БАЙҚАУ
Қараша айында Көкшетау қаласында мектеп педагогтарының кәсіби шеберлігін арттыруға, оқушылардың азаматтық-рухани құндылықтарын нығайтуға бағытталған «Әділдік және жауапкершілік» тақырыбында «Үздік тәрбие сағаты»қалалық байқауы ұйымдастырылды.
Байқаудың негізгі мақсаты – жас ұрпақ бойында әділдік, адалдық, жауапкершілік секілді рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда жаңа тәсілдерді қолдай отырып, мұғалімдердің озық тәжірибесін анықтау және тарату. Байқауға облыс орталығының 27 мектебі толық қатысты. Бірінші кезеңде қатысушылар өздерініңбейне форматтағы тәрбие сағаттарын ұсынды. Қазылар алқасы ұсынған материалдарды саралай келе, олардың мазмұны, әдістемелік ерекшелігі және оқушыларды тарта білу деңгейіне назар аударып, 10 үздік мектепті іріктеп алды. Аталған мектептер байқаудың 2-ші кезеңіне жолдама алып, өз жұмыстарын офлайн форматта қорғады.
Байқау барысында қазылар алқасы мұғалімдердің шығармашылығына, оқушылардың белсенділігіне, тәрбие сағатының мазмұндық тереңдігіне және әдістемелік жаңашылдығына ерекше назар аударды. Қатысушылардың көпшілігі әділдіктің тұлғалық дамудағы рөліне тоқталып, жауапкершілік кез келген жетістіктің басты кілті екенін көрсете білді. Шараға қала мектептерінен тәжірибелі мұғалімдермен қатар, жас ұстаздар да қатысып, заманауи форматтағы тәрбие сағаттарын ұсынды. Әр қатысушы жасөспірімдерге қоғамдағы әділдік қағидалары, өз ісіне жауапкершілікпен қарау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, адам құқығын құрметтеу сынды маңызды тақырыптарды түрлі интерактивті әдістер арқылы жеткізді.
Тәрбие сабақтары пікірталас, жағдаяттық ойындар, ой сергіту жаттығулары, қысқа бейнероликтер мен сахналық көріністер арқылы мазмұнды әрі тартымды етіп ұйымдастырылды. Қорытынды кезеңде мұғалімдердің жаңашылдығы, шығармашылық көзқарасы, тәрбие сағатының тәрбиелік мәні мен оқушыларға әсері жан-жақты бағаланды. Нәтижесінде:бірінші орындыәл-Фараби атындағы IT мектеп-лицейі, 2-ші орынды№14 жалпы орта білім беретін мектебі және 3-ші орынды Краснояр ауылының № 2 жалпы орта білім беретін мектебіиеленді.Жеңімпаздарға дипломдар мен алғыс хаттар табысталды. Шараға қатысқан барлық мектептер белсенділік танытып, әділдік пен жауапкершілік құндылықтарын оқушылардың бойына сіңіруде жоғары кәсіби деңгейлерін көрсетті.
Көкшетау қаласында өткен бұл байқау – жас ұрпақтың бойында әділдік пен жауапкершілік ұстанымдарын терең сіңіруге арналған маңызды қадамдардың бірі. Шара алдағы уақытта да жалғасын тауып, білім беру ұйымдары арасында ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың жақсы алаңына айналады деп сенеміз.
Бақытгүл ДОЛАЙҚЫЗЫ,
Көкшетау қалалық білім бөлімінің тәрбие ісінің әдіскері.
![]()

