Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллиннің туғанына – 110 жыл
Батырым – Мәлік беренім, жүйрігім, озған өренім!
Жамбыл.
Ертең Көкшетау қаласындағы «Болашақ» сарайында, сағат 11.00-де Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің туғанына – 110 жыл толуына арналған «Ғылыми-таным. Музейлік жады. Ұрпақтар сабақтастығы.» атты республикалық ғылыми конференция өтеді.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
филология ғылымдарының докторы, профессор
Кеңес Одағының Батыры, гвардия майоры Мәлік Ғабдуллин Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнайы шақыруымен 1943 жылы тамыз айында туған еліне келеді. Қазақстан еңбекшілерімен кездесулер өткізеді. Осы сапарында жыр алыбы, ғасыр куәгері Жамбыл Жабаевқа барып сәлемдесті. Бұл 23 тамыз күні еді. Батыр мен бірге орыс балалар әдебиетінің көрнекті өкілі ақын Самуил Яковлевич Маршак, Қазақ ССР Министрлер Советі Председателінің орынбасары Төлеген Тәжібаев, жазушы Сәбит Мұқанов және тағы біраз жолдастар барады. Жамбыл төрде төселген төрт қабат көрпенің үстінде отыр екен. Бір топ ел адамы өзін қоршап алған. Жамбылмен бірінші болып Сәбит Мұқанов сәлемдесіп, күтіп отырған және майданнан келген балаң мына жігіт, – деп ол Жамбылға Мәлікті таныстырды.
– Кел, менің қасыма отыршы. Батыр келді деген хабарды мана күндіз естіп едім, майдан төрінен келген жас арыстанды қарсы алайын деп, күні ұзаққа далада болдым. Батыр келеді дегенге, – дейді Жамбыл, баяғыдағы Қобыланды, Ер Тарғын, Сұраншы, Өтегендер секілді алып денелі алпамса шығар десем, өзің талдырмаш қана жігіт екенсің ғой.
Қарт ақын домбырасын күйге келтіріп, үйдің үш ауызын өзім айтайын деп жырлап кетеді. Жауынгерлердің батырлық, ерлік қасиеттерін, Отан қорғау жолындағы табанды күресін, көшбастаушылардың даналығын әдемі жыр ғып айтады.
Мәлік батырдан майдандағы жігіттердің қаһармандық істерінен әңгіме шертуді өтінеді. Батыр Жәкең білетін генерал Панфиловтың, Бауыржан Момышұлы мен жас жайнақ Төлеген Тоқтаровтың көрсеткен ерліктерін баяндайды. Жаны тебіренген Жәкең:
– Әттең, шіркін-ай, Панфиловтан айрылып қалғандарың өкінішті-ақ, – деп бір жағынан күйзелді.
– Қан майдан шығынсыз болмайды ғой.
– Мен күн сайын майдандағы жігіттерден хат-хабар алып тұрамын. Олар батырларша қимылдап жатқанын жазады. Мен бұларды оқығанда, не тыңдағанда өте қатты масаттанып қуанам, разы болып отырамын. Енді сенің аузыңнан естіп, Мәлік балам, жаным семіріп, көңілім толып қанаттанып отырмын.
Шынында да Жамбыл ерлік пен батырлықты қадірлейді. Ел сүйген, еңіреп туған ерді толғайды. Өз өнерінің басты нысанасы, басты мақсаты – патриотизмді жырлау. Мына бір қызық жәйтке тоқталмасқа болмайды. Ол өз кереуетінің тұсына суретті кілем ұстаған. Қазақ халқының тарихында аты алтын әріппен жазылған Аманкелді батырдың бір сәті әшекейлі кілемге айқын бояулармен кестеленіп, өрнектеліп тоқылған. Ол құйындатып шауып бара жатқан арғымақ аттың үстінде қолындағы жоғары сілтеген семсермен бейнеленген. Бұл кілем ұдайы Жамбылдың көз алдында.
Қарт жыраудың Мәлік батырмен кездесуі – елі мен мекенінің туын ұстаған Аманкелді батырдың бүгінгі ұрпақтарымен кездесуі. Ол бақытты. Жыр теңізін сапырып, тұлпар шабытқа мінген.
Алғадай қазасынан кейін Жамбыл қайтадан жасарып, сұңқарша саңқылдағаны, інжу-маржандай сұлу сөздерді тізіп, қорғасындай балқып, төгіп жырлағаны осы еді. Махамбет пен Аманкелді туралы тебірене сөйлейді. Одан от жалынның ішінен келген жас батырға жүрегі жібіп:
Батырым – Мәлік беренім,
Жүйрігім, озған өренім!
Халқы сүйген қалауым,
Жырымды саған төгемін, – деп Мәлікті өз жырының қаһарманына айналдырды. Жырау қолын батырдың кеудесіне апарып, омырауға қадалған орденді көріп жатыр. Батырлық белгісі «Алтын жұлдыз» бен Ленин орденін ұстап ұзақ ойға шомды. Ар-намысқа дақ түсірмейік, шаң жуытпайық, таза ұстайық деп Жамбыл Мәліктің қолын алды. Қаумалаған қалың жұрт қошемет көрсетті. Екі ұрпақтың өкілінің серті «ер мен елдің бірге соққан жүрегінің, құрыштай берік бірлігінің, айнымас антының, құдыретті күшінің бейнесі сияқты» болды. Бұл күні қарт ақын үдей соққан дауылдай, лапылдап жанған жалындай, тегеурінді мұхит толқындарындай күйге түсті. Түтеген оққа, қан сорған дұшпанға қарсы тұрған қас батырларды, елдің көзін ашқан, өнер шашқан айтулы, ардақты ұлдарды, ән мен жырдың қазанын қайнатқан сал-серілерді төгіле жырлады. Жиналғандарды қыран күлкіге батырды. Көз алдындағы көріністер жомарт дарынның көзі түсіп, шапшаң жырға айналып жатты. Ақын санасының қабылдағыштығы сондай, жанында отырған колхоз төрағасына:
Мынау отырған исполком,
Ашуы келсе ақырады,
Шапшаң кел деп шақырады,
Шақырғанда бармасаң,
Жатады да бақырады, –
деп тағы бір жұрт көңілін сілкіндірді. Жамбыл әзіліне біраз адамдар ілініп кетіп жатты.
Мәлік батырдың айтуынша, Жамбыл Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның жауынгері Төлеген Тоқтаровтың өзінің автоматымен 115 фашисті қырғанын, оның «өмірді сүйсең ол үшін жан аямай күресе біл» дегенін, ерекше ерлік көрсетіп, батырлықпен қаза тапқанын естіген еді. Батыр ұлдың қазасына қайғырған ақынның жырламасқа шарасы болмады.
Қазақтан шыққан жас ұлан,
Жалындады, жайнады.
Алтайдан ұшқан ол қыран,
Тұяғын өткір қайрады.
Болат еді-ау, тұяғы,
Өткір еді қияғы.
Жауды алыстан болжайтын,
Көргіш ел қырағы, –
деп, қас батырдың қасиеттерін төгілтіп, өміріне, іш-бауыры елжіреп айтты.
Сонымен, Мәлік батыр аттанарда Жамбыл Отан үшін от кешіп жүргендерге жалынды сәлемін жырмен жеткізеді. Ол аузымнан ақ күмістей асыл жыр күнде ақтарыла бермейді. Жез таңдайға сылдырау үшін де бап керек. Көне қоңыр домбырамды шебер ойнап, бәйге атындай көсілсем, терең ойдан нәр алып, көмейімнен көркем жырлар сыңғырлап құйылып, бұлбұлдай сайрасам – ол асқар таудай елімнің, өзіңдей жас жолбарысымның арқасы деп сыр ағытты.
– Алға, жауға қарсы аттанғанда атының басын тартпасын, жендеттер тобын қақ жарып, ойран салып өтсін. Дұшпан аяғын басқан жерлердің тастарын да қылышың күлпаршасын шығарып уатсын. Қас жаумен шайқасқанда ер намысы, ел намысы, халық намысы дегенді жоғары ұстаңдар. Жеңіске жетуімізге көп уақыт қалған жоқ. Осынша кәрілігіме қарамастан, мен де сендермен біргемін. Саны көп деп сескенбеңдер. Қаруы көп деп тайсалмаңдар, дұшпаннан. Жауды жеңіп, аман-есен елге қайтыңдар. Сол күні байтақ Отанымызда үлкен той болады. Ол тойдың той бастарын өзім айтам, – деп Жамбыл ақ тілеу тілеп, Мәлік батырмен қимас көңілмен қоштасады.
Мәлік батыр майданға кеткеннен кейін, яғни, 1943 жылы желтоқсанның 5 күні Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында республикалық ақындар айтысы өтті. Ұлы жиынды Жамбыл ашты. Ол Сүйінбай мен Қатағанның, Кеншімбай мен Орынбайдың, Сарыбас пен Майкөттің, Құлыншақ пен Қуандықтың, Шөже мен Кемпірбайдың ақындық дәстүрінің мықты желісін, алтын арқауын босатпай ұстап, өлең-жырды көк дауылдай боратып, шарықтап шалқыңдар, сөз нөсерін селдетіңдер, миуасын теріңдер, батырлық, ерлік күндердің толғауын айтыңдар деп жар салды байтақ еліне. Аталық сөзін Шашубай, Кенен, Қуат, Нартай, Нұрлыбек, Жақсыбай сынды замана жыршыларына арнады. Төк жырыңды жұртыңа, Отанға деді.
Жауды қуған жөңкілтіп,
Батырларға қараңдар.
Жас арыстан пішінді
Жауға ойран салған бар.
Батыр сынды мүсінді,
Мәліктей көп балаң бар, – деп қаһармандықпен шайқасып жүрген Мәлік батыр Жамбыл ілтипатына ие болды.
1995 жыл, 31 қазан.
сурет egemen.kz сайтынан
![]()

