Мәжіліс депутаттарының көшпелі отырысы

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен Қосшы қаласында «Тігінен интеграцияланған агроөнеркәсіп кәсіпорындарының тәжірибесін дамыту және зерделеу мәселелері» тақырыбында комитеттің көшпелі отырысы өтті.

Жиынға Мәжіліс депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, Ақмола облысы әкімдігінің, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының басшылары, агроқұрылымдардың жетекшілері, халықаралық ұйымдар мен салалық қауымдастықтардың сарапшылары қатысты.

Отырысты ашқан комитет төрағасы Серік Егізбаев жиын Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында қойылған тапсырмаларды іске асыруға бағытталғанын атап өтті. Онда ауыл шаруашылығын дамытуда жаңа тәсілдер мен нақты шешімдерге ерекше мән берілгенін айтты.

Елдің әр аймағындағы фермерлер, шаруа қожалықтары, барлығы жүзден астам аграрлық құрылым басшылары көшпелі отырысқа бейнеконференция байланысы арқылы қосылды.

Отырыста Шығыс Қазақстан, Атырау, Түркістан облыстарының кәсіпорын иелері мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының басшылары өз кәсіпорындарының жұмыс барысы, жаңа технологияларды енгізудің жай-күйі туралы баяндады.

Депутаттар мен аграрилер өндіріс процесін цифрландыру, су ресурсын үнемді қолдану және алқаптарды тиімді пайдалану технологиялары, мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктерге қол жеткізу жолдары және басқа да мәселелер бойынша өздерін алаңдатқан сауалдарды ортаға салып, құзырлы мекемелер өкілдері тарапынан тиісінше жауап алды.

Көшпелі отырыс аясында депутаттар Целиноград ауданы Мәншүк Мәметова ауылындағы «Ен-Дала» тауарлы сүт фермасына, Қосшы қаласындағы «Алтын-Қазық» ет және ет-шұжық өнімдер кәсіпорнына, құс етін өндіретін «Aitas Agro» кәсіпорнына, тауық етінен жартылай фабрикаттар шығаратын «Il-Tov» ЖШС-на барып, жұмыс процесімен және қолданылатын озық технологиялармен танысты.

«Арқа ажарының» өз  ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар