Қараөзекте  басшы бар елін демеген

Азамат ажары

«Қараөзек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Нартай Ысқақов ғибратты бастама көтеріп отыр.  Ауылда өз ісін бастағысы келіп, несие алуға оқталғандар болса кепіл болмақ.  

Малды-жанды шоқ жұлдыздай Қараөзек ауылының сыртқы кейпі көңіл тоғайтарлық. Көлденең жатқан бір бұрау жоқ, тап-таза, сыланып-сырланған еңселі үйлердің жанындағы мал қораларының маңына тау-теңіз қоянжон маялар үйіліпті. Бір айта кетерлігі, еңбекқор ауыл құтты қаладағыдай тұрмысқа ие. Үйлеріне су тартылған, соңғы үлгідегі ұзақ жанатын қазандықтар орнатылған. Ауыл тұрғыны, еңбек озаты Әбіл Охатов биыл газет-журнал  оқимын деп қуанып жүр.

–Шынын айтқанда соңғы жылдары газет-журнал қолымызға тимей кетіп еді, енді Нартай Жұматайұлының арқасында танымдық-тағылымдық материалдарға тұнып тұрған газеттерді оқитын болдым, – дейді Әбіл аға, – ауылда мәдениет үйі жоқ, халық рухани жағынан баюы керек емес пе? Ал, материалдық жағынан баюға Нартай бауырымның шарапаты тиіп тұр.

Шынында да солай екен, ауыл тұрғындары алға ұмтылуда. Нартай Жұматайұлы ауылдың бір тұрғынына отыз бас еділбай қойын асыл тұқымды қошқармен қосып сатып әперіпті. Мал иесі екі-үш төлін алған соң алғашқы алғанын қайтарып береді. Сол кезде қорасында жүз қойы өзіне қалады.

–Кәдімгі тауарлы несие есебіндегі дүние. Маған да шығын келмейді. Есесіне ауылдасымның алдына мал бітеді. Ауыл тұрғындарының ішінде өз бизнесін бастағысы келетіндер аз емес. Мен қазір оларға несие алыңдар деймін. Бұл арада бөле-жара айта кететін бір дүние, несие алғысы келгендердің кепілдікке қояр мүлкі жоқ. Бұл мәселені былай шешуге болады, – дейді серіктестік басшысы Нартай Жұматайұлы, – әрбір ауылда сол жердің игілігін көріп отырған ауыл шаруашылығы құрылымдары бар емес пе, сол шаруашылық басшылары ілгері ұмтылған адамдардың несиесіне кепілдік қойып берсе, ел еңсесін көтеріп қалар еді. Мен ұзақ ойланып-толғанып осындай шешімге келдім. Ауыл адамдарының қайсының қолынан іс келетінін жақсы білемін ғой. Демеу бізден, даму сізден.

Қайырымдылық деген жақсы қасиет. Осыдан бірер жыл бұрын Көкше өңірінде қыс ішінде қайта-қайта жаңбыр жауып, даланы қалың көк мұз басты. Тісіне тиер бір уыс азық таппаған, көтеремге айналған көп жылқы қырылуға да айналды. Шынын айтқанда, жүген ұстап қалғандар көп болды. Міне, осындай қысылтаяң кезде ел қамын жеген Нартай Жұматайұлы пай иелеріне келер жылғы тиесілі пай үлесін алыңдар, қажет болса, келешектегі екі жылдікін де беремін. Тек малдарыңды аман алып қалсаңдар болды деп жар салған. Бастамаға бірен-саран азаматтар үн қосты. Ең бастысы, төңіректегі ауылдар мал азығын таппай, төрт түлік малы тілін тістеп жұтқа ұшырап жатқанда, серіктестік егін егетін ауылдардың малының жетім тоқты да шығын болған жоқ. Жыл сайын мал жеміне жарайтын астық қалдығын тегін береді, сабаны екі бастан. Серіктестікке тиесілі жайылым мен шабындық жердің игілігін ауыл тұрғындары көріп отыр.

–Газет жаздырып берудегі ой, ауыл тұрғындарын рухани кемелдендіру жағын ойлағандықтан, – дейді серіктестік басшысы, – өзім дәмдес ағайынды омыртқаға шақырғанда тарту-таралғыға кітап сыйлаймын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны өте дұрыс болды. Игілік атаулының барлығы құрыш қолды жұмысшылардың еңбегі екендігі даусыз.

