Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында азамат Х.-ның «Әскери бөлім» РММ-ның тұрғын үй төлемдерін тоқтатуын заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс қаралды.
Сот анықтағанындай, 2021 жылы гарнизонның тұрғын үй комиссиясы Х.-ны тұрғын үйге мұқтаж деп танып, оған тұрғын үй төлемдері тағайындалған. Бұл төлемдер 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін төленіп келген. Алайда, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап төлемдер тоқтатылған. Осыдан кейін Х. тиісті басқарма мен әскери бөлімге төлемдердің тоқтатылу себептерін түсіндіру және берешекті өтеу туралы өтінішпен жүгінген. Жауап ретінде төлемдерді қайта бастау үшін қосымша құжаттар қажет екені хабарланған. Х. бұл құжаттарды ұсынғанымен, оның талаптары қанағаттандырылмаған.
Кейін Х. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне шағымданды. Онда оған 2023 жылдың қыркүйек айында басқа елді мекеннен тұрғын үй сатып алуына байланысты төлемдер жүргізілмейтіні айтылды.
Бірақ, істі қарау нәтижесінде сот келесі тұжырымдарға келді: Х. әскери қызмет өткеріп жатқан жерінде тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген. Төлемдерді тоқтату туралы әкімшілік акт шығарылмаған. Құжаттарды ұсынбау төлемдерді тоқтатуға негіз болып табылмайды.
Сот талапкер Х.-ның талабын қанағаттандырып, «Әскери бөлім» РММ-ның тұрғын үй төлемдерін тоқтату әрекеті заңсыз деп танылды. Сонымен қатар, Х.-ның пайдасына өкіл мен нотариус қызметтеріне жұмсалынған сот шығындары өндірілді. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
![]()

