Ш.УӘЛИХАНОВ – 190
Қазақ халқының ұлы ғалымы, саяхатшы әрі ағартушысы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың 190 жылдығына орай, облыс орталығы Көкшетау қаласының құрамына кіретін Краснояр ауылының үлгілі кітапханасында тағылымы терең тақырыптық кеш ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты Шоқанның өмірі мен ғылыми мұраларын кеңінен насихаттап, жас ұрпақ санасына сіңіру, сондай-ақ, ғалымның өнегелі жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету болып табылады.
Кеш барысында ғалымның көп қырлы болмысы мен ғылымға қосқан өлшеусіз үлесі жан-жақты ашылды деп сеніммен айтуымызға болады. Жиналғандар алдында шараға арнайы шақырылған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, Аманай Сейітқасымов мазмұнды баяндама жасап, Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми мұрасының маңызына тоқталды. Ол Шоқанның ғылымның сан түрлі саласына қосқан жаңашыл ойларын, этнографиялық жазбалары мен тарихи зерттеулерінің ерекшеліктерін айта келе, ғалымды әлемдік деңгейдегі тұлғалардың қатарына қосты.
Сонымен қатар, Краснояр №3 көп салалы мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Ренат Нұралинов Шоқан Уәлихановтың аты аңызға айналған Қашқария сапары туралы тың деректерге толы баяндама оқыды. Ол да Шоқанның бұл сапардағы ерлігі, ғылыми батылдығы мен шығыстану ғылымына қосқан үлесін өз баяндамасында кеңінен ашып көрсетті.
Шара барысында №1 орта мектептің тарих пәнінің ұстазы Жанель Бадымова «Шоқан мұрасының ұрпаққа берер өнегесі» атты баяндама жасап, ғалымның білімге асқан құштарлығы, азаматтық биік ұстанымы мен елге, ұлтқа қызмет етудегі биік мұратын жастарға үлгі етіп жеткізді. Оның сөзінде Шоқанның рухани мұрасын мәңгі қастер тұтудың және оны қазіргі буынға жеткізудің айрықша маңыздылығы атап өтілді.
Кештің ең тағылымды сәттерінің бірі осы шараға Шоқан Уәлихановтың аталас туысы Кеңес Қоқышевтың қатысып, сөз алуы болды. Ол өзімен бірге жеке мұрағатында сақталған әулет шежіресін, Шоқанның әкесі Шыңғыс сұлтанның және әжесі Айғаным ханымның сирек кездесетін портреттерін алып келіп, оқырмандармен құнды деректерге толы әңгіме өрбітті. Осының арқасында қатысушылар тарихи жәдігерлерді көзбен көріп, Шоқан әулетінің мәдени мұрасымен жақынырақ танысты.
Шара соңында кеш қатысушыларының назарына кітапхана қызметкерлері Шоқан Уәлихановтың өмірі мен еңбектеріне арнап дайындаған кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеде ғалымның еңбектері, зерттеулері және өмір жолына қатысты әдебиеттер қойылып, оқырмандарға және бір рухани азық сыйлады.
Аталмыш тақырыптық кеш ұлтымыздың асыл да аяулы перзенті Шоқан Уәлихановтың рухани мұрасын ұлықтаған тағылымды бас қосу болды. Ұлы ғалымның ғылымға деген шынайы құштарлығы мен өз ұлтына қызмет ету жолындағы зор еңбегі өскелең ұрпаққа әрқашан үлгі болары сөзсіз.
Гүлжанар БОДАУБАЙ,
Краснояр үлгілі кітапханасының меңгерушісі.
Көкшетау қаласы.
![]()

