырумен айналысуда. Қаза тапқан әскерилердің отбасыларына 5 жылдық ақшалай үлестері көлемінде бір реттік өтемақы төлеу қарастырылған. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың жеке бақылауына алынды. Қазіргі кезде қар көшкінінен қаза тапқан әскери қызметшілердің мәйіттері үйлеріне жеткізіліп, жерлеу рәсімдері өтуде.
Ел тыныш, жұрт аман бейбіт заманда әрбір ата-ананың көзінің ағы мен қарасындай көріп отырған бір-бір үмітінен осылай қапыда айырылып қалуы қандай өкінішті. Ендеше, осының бәрі алдағы уақытта біздің іс басындағы қорғаныс саласының басшыларына мықтап сабақ болса екен дейсің.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.