Қытай сапары
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бастаған облыс делегациясының Қытай Халық Республикасына сапары барысында ынтымақтастық туралы бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Оның ішінде аймақта жаңа алтын өндіру зауытын салу туралы келісім бар.
Өңірлік делегация Сямэнь қаласындағы әлемдегі үшінші ірі тау-кен корпорациясы «Zijin Mining Group Co., Ltd.» компаниясының қызметімен танысты. Сондай-ақ, Шанхай уезіндегі Цзицзиньшань мыс қорыту зауыты мен алтын-мыс кенішінде болып, компанияның экологиялық тәжірибесіне зер салды.
Өндірісте қолданылатын технологиялар халықаралық экологиялық стандарттар талаптарына, соның ішінде БҰҰ талаптарына сәйкес шығарындылар мен қалдықтарды азайтуға бағытталған. Компания, сонымен қатар, жерді қалпына келтірудің инновациялық тәсілдерін қолданады, бұл жұмыс еңістерді азайту мен топырақты қалпына келтіру және жаңа ормандар мен саябақтарды құруға бағытталған. Бұл шаралар ЮНЕСКО қолдаған экологиялық тұрақтылық қағидаттарына сәйкес экожүйелерді қалпына келтіруге және қоршаған ортаның сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Сапар қорытындысы бойынша Ақмола облысы әкімдігі мен «Zijin Mining Group» компаниясы арасында Бурабай ауданындағы Райгородок алтын кен орнында өңдеу зауытын салу туралы негіздемелік келісімге қол қойылды. Бұл инвестиция шамамен 500 миллион долларды құрайды және жаңа нысанда 1000-ға дейін жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сондай-ақ, компания әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға және аймақтың инфрақұрылымын жақсартуға, халықаралық экологиялық стандарттарды сақтау мен жергілікті экономиканың тұрақты дамуына ықпал етуді де өз міндетіне алды.
East Hope Group корпорациясы аймақта тағы бір жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл жолы облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов Қытайда өткен жиында ірі қытайлық компания басшылығымен жобаның маңызды тұстарын талқылады. Ол – жем зауыты мен астық кептіргіш кешенін салу.
Қытайдың жетекші корпорацияларының бірі болған «East Hope Group» қазірдің өзінде Қазақстанға, оның ішінде алюминий өнеркәсібі жобаларына инвестиция салып жатыр. Есіл ауданындағы Красивое ауылында астықты терең өңдейтін жаңа кешен салу жоспарлануда.
Жоба екі даму кезеңін қамтиды. 20 миллион доллар инвестиция құйылатын бірінші кезеңде жем өндіру және астық кептіру қондырғыларын құру жоспарлануда. Екінші кезең аминқышқылдары мен басқа да жоғары технологиялық өнімдерді өндіруді қоса алғанда, астықты толық өңдеуді қамтитын өндірісті кеңейтуді көздейді. Бұл кезеңде инвестицияның жалпы көлемі 500 миллион долларға жетеді. Зауыттың жалпы қуаттылығы жылына 300 мың тонна өңделген бидайды құрайды. Болашақ нысанға жер телімі де белгіленген. Жоба қолданыстағы астық өңдеу зауытын жаңғыртуды және жаңа өндіріс орындарын салуды көздейді.
Кездесуде атап өтілгеніндей, жобаны жүзеге асыру өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін серпінді дамытуға және экспорттық әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

