Ақмола облысы бойынша 2025 жылғы өрт қаупі артатын жазғы маусымның қорытындылары мен келер жылғы осындай маусымға дайындық мәселесі жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг болып өтті.
Ол үшін Ақмола облыстық орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының ерекше қозғалатын табиғи орман аумақтары бөлімінің басшысы Абзал Құсайынов пен «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны солтүстік тобының командирі Дастан Әбдірахманов сөз алды.
Ақмола облысы 14 жарым миллион гектардан астам аумақты қамтиды. Оның ішінде орман қоры жерлері 1 миллион гектардан астам. Қылқан жапырақты ағаш түрлерінің үлесіне 50 пайыздан астамы тиесілі. Өңірде 23 мемлекеттік орман иеленуші бар. Атап айтқанда, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының 13 мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесі, 3 мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жұмыс істейді.
Биыл 25 орман өрті тіркеліп, оның басым көпшілігі орманды алқапта орын алды. Келтірілген залал сомасы 2 миллион теңгеден астам, ал, оны сөндіруге кеткен қаржы 1 миллион теңгеге тарта. Былтырғымен салыстырғанда өрт шарпыған орманды жерлердің ауданы 36 гектарға өсіп кеткен. Облыс аумағында орман өрттері орын алған жерлер қатарына «Бұқпа», «Ерейментау», «Кеңес», «Краснобор», «Куйбышев», «Маралды», «Отрадное» мемлекеттік мекемелері кіреді. Орын алған 25 орман өртінің негізгі себептері – найзағай түсуінен, дала өрті, тұрғындардың кінәсінен және өзге де белгісіз жағдайлар. Себебі, анықталмаған 12 орман өртінің деректері құқық қорғау органдарына жолданды. «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында бір өрт оқиғасы бойынша жеке тұлғаға 200 мың теңгеге жуық сомада айыппұл салынған.
Орман өртіне жол берушілерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Мемлекеттік орман күзеті биыл да өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Өкінішке орай, орман күзеті мамандарының 90 пайызы хаттамаларды рәсімдеу дағдыларын меңгермеген. Сондай-ақ, инспекция өрт қаупі маусымы ішінде орман қорындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 367-бабының 1 және 3-бөліктері бойынша 28 лауазымды, 2 жеке және 19 заңды тұлғаны жалпы сомасы 3 696 080 теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартты.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» акционерлік қоғамының ғарыштан орман өрттерін мониторингілеу нәтижесінде 5 орман өртін жасыру фактісі анықталды. «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің тікұшақтары маусым ішінде орман өрттері мен басқа да бұзушылықтарды анықтау мақсатында 630 сағатқа тарта уақыт әуеде болды. Сол арқылы 9 өрт ошақтары анықталды. Өткен өрт қаупі артатын жазғы маусымда мемлекеттік орман қорының аумағында өртті сөндіру кезінде адамдардың жарақат алуы және қаза болуы жағдайлары, сондай-ақ, жабайы жануарлардың өлімі, техника мен жабдықтардың зақымдану фактілері анықталған жоқ.
Инспекция Қазақстан Республикасының орман заңнамасының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған осы қызметін одан әрі де мақсаткерлікпен жүзеге асыратын болады.
2026 жылғы өрт қаупі кезеңіне дайындық бүгіннен басталған деуімізге болады. Штат 100 пайыз жасақталған. Қызметкерлер міндетті медициналық комиссиядан, жыл сайынғы кәсіби дайындықтан өтіп, тиісті емтихандарды тапсырады. Қысқы кезеңде техникаға ағымдағы жөндеу және жетіспейтін жабдықты толықтыру жүргізіледі. Келесі жылы Ақмола облысында «Жасыл Аймақ» аумағындағы жұмыстарды орындау үшін қосымша авиациялық бөлімше ашылады. Жаңа бөлімшені қосқанда, келер жылға орман алқаптарын әуеден шолуларға жалпы, бір мың жүз қырық сағат бөлінген.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

