Шоқан әлеміне жасалған рухани саяхат

Таным

Биыл қазақ ғылымының жарық жұлдызы, көрнекті ғалым, этнограф, саяхатшы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына 190 жыл толып отыр. Ұлтының рухани көкжиегін кеңейтіп, ғылымға тың тыныс әкелген тұлғаның мерейтойы ел көлемінде кеңінен аталып өтуде.

Осы игі шаралар қатарына Жарқайың аудандық орталық кітапханасы да өз үлесін қосып, А.Үкібаев атындағы орта мектептің оқушыларымен бірлесе отырып, «Шоқан әлеміне саяхат» атты мазмұнды әдеби-танымдық кеш ұйымдастырды.

Кештің басты мақсаты жас ұрпақты ұлы Шоқан мұрасымен жақынырақ таныстыру, ғылымға қызығушылықты арттыру және зерттеушілік ой-танымды дамыту десек қателеспейміз. Әдеби кешке қатысқан оқушылар бұл күні жай ғана тыңдаушы емес, нағыз жас ғалымдар бейнесінде сахнаға шықты. Олардың ізденімпаздығы мен таудай талабы әр кезеңнен анық байқалды.

Алғашқы бөлім «Жылдам сұрақтар жарысы» деп аталды. Жүргізуші командаларға Шоқанның өмірі мен ғылыми жолына қатысты сұрақтар қойып, қатысушылардың білім деңгейі, шапшаңдылығы мен жинақылығын сынға салды.

Оның барысында ғалым бабамыздың туған жылы, білім алған ортасы, Қашқария экспедициясы, зерттеген салалары, бәрі қамтылды. Оқушылардың іркілмей берген нақты жауаптары олардың дайындық деңгейінің жоғарылығын айқын көрсетті.

Келесі кезең – қатысушылардың қиялы мен көркемдік талғамын ашқан шығармашылық тапсырма. Әр команда сурет өнерінен Шоқан салғандай, қазақ тұрмысынан бір көрініс салуы тиіс болды. Киіз үй, жылқы, батыр бейнесі, табиғат көрінісі тақырып еркін. Өз қалауыңыз біледі. Бұл кезеңде неғұрлым суреттің көркемділігі емес, идеяның нақтылығы мен жылдам орындалуы бағаланды. Оқушылардың әрқайсысы қазақ даласына тән бояуларды қиялмен қағазға түсіріп, өз командасын алға жетеледі.

Үшінші бөлім көңілді әрі серпінді ойынға ұласты. Қатысушылар кәртішкедегі көріністерді сөз қолданбай, тек ишарамен көрсетуі қажет болды.

Атпен жүрген Шоқан, кезекті еңбегін жазып отырған ғалым, картаға үңілген ғұлама зерттеуші, қазақ даласынан шыққан жас офицер бейнесі бәрі де шынайы сомдалды. Көрермендер дуылдатып қол соғып, қатысушылар тапқырлығына тәнті болды.

Кештің соңғы кезеңінде экранда әріптері аралас сөздер беріліп, қатысушылардан оларды ретке келтіріп, Шоқан өміріне қатысты ұғымдарды табу талап етілді.

Оқушылар: Шоқан, Омбы, Қашқария, география, Абылай сияқты сөздерді тез әрі дәл тауып, зеректіктеріне тағы бір мәрте шүбә келтіртпеді. «Шоқан әлеміне саяхат» кеші балаларға XIX ғасырдың рухани тынысын сездіріп, ұлы ғалымның дүниетанымы мен ғылымдағы таудай еңбегіне терең үңілуге мүмкіндік берді. Оның ерте есейген даналығы, ғылымға адалдығы, туған халқының мәдениеті мен өмірін зерттеуге деген шексіз құштарлығы – жас ұрпақ үшін қашанда өнеге екендігі осы жолы жарқырап және бір көрінді.

Бұл кеш тек ойын түрінде өткен шараға емес, жас ұрпақ үшін білімге бастар құтты жол, зерттеу, іздену, қиыннан жол табу дағдысын қалыптастыруға арналған соны бір қадам. Ең бастысы, Шоқандай дара тұлғаның өнегелі өмірінен мол тағылым алып, ел тарихына деген құрмет пен ғылыми ізденіс жемісін бойларына дарытты.

Н.БӘКІР,
Жарқайың аудандық орталық кітапханалар жүйесінің әдіскері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар