БӘРЕКЕЛДІ!
Қырыққұдық ауылындағы «Сұңқар» мәдени-спорт кешені облыс деңгейіндегі іс-шаралар өтетін орынға айналған.
Ол Степногорск өңірі үшін маңызды қоғамдық орталық ретінде қалыптасып келеді. Кешеннің спорт залында мектеп оқушылары арасында волейбол және үстел теннисі бойынша жарыстар өтті. Жарысқа көрермендер көп жиналды. Ата-аналар мен ұстаздар балалардың спорттық іс-шараларға белсенді қатысатынын, ал «Сұңқардың» оларды өткізуге барлық жағдай жасайтынын айтады.
Кешкісін осында өткен «Дала серпіні» концертінде Шортанды, Зеренді, Қорғалжын және Аршалы аудандарынан, сондай-ақ, Көкшетау қаласы мен Степногорскінің өзінен шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздар өнер көрсетті. Шағын ауыл үшін бұл да айта жүрерліктей үлкен оқиға.
– Біз «Сұңқардың» ауыл тұрғындарының басын қосатын, оларға мол мүмкіндіктер сыйлайтын кеңістікке айналғанын көріп отырмыз. Мұндай облыстық деңгейдегі іс-шараларды жергілікті халық қызу қолдай түсуде, – дейді мәдени-спорт кешенінің меңгерушісі Мейрамгүл Қонақбай.
Степногорск қаласының құрамына кіретін Қырыққұдық тұрғындарының өздері де бұл оң өзгерістерді жақсы жағынан атап өтуде. Мәселен:
– Ауылға мұндай кешен өте қажет еді. Мұнда концерттер өтеді, жастар спортпен шұғылданады. Осылайша «Сұңқарымыздың» маңызды оқиғалардың орталығына айналып жатқаны қуантады, – дейді ауыл тұрғыны Мұратбек Хабит.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бағдарламалар алдағы уақытта да тұрақты түрде қолға алынып тұрмақ. Қырыққұдық тұрғындары «Сұңқардың» айналасындағы белсенділік артып, кешеннің өңірдің негізгі мәдени және спорттық нысандарының біріне айналатынына сенімді.
Жалпы, бұл ғимаратта волейбол, баскетбол, футбол, жеңіл атлетика және таэквандо бойынша жаттығуға арналған спорт залы мен акт залы, шахмат пен тоғызқұмалаққа арналған бөлмелер, сондай-ақ, кітапхана бар. Спорт секцияларында шамамен 120 адам, ал, вокал, би, домбыра және фортепианодан тұратын шығармашылық үйірмелерге 70 адам қатысады. Сондай-ақ, аға буын өкілдерінің де осында келіп, бос уақыттарын пайдалы өткізулеріне тиісті жағдайлар қарастырылған.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Степногорск қаласы.
![]()

