ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ
Осы қызметке келгелі архивте сақталған газет беттерін ақтара отырып, тағдырдың тәлкегіне түскен алдыңғы ұрпақ жайлы біраз мақалаларды оқып, ой елегінен өткіздім.
Өткен ғасырдың бірінші ширегінде туып, ғұмыр сүрген толқын ерекше уақытта өмір кешіп, соғыс жылдарының ауыр тауқыметін, тың игерудің аласапыран жылдарын иықтарымен көтеруге мәжбүр болды. Бұл ұрпақ өкілдері елуінші-алпысыншы жылдардың жылымығын да, тоқырау кезеңі деп аталған жетпісінші жылдарды да, одан кейінгі қайта құру мен егемендік жылдарын да бастарынан өткерді. «Ұстараның жүзіндей, сан құбылған дүние» деп халқымыз айтқандай, бірнеше ұрпақтың ғұмырына жететін сол заман тауқыметі осы ұрпақтың пешенесіне молынан тиді. Дей тұрсақ та, солардың арасында көзден кеткенімен, көңілден кетпейтіндері бар. Осындай ел ағаларын жиі еске алып, жеткен жетістіктерін, ақыл сөздерін, салауатты да өнегелі өмір жолдарын өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі етіп, қызметтестері мен туған-туыстарының есінде қайта жаңғыртып қою кейінгі ұрпақтың парызы десе де болады. Сондықтан да, бүгінгі әңгімеміз табиғатынан аса таза, жаратылысында аса тектілік бар, рухани-адамгершілік қасиеті мол, көңілі кең, дос-жарандарының жүрегіне өшпестей із қалдырып, жадында жатталып қалған жандардың бірі Өсімжан Уәйісов ағамыз жайлы болмақ.
Ол кісі өзінің өмірбаянын былай деп еске алады. «1931 жылдың 5 қарашасында Шоққарағай ауылында дүниеге келдім (кейін «Туражол» колхозы). Әкем Уәйіс Күшікбайұлы, анам Айтжан Есмағзамқызы. Туған күнім мен жылымды арнайы туу туралы куәлігім болмағандықтан, аудандық паспорт столында ауызша айтқанмын, онда 1932 жыл 15 маусым деп жазылған. Шындығын кейін шешемнен сұрап отырып білдім. Туған күнімді шешем «күзгі бірінші қар жауған күн еді, ертеңіне, басқа ауылда тұратын ағайындар қуанышқа қайырлы болсын айтуға аттарын шанаға жегіп келіпті» дейтін. 1958 жылы Алматының мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін бітіріп елге келерде, Көкшетауда поездан түскенінде, вокзалдағы газет сататын киоскіде тұрған «Агроклиматический справочник по Кокчетавской области» деген кітапша көзіме ерекше ұшырай кетті де, сатушыдан «Маған беріңізші, қанша тұрады?» деп сұрап едім, «ол сатылмайды, бірақ, алыңыз» деп маған кітапты ұстатты. Сол кітап осы күнге дейін менің күнделікті жан серігім. Топырақ пен жайылым, өзен-көл, табиғат, қай жылы қандай өзгеріс, тіпті, өзімнің туған күнімді де содан таптым. Туған жылым әкемнің қойын кітапшасында жазылып қалыпты. Шешемнің де бірінші қар жауған күн дейтіні айна-қатесіз екен. Сол Көкшетауда сыйлаған кітапшадағы Айдабол спирт зауытының метеопостының мәліметінде 5 ноябрь күні -5 суық болып, қар жауыпты.
Осы арада, әкем туралы аз ғана мәлімет. Әкем Уәйіс Күшікбайұлы 1877 жылы дүниеге келген. Әке-шешесі екеуі де бала кезінде о дүниелік болып, 12 жасқа дейін ағайын арасында жетім бала атанып жүреді. Одан әрі патшаның жарлығымен Омбы қаласында фельдшерлік-акушерлік және орысша-қазақша тілмаштық оқу ұйымдастырылып, соған әр болыстан бір баладан оқуға жіберуге бұйрық келіп, ел ақсақалдары орыс болып, шоқынып кетеді деп өз балаларын жібермей, жетім бала ғой деп әкемді жіберіпті. Сонымен, әкем оқуын бітіріп келіп, алғашқы кездерде байларға тілмаш болып, кейін Айдабол спирт зауытында тілмаштық қызметте болады. 1931 жылы елде егін шықпай, үсікке шалдығып, малдары орталыққа алынып, күйзеліс, аштық, аурудың неше түрі тарайды. Сол жылы күздігүні әкем кешке қарай жұмыстан үйге келгенде, шешем сол кездегі елдің басшылары біздің атты сойып, етін өзара бөлісіп алғанын айтады. Әкем сол күні түнде ешкімге білдірместен Омбыға жол жүріп, Есілкөл ауданының дәрігерлігіне жолдама алып, 1935 жылға дейін сол жақта қалып қойған. Тек кейін Зеренді аудан болғасын елге оралып, дәрігерлік жұмысын осы жақта жалғастырады.
Бұдан кейінгі жылдар баршаға белгілі. Соғыстың әлегі, халықтың күйзелген уақыты, одан тың игеру. Туражол ауылында 4-жылдық бастауыш мектеп болды. Баймұрат Азнабаев, Кенжеболат Әбілпейісов, Тоқпай Темірғалиев, мен, бәріміз Қарашілік орта мектебін бітірдік. Сол жылы Алматының мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына оқуға түстім. «Топырақтану» кафедрасынан арнайы тақырып алып, кафедра мұғалімі, академик Ш.М.Чултуровтың ассистенті Қайырбек Байтқановтың жетекшілігімен Ақмола облысының Жақсы ауданындағы «Энтузиаст» совхозында 1957 жылы жазғы бидай мен жүгеріні көктемде сепкеннен күзде орғанға дейін лабораториялық зерттеу жұмыстарын жазып, диплом қорғадым. Сөйтіп ол диплом жұмысыма ең жоғары бестік баға алдым. Міне, содан бері бар саналы ғұмырымда осылай басталған агрономиялық жұмыспен айналысқаныма өкінбеймін».
Иә, Өсімжан аға бойындағы бар білімі мен қабілетін өзі өмірден таңдап алған осы мамандығы арқылы қоғамның дамуына бағыттады. Иниститутты аяқтағасын 1958 жылы Зеренді ауданының «Красный Октябрь», 1959 жылы «Большевик» колхозында, ал, 1961 жылы «Зеренді» совхозында агроном болып істеген. Кейін осы шаруашылықта бас агроном болды. 1969-1985 жылдары 16 жыл бойы Қазақ КСР-інің 40 жылдығы атындағы совхозда бас агроном қызметін атқарды. Викторовка астық қабылдау пунктінің басшысы, жеміс-жидек бағының меңгерушісі қызметінде істеді. 1992 жылдан зейнеткерлікке шыққан Өсімжан ағамыздың аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы болып жүрген кездегі жетістіктері аудандық «Коммунизм таңы» – «Заря коммунизма» газетіндегі мақалада былай деп суреттеледі: «Жақында бұл жерде бос алаңқай болды. Бірақ, адамдар бұл жерге көкөністер егуді бастады. Осы жылы «Зеренді» совхозында 32 гектар жер игерілді. Қазір егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Қырыққабаттың үлкендері жинақталып, пияз бен сәбіз сұрыпталады. Көкөністер бірден көлікке тиеліп, егіс даласынан шығарылады. Қазіргі өнім көкөніс өсірушілерді қуантады. 1 гектар жерден жоспарланған 70 центнердің орнына 105 центнер қызанақ, 115 центнер сәбіз, 86 центнер асханалық қызылша алынды. 1 қазандағы есеп бойынша көкөніс өсірушілер қызанақ өндіру жоспарын 200 пайызға, қиярды 203 пайызға, ал, сәбізді 140 пайызға орындады. Басқа дақылдардан да жақсы өнім алынды. Қазір көкөністерді жинау аяқталуға жақын. «Зеренді» совхозының көкөніс өсірушілері мемлекетке ондаған тонна құнды ауыл шаруашылығы өнімдерін тапсырды».
Бұдан көретініміз, Өсімжан ағамыздың басшылығымен шаруашылық агрономдары егістікті дұрыс күтіп, баптаудың арқасында жоспардан екі есе көп өнім алуға қол жеткізген.
Осы газеттің сол жылдардағы және бір санында бас редактор Баймұрат Азнабаевтың «Жаңа озық тәжірибе» атты мақаласы Өсімжан Уәйісұлын мына қырынан сипаттайды.
«Бүгінгі таңда совхоздарда, кәсіпорындар мен ұйымдарда орта және жоғары буын мамандардың үлкен тобы жұмыс істейді. Қазір ауылдағы өндірістің барлық салаларын тәжірибелі, білімді адамдар басқарады. Олардың өз міндеттерін қалай түсінетіндері, өндірісті қалай жүргізетіндері, еңбекті ғылыми ұйымдастыруда неге арқа сүйейтіні көп нәрседен байқалады. Қазақ ССР-інің 40 жылдығы атындағы совхозда Өсімжан Уәйісов бар болғаны екі жыл бас агроном болып жұмыс істейді. Шынын айту керек, өте нәтижелі жұмыс атқаруда. Ол өзін тек білікті маман ретінде ғана емес, өндіріске бар күш-жігерімен бойлайтын, жақсы ұйымдастырушы ретінде көрсетті. Үнемі дақылдардың өнімділігін одан әрі арттыру жолдарын іздеп, тәжірибелік жұмыстар жүргізеді. Соңғы жылдары ол жаңа сорттарды зерттеу бойынша үлкен бастама көтеруде. Біздің аймақ үшін құнды «Альбидум-24» бидай сортын көбейту бойынша маңызды жұмыс жүргізілуде, ол «Безенчук-98»-ге қарағанда ерте піседі. Сонымен қатар, мал бордақылауға арнайы шөп тұқымдарын өсіруге баса назар аударады, осындай зерттеп, зерделеудің арқасында мал жайылымдары да жақсарды. Бұл айтарлықтай өз жемісін берді. Тек өткен жылы ғана шаруашылықта 1300 гектар өнімділігі төмен жайылымдар түбегейлі жақсартылды. Нәтижесінде мұнда гектардан 20 центнерден өнім алынды, ал, бұрын табиғи шабындықтардан небары 2,1 центнерден өнім жиналатын…»
Өсімжан ағамыз ауданның бас агрономы болған кезде Мәлік Ғабдуллин совхозына агроном болып келген Өмірбек Жауғашыұлы былай деп есіне алады: «Ол кезде менің жаңа ғана оқу бітіріп келіп, жұмысқа орналасқан жас маман кезім. Өсімжан аға өте-мөте жүрегі кең, тамаша адам болды. Ол кезде ауданда басшылықта да, былай да орыс ұлтының өкілдері көп болатын. Қызметте қазақ жігіттері аз еді. Болса дағы көбі сол ұлт өкілдерінің сөздерін сөйлеп кететін. Сондайда жұмыс барысында Өсімжан ағамыз дұрыс-бұрысын айтып, үйретіп отыратын. «Жұмысты дұрыс, адал істеңдер, басқаларға таба болмайық» дейтін. Ол кісі қазақ жігіттерінің қызмет баспалдағымен көтерілгенін ұнататын. Ол кезде ауданда мықты агрономдар көп болды. Сол мықтылардың ішіндегі ең мықтысы осы Өсімжан аға еді. Әсіресе, Викторовканың өзге ұлт өкілдері ол кісіні әділдігі үшін қатты сыйлайтын. Совхоздағы бау-бақшаның жеміс-жидегі бүкіл Зерендіге жететін. Ал, егіндері болса, үнемі мол өнім беретін. Аудан бойынша көктемгі егістен кейін совхоздар бір-бірінің егістік алқаптарын тексеретін. Сонда біздің аудан тек жақсы жағынан көрінетін…»
Міне, аудан тарихында елеулі еңбегі, қайраткерлік қызметімен аты қалған ауыл шаруашылығы саласының ардагері өз заманында талай марапаттың иесі де атанды. Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысты, омырауына «Ерен еңбегі үшін» медалін тақты, басқа сый-сияпаттан да кенде қалмады. Аталмыш сала бойынша жылдар бойы табанды еңбек етіп, сол саланың өркендеуіне зор үлес қосқан ағамыз былтыр тоқсанның үшеуінде о дүниелік болды. Халқымыз қашанда дария көңіл, кең кеуде қарттарымен мақтана білген. Біздің Өсімжан ағамыз да көзі тірісінде сондай беделден кенде емес еді.
Назипа апа екеуі отбасында Алма, Жангелді, Бағдат, Ләззат, Мәрлен есімді ұл-қыздарын өсіріп, оларға жоғары білім беріп, үлгі-өнегесі мол шаңыраққа айналды. Бұл күнде шоқ жұлдызды, тәрбиелі отбасында өскен балалары мен немере-жиендері де асқар тау әкелерін, аталарын үлгі тұтып, сол кісіге ұқсап бағуда.
Тілеген СЕЙФУЛЛИН,
Зеренді аудандық мемлекеттік архивінің директоры.
![]()