Ауыл тұрғындары әрқилы кәсіпті игеруде. Айдос Шайх қаз бағады. Бұл кәсіпті биыл бастаған. Алғашында көп ойланып-толғанса керек. Алдымен орын дайындапты. Қазға керегі су мен шөп. Бескөл құс фабрикасынан бір күндік 500 балапан сатып алған. Дәрі-дәрмегін, азығын уақытында беріп, көздің қарашығындай күтіп баптағаннан кейін шығын жоқ. Қазір Көкшетау базарларында қаз сатыла бастады. Келісі 3000 теңгеден. Ал, Айдос Әбілұлы балапанды 1800 теңгеден алған. 500 балапан күніне 250 келі астық қалдығын жейді екен. Астық қалдығының тоннасы 30 мың теңге.

–Алдағы уақытта құс фабрикаларынан жұмыртқа сатып алып, өзіміз инкубаторда бастыруды ойластырып отырмыз, – дейді Айдос Әбілұлы, – бұл бізге әлдеқайда арзанға түседі. Қазірдің өзінде алушылар хабарласып жатыр. Қаздың жүнін жұлу да қиын шаруа емес екен. Арнайы бригадалар бар. Оларға керегі қаздың жүні. Айтқан уақытында келіп, барлық қазыңды сойып, жұлып, ұйтып береді. Қыста бройлер тауығын бағамыз деп дайындалып жүрміз.  Жұмыс істеймін деген адамға ауылда табыс көзі жетерлік.

Ендігі бір кәсіпкер Орал Серғазинов жұмысын қой өсіруден бастаған. Қорасындағы бес-он бастан отар өргізу оңай шаруа емес. Бір досы елу бас еділбай қойын беріпті. Шарты былай, екі жылдан соң елу басын қайтарып алады. Ал, төлі қорада қалмақ. Алғашқы екі жыл шығынсыз өткен. Елу бас қойдың соңынан 120 бас төлі ерген. Ісінің өрге домалағанын көрген малсақ жігіт демеу болған ағайынынан қойларыңды тағы бір жылға қалдыршы деп өтініш жасаған. Атымтай жомарттық танытқан ағайын оған да көніпті. Үшінші жылы ризашылығымен алғашқы елу бас қойдың соңына 40 тоқтысын ертіп қайтарып берген.

Биыл омарта ұстауға көшкен. Бұл төңірек көк майсасы жайқалған құнарлы өлке. Алғашқы жылы бес ұя омарта ұстапты. Тәжірибесі болмағандықтан, Дәурен Қанафин есімді кәнігі омарташының соңынан ерген, қыр-сырын үйренген. Әр омартаға 25 мың теңгеден шығын шығарған. Аналығын сатып алуға, дәрі-дәрмегіне, азығына. Күзде санап отырса, бал арасының арқасында миллионнан артық табыс тапқан. Айтуына қарағанда, есебі былай, бір ұя алпыс литр шамасында бал берген. Бір литр бал 1,5 келі төңірегінде. Ал, балдың құны базарда келісіне 3500 теңгеден. Арадан да осынша табыс табуға болатынына көзі жеткен кәсіпкер алдағы жылы ұя санын оннан асырмақ.

–Қазір ауыл  тұрғындары кәсібін дөңгелетуге қолайлы жағдай туып отыр, – дейді ел ағасы Қабиден Емматов, –  өзім балаларыммен бірге 300-ден астам қой бағамын. Сиырым, жылқым бар. Мал азығын өзіміз дайындаймыз. Жер жеткілікті. Нартай Жұматайұлы облыстық мәслихаттың депутаты болып жүргенде осы төңіректегі ауылдардың жерін әлдебір кәсіпкер банкке кепілдікке қойып, миллиондаған несие алып, егін екпекші болған. Соңында банкротқа ұшырады, егін егілмей қалды. Басқасын былай қойғанда, тауыққа да жем таба алмадық. Кейін халық қалаулысы барлық құжаттарды зерттеп, адвокат жалдап, заңсыз қойылған жерді халыққа қайтарып берді. Соның арқасында тұрғындар тиесілі пай үлесін алып, төрт түлік малын бағып, күн көрісін жөндеп алды.

Шіркін, әр ауылда ел еңсесін көтеретін осындай бір азамат болсайшы.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар