Тіл үйретуде озық әдістерді игерудеміз

Біздің тілдерді оқыту орталығының негізгі міндеті Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру. Біз қала тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мемлекеттік және ағылшын тілдерін сапалы меңгеріп, оларды кәсіби және күнделікті қызметінде сенімді қолдана алуы үшін барлық жұмыс атқарудамыз.

Бүгінде тілдерді меңгеруде ең жоғары сұраныс дәстүрлі түрде мемлекеттік тіл курстарына тиесілі. Олар қарапайым, базалық және жоғары үш деңгей бойынша өткізіледі. Сонымен қатар, ағылшын тілін меңгеруге деген қызығушылық та жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 жылы 706 тыңдаушы білім алды, оның 304-і қашықтан оқыды. 2025 жылы бұл көрсеткіш 729 тыңдаушыны құрап, 281-і қашықтан білім алды. Сұраныс үнемі өсіп келе жатқандықтан, біз тыңдаушылардың қажеттілігін толық қанағаттандыру мақсатында оқу мүмкіндіктерін кеңейтіп келеміз.

Қазіргі заман технологиялары тыңдаушыларға тілді тиімді меңгеруге көп көмегін тигізуде. Біз жасанды интеллект негізіндегі цифрлық құралдарды: VIRBO, WIZER.me, DID, WordWall, Padlet, Edpuzzle, Genially, Vocaroo, Soyle Pro, Educaplay және басқа да білім беру платформаларын белсенді түрде енгізіп келеміз. Бұл ресурстар оқу үдерісін қызықты, интерактивті әрі қолжетімді етеді. Осы платформаларды пайдалану арқылы біз оқу форматын түрлендіріп, интерактивті тапсырмалар дайындаймыз. Смартфон интерактивті тақтаның орнын толықтай алмастыра алады, бұл мобильді әрі икемді оқыту жағдайында өте қолайлы. Цифрлық құралдардың көмегімен тыңдаушылар оқу материалын жылдам меңгереді, мотивациясын жоғалтпай, сабаққа белсенді қатысады. Сонымен қатар, оқытушыларға уақыт үнемдеуге, тыңдаушылардың білімін бақылауға және әрбіріне жеке бағытталған кері байланыс беруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде оқыту үдерісі заман талабына сай, тиімді әрі барынша жетілдірілген сипатқа ие болып отыр.

Биыл орталық қандай нәтижелерге қол жеткізді және ерекше мақтаныш тұтатын жетістіктеріміз қандай десек, бізді нәтижелердің тұрақты өсуі мен оқыту сапасының жылдан жылға артып келе жатқаны қуантады. Биылғы оқу жылында «ҚАЗТЕСТ» негізіндегі емтихан қорытындысы бойынша  мемлекеттік тіл курсын  317 тыңдаушы, ағылшын тілі курсын 81 тыңдаушы сәтті аяқтап,  сертификат алуға мүмкіндік алды. Оның 136-сы мемлекеттік қызметшілер.

Соңғы үш жылда мемлекеттік тілді 882 тыңдаушы, ал, ағылшын тілін 257 тыңдаушы табысты меңгерді. Бұл көрсеткіштер орталығымыздың тілдерді оқытуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін және жүргізіліп жатқан жұмыстың жоғары тиімділігін айқын дәлелдейді.

Жаңа қабылданған тыңдаушылар үшін оқыту курстары арқылы белгілі бір мүмкіндіктерге қол жеткізілуде. Біз жаңа оқу жылының курстарына мемлекеттік және ағылшын тілдері бойынша қабылдауды жалғастырамыз. Курсқа қатысқысы келетін әрбір адам өз білімін жетілдіріп, заманауи оқу материалдарын пайдалана алады, ыңғайлы жағдайда оқып, оқу қорытындысы бойынша өзінің тілді білу  деңгейін объективті бағалай алады. Курсты табысты аяқтаған тыңдаушылар сертификат алады. Бұл құжат олардың біліктілігін растап қана қоймай, кәсіби қызметте қосымша артықшылық береді.

Гүлдана ЕСМУРЗИНА,
Көкшетау қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар